Кеше Орал қаласындағы «Атамекен» өнер ордасында бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты шара өткен болатын. Облыс әкімі Нариман Төреғалиев ақпарат саласының дамуына қызмет етіп жүрген тілшілерді, сондай-ақ аталмыш сала ардагерлерін төл мерекемен құттықтап, ақжарма тілегін арнап, бірқатар БАҚ өкілдерін марапаттады.
Жаңақала ауданынан «Жаңарған өңір» қоғамдық-саяси газетінде 1986 жылдан бастап қызмет етіп, тілшіліктен редакторлыққа дейінгі жолдан өтіп, сол саладан зейнетке шыққан, бірнеше кітаптың авторы Ақбасов Өмірзақ ағамыз арнайы шақырылды. Аталмыш шарада Ө.Ақбасов Батыс Қазақстан облысының «Үздік ақпарат қызметкері» төсбелгісімен марапатталды.
Кіндік қаны тамған жерде бейнетінің зейнетін көріп отырған ағамызға алар марапаттарыңыз таусылмай, қаламыңыз ұштала берсін демекпіз.
Райхан Хамзина,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz