26.03.2021, 12:23
Оқылды: 40

Иелері жауапсыз болса, итке не өкпе?

Жыл басталысымен өтетін әкімдердің халық алдындағы есеп беру жиындарында көше кезген қаңғыбас иттерді аулау мәселесі жиі көтерілген болатын. Қыруар қаражат жұмсалып, жүздеген жануардың көзі жойылса да бұл мәселе газет бетінен де түскен емес. Себебі көшеде бұралқы ит пен мысық азаяр емес.

IMG_20210319_095747

Биыл жергілікті қазынадан бұралқы иттерді аулау мен жоюға жергілікті бюджеттен 1 млн 731 мың теңге көлемінде қаражат бөлінген. Аталмыш мақұлықтарға қатысты тиісті жұмыстарды жүргізуге енді мемлекеттік сатып алу заңдылығына сәйкес «Қарашығанақ Промсервис» компаниясы жауапты. Олар аудандық ветеринарлық станциясымен өзара 3 жылдық келісімшартқа отырып, аудан көлемінде ит аулау жұмыстарын жүргізбек. Нәтижесінде жыл басталғалы бері әзірге 58 ит биозарарсыздандырудан өткізілген.

Биологиялық зарарсыздандыру дегеніміз – қысқаша айтқанда бұралқы иттер мен мысықтарды аулап, ұрықсыздандыру және стерильдеу жұмыстарын жүргізу. Бұған дейінгі заңнамада төрт аяқты жануарлар арнайы дәрі-дәрмектер арқылы немесе ату жолымен жойылса, енді өткен жылы күшіне енген «Батыс Қазақстан облысы елді мекендерінің аумағында қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою қағидалары» заңнамаға сәйкес ауланған таза тұқымды және қарғыбауы бар иттер күнтізбелік 3 күн бойы бағып-күтіледі. Егер иелерінен өтініш болмаған жағдайда олар қаңғыбас болып танылады. Дені сау қаңғыбас жануарлар тиісті клиникалық жағдайда биозарарсыздандыруға және ұрықсындандыруға жатады. Күнтізбелік 3-7 күн өткен соң тиісті шарадан өткен жануарлар кері мекендеу ортасына тасымалданады.

- Өткен жылдан бастап бұралқы иттер мен мысықтарды жою заңы өзгеруіне орай біздің де жұмысжасау форматымыз өзгерді. Ендігі кезекте біз жануарларды жоя алмаймыз, ол үшін арнайы мекемемен келісімшарт жасалды.Әйтсе де біз бұл бағыттағы жұмыстарды тоқтатпадық. Аудан көлеміндегі барлық дерлік иттер мен мысықтардың қожайындары бар, сондықтан оларға өз жануарларын облыстық маслихат шешімімен бекітілген «БҚО аймағында ит пен мысықты ұстау ережесіне» сәйкес ұстау қажеттілігі айтылады. Бірақ жануар иелері жауапсыздық танытуының салдарынан, көшеде топтасқан иттерді жиі кездестіреміз. Есесіне ит тістеген жағдайда, қожайындары өз иттерін мойындамайды, әсіресе, адамға шауып, балаларды қорқытып, тістеген жағдайда иесі мүлде табылмайды, - дейді аудандық ветеринарлық станция директорының орынбасары Сағынбай Досқанат.

Бұл енді жауапсыз қожайынның салдарынан көше кезген мақұлықтар делік. Бірақ олар көп жағдайда жай ғана жүрмей, адамға да, малға да шаба үріп, қауіп төндірген кездері жоқ емес. Өткен жылы 38 ит тістеу фактісі тіркелсе, биыл қаңтар-ақпан айларында 4 жануар тіскеу жағдайы тіркеліпті. Өкініштісі, осы биылғы 4 (2 ит, 1 мысық, 1 жылқы)  тістеу фактісінің біреуі сараптама нәтижесіне байланысты мысықтың құтырғандығы анықталған.

Аудандық санитарлық-эпидемилогиялық бақылау басқармасының бас маманы Б.Сатыбалдиева: «Құтырған мысық тістеу фактісі биыл Ардақ ауылында тіркелді. 6 жасар қыз баланы өз отбасының мысығы тістеп алған. Зардап шеккен адамға, отбасы мүшелеріне тиісті емдік шаралары дер кезінде жасалды. Бүгінде олардың өміріне еш қауіп жоқ. Сонымен қатар, оның үйіндегі жануарларына да құтыру ауруына қатысты екпе салынды. Орал қаласынан арнайы мамандар келіп, үйіне, мал қорасына, тіпті ауласына да дизенфекция жұмыстарын жүргізді. Жалпы құтыру ауруы туралы жергілікті газетке де, әлеуметтік желілерге де кеңінен жариялануда. Әйтсе де, тұрғындар жануарларды бағу кезінде қарапайым талаптарды ескермейді. Себебі, бұл жағдайда жоғалған мысық арада 1 апта өткен соң қайта табылғанда көзі қызарып, сілекейі бөлініп, түрі өзгергенін байқайды. Дегенмен, құтырудың барлық симптомдары бола тұра, қожайындары дер кезінде ескермеген», - дейді.

Жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы, полиция подполковнигі Т.Ғабдуллиевтің айтуынша, 2020 жылы аудан көлемінде «Қазақстан Республикасының әкімшілік құқықбұзушылық Кодексінің» 408-бабына сәйкес, яғни ит пен мысықты асырау ережелерін дұрыс орындамаған 82 тұлғаға әкімшілік хаттама толтырылған. Оның біреуіне 1,5 АЕК көлемінде айыппұл да салынған. Ал биылғы жылдың екі айында өз жануарларына тиісті жауапкершілікті орындамаған 2 азаматқа қатысты хаттама толтырылып үлгерілген.

Иә, әр сала мамандары өз қызметіндегі тікелей міндетіне орай бірі аулап, екіншісі емдеп, енді бірі ескертіп, тиісті жұмыстарын жүргізуде. Бірақ одан төрт аяқты жануардың азайған түрі көрінбейді. Сонда біз көше кезген бұралқы иттерден қашан құтыламыз? Ол үшін ең бастысы, төрт аяқты жануар үшін жауапкершілікті ең алдымен иесі ретінде өз мойнымызға алсақ, болғаны. Тиісті талаптарды орындап, итті атуға, жоюға ең бастысы жануардың иесі – өзіміз жол бермейік.

 

Аман Ізмұхан,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале