18.10.2021, 9:28
Оқылды: 50

Идеология мәселесіне селсоқ қарауға болмайды

Теректі ауданына жұмыс сапарымен «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Табылғали Сапаров келді. Аудан әкімідігінің үлкен мәжіліс залында өткен жиынға аудан әкімінің орынбасары Армат Байғазиев төрағалық етсе, жиынға округ әкімдері, бөлім басшылары және БАҚ өкілдері қатысты.

IMG-20211015-WA0036

Жиын барысында медиахолдинг директоры Табылғали Сатқалиұлы сөз алып, еліміздің Тәуелсіздік жылдарындағы ахуалы, экономикалық жағдайлар  және идеология мәселесіне кеңінен тоқталды.

– Тәуелсіздік – біздің ең үлкен байлығымыз. Әлемдегі жағдайларға көз салсақ, азаттықтың ақ таңына зар боп отырған мемлекеттер бар. Ал біздің еліміз тәу етер Тәуелсіздіктің 30 жылдығын тойлауда. Оның бәрі Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасы. Тәуелсіздігіміз мәңгілік болу үшін біз идеологияға ерекше мән беруіміз керекпіз. Ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу мен ұрпақ санасында жаңғыртудың маңызы ерекше. Бұл жерде республикалық, облыстық, аудандық басылымдардың көтерер жүгін де атап өткен абзал, – деді өз сөзінде «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Табылғали Сапаров.

Одан кейін «Жайық Пресс» ЖШС, Теректі аудандық филиалы, «Теректі жаңалығы-Теректинская новь» қоғамдық-саяси газетінің директор-редакторы Әділет Орынбасаров сөз алып, ағымдағы  жылдың ІІ жартыжылдығы бойынша облыстық және аудандық газеттерге жазылым сараптамасы негізінде баяндама жасады. Ол газеттерге жазылмаған ауылдық округтер мен мекемелерді жіпке тізіп, газет аудандағы әр жанұяға барып тұрудың маңыздылығына тоқталды.

– Газет – халықтың айнасы, қала берді, жергілікті жердің келбеті. Газет бетінде сыни мақалалардан бөлек, пандемия кезіндегі ел ахуалы, сақтық шаралары, вакцинациялау маңызы, елдегі экономикалық, әлеуметтік, рухани игіліктер, қарапайым еңбек адамдарының өмірі көрініс табады. Аудандағы ұстаздардың  ұсынысын жерге қалдырмай, газетте үш аптада бір рет жарық көретін Ұстаздар бетін де аштық. Газет осынысымен маңызды, беделді әрі оқылымды, – деді Әділет Әлібекұлы.

Жиынды қорытындылаған Теректі ауданы әкімі орынбасары Армат Амангелдіұлы І жартыжылдық бойынша газеттерге жазылу басталғанын айтып, округ әкімдері және бөлім басшыларын  аталмыш науқанда белсенді болуға шақырды.

Камелия Өтеу,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале