12.08.2023, 15:49
Оқылды: 42

Игерілмеген жер қайтарылуы тиіс

Аудан әкімдігінде өткен жиында дәл осы мәселе талқыланды. Аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Біржан Меңешовтың төрағалығымен өткен  жиынға облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Нұржан Мақсотов, облыстық жер ресурстарын басқару департаменті басшысының орынбасары Тахир Нұрахметов, тиісті сала басшылары мен қожалық иелері қатысты.

жер-2 Облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Нұржан Мақсотов облыс бойынша 250 мың га, Бөкей ордасы ауданы бойынша 17 500 га жер қайтарылуға жататынын айтып, игерілмеген жердің міндетті түрде мемлекет меншігіне қайтарылатынын ескертті.

жер-1

Аталмыш мәселе бойынша осы кезге дейін түсінік жұмыстары жүргізіліп келді. Елге келген бүгінгі сапарымыздың да басты мақсаты - осы. Жерді иеленсе де, мақсатты түрде пайдаланбай отырған жер иелерімен кездесіп, олардың да уәждерін тыңдап, өз тарапымыздан жауап беріп, заң алдындағы міндеттерін түсіндіргіміз келген.  Игерілмеген жердің қайтарылатынын туралы ескертпе берілді, егер құлақ түрмесе, тиістішаралар қолға алынатын болады, деді.

Аудан әкімінің міндетін атқарушы Біржан Меңешов:

жер

Жерге қатысты қордаланып қалған бірқатар мәселе бар. Мал саны артып, қожалық саны еселеніп отырған ауданымызда жайылым жер тапшы. Жер алуға ниет еткен азаматтарымыз бизнес жоспар тапсырғанда миллиондаған қомақты қаржы инвестиция салып, мал бордақылау, сүт фермасын ашу сияқты керемет жоспарларын алға тартады. Дегенмен уақыт өте келе жоспар жоспар күйінде қалады да, нәтиже жоқ. Пәлен гектар жер, мыңдаған мал болса да өзінен басқа жұмысшы да тіркелмейді. Инвестициясының іске асырылуы бойынша статистика органдарына есеп беріп отырса, табыс тіркеліп, біркелкі жолға түсер еді. Әйтпесе, есеп те жоқ, ескеретін орган да жоқ. Сосын "жер алып еді, салған инвестициясы қайда?" деп сұраған конкурстан өтпей қалған азаматтарға жауап бере алмай, күмілжіп қаламыз. Тағы бір мәселе шабындық  үшін полигонға берілген жер аумағын уақытша қоныстанып отырған шаруаларға қатысты туындап отыр. Тап қазір полигонға берілген жерге атыраулықтар қоныстанып отыр. Жерді заңсыз иемденіп отырғаны бір бөлек, малы тіркелмеген. Ауру шықса, ауру ошағын ауыздықтау оңай болмайды. Полигон жеріне жалға алушы тарап жауапты. Бірақ олардың өзі жергілікті биліктің ықпалдастық танытуына сұрап отыр. Бұлмәселені шешуде де қауқарсыз екеніміз рас. Осы мәселелерді шешу жолдарын қарастырғанымыз дұрыс болар еді, деп күрмеуі қиын мәселелерді алға тартты.

 Ұлпан Жакина,

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz  

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале