7.04.2023, 15:45
Оқылды: 71

Иесіз иттен қауіп көп

«Ит – жеті қазынаның бірі» дейді дана халқымыз. Тарихқа сүйенсек, иттің адалдығы оның қастерлі жануар екенін дәлелдеген. Сол себепті олар жеті қазынаның қатарына жатқызылған көрінеді.

бұралқы иттер

Бірақ қазір қоғамдағы иттің «рөлі» әртүрлі. Мәселен, біреу үйқамақта күзет ретінде пайдаланса, арнайы басқа иттермен төбелестіру үшін баптайтындар да бар. Одан қалса, асыл тұқымынан тараған күшіктерін саудаға салатындар да жетерлік. Жарайды, бұл аталғандар заман талабына сай қалыпты жағдай шығар, дегенмен көше кезіп жүрген қаңғыбас, бұралқы иттің зияны қазіргі таңда майшаммен қаралатын мәселеге айналып бара жатқандай. Мұндай жағдай барлық жерде кездесетіні айдан анық.

Ендеше, итке қатысты, оның ішінде бұралқы ит төңірегінде ой өрбітіп, халық назарына ұсынсақ дейміз. Ауыл-ауылдың әр бұрышынан бүгінде қаңғыған итті көп көреміз. Осыған байланысты аудандық ветеринариялық станция мамандарына жолығып, тілдескен едік.

– Аудан тұрғындарына айтарымыз, «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Қазақстан Республикасы Заңы қабылданып, аталған заң 2022 жылдың 2 наурызынан бастап күшіне енді. Осы заң жануарларды қорғау, оларға қарау кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету, адамгершілікті нығайту және қоғамның ізгілік қағидаттарын сақтау, сондай-ақ жануарларға қарау кезінде жеке және заңды тұлғалардың құқығы мен заңды мүддесін қорғау саласындағы қоғамдық қатынасты реттейді. Үй жануарының қалаусыз ұрпағын болғызбау бойынша оның иесі немесе жауапты адам стерилизациялау арқылы шаралар қабылдауға міндетті және иттің тұмылдырықсыз және қарғыбаусыз өз бетінше серуендеуіне, үй жануарының мінез-құлқын бақылай алмайтын, оның ішінде алкогольдік, есірткілік немесе уытқұмарлық масаң күйдегі адамдардың оларды серуендетуіне тыйым салынады.

Сондай-ақ үйдің аумағына кіре берісте үй жануарының бар екені туралы ескерту жазбасы жасалуға тиіс. Үй жануарларын есепке алу 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап міндеттелген. Осыған байланысты тұрғындарға үй жануарын 2023 жылдың 1 қыркүйегіне дейін есепке қою қажет екені ескертіледі. Мемлекеттік ветеринарияиялық ұйымда немесе ветеринариялық емханада иесінің төлемі есебінен үй жануарына чип салынады. Осы заң талаптарын бұзғаны үшін ит пен мысық иелері ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 407-2-бабына сәйкес жауапкершілікке тартылады (жеке тұлғаларға – 10, лауазымды адамдарға – 20, заңды тұлғаларға 30 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді), - дейді аудандық ветеринариялық станция маманы Мейрам Қадыржанов.

Маманның айтуынша, Тасқала ауданының Амангелді және Мерей ауылдары тұрғындарынан түскен өтінішке байланысты Амангелді ауылдық округінен – 22, Мерейден – 7, Тасқала ауылдық округінен 40 ит ауланған. Сонымен қатар 23 итке кастрация жасалып, зарарсыздандырылған.

 

Гүлмира Мақанова,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале