18.03.2020, 15:41
Оқылды: 45

 Игерілмеген жер телімдері мемлекетке қайтарылуда

Жер – экономиканың нағыз қайнар көзі. Ал оған жерге мемлекет тарапынан нақты қолдау мен бағдарламалардың қаралуы айқын дәлел болмақ. Мәселен, Сырым ауданы көлемінде жерге иелік етушілер қатары көбейіп келеді.

zher 2

– Азаматтарға жер пайдалану құқын беру әділ, ашық болуы үшін қолданыстағы заңға сәйкес ауыл шаруашылығындағы мақсатты жерлер конкурс арқылы беріледі. Яғни жер комиссиясы жер пайдалану құқығын  алушы үміткерлерді нақты түрде зерделеп, қарауға көңіл бөлінеді. Бұл тұрғыда жерге иелік етушілердің құзырындағы мал басының өсіміне, қарауындағы жұмысшыларға еңбек шарты жасалып, негізгі қорларға төлемдерін аударуының жай-күйіне  басты  назар аударамыз, – дейді әңгіме барысында  аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Арман Тоқтаров (суретте).

Иә, жоғарыда сөз ретіне қарай айтып өткеніміздей, ауданда жер пайдаланушылардың қатары өскендігі байқалады. Мысалы, аудан бойынша ауыл шаруашылығы мақсатында 622500 гектар жер көлемі тіркелсе, оған 12 ЖШС, 409 шаруа қожалығы, 5 мемлекеттік заңды тұлғалар иелік етуде. Ал өткен жылдың еншісінде ауданда төрт рет өткізілген конкурстық жүйемен 32 тұлғаға жер пайдалану құқығы берілген.

zher

Сондай-ақ аудан бойынша ауыл шаруашылығы мақсатындағы 23000 гектар жер қайта айналымға енгізілді. Десек те, «бес  саусақ бірдей емес» дегендей, жердің жағдайын, бабын білетіндер, ауылшаруашылық техникасы, малдары бар, жұмыс күшін ұйымдастыра алатындарға кереғар «әйтеуір жерім бар ғой» деп көңілі тоқ, жерді игермейтін жалқау «қожайындар» қатары да баршылық. Ал мұндай «қожайындардан» игерілмей жатқан жерлерді заңға сәйкесті мемлекетке қайтарудың алғы шаралары да қолға алынуда. Мысалы, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың нақты тапсырмасына сәйкесті беркітілген жерлерді тиімді мақсатында пайдаланбай отырғандарға қолданыстағы заң аясында шаралар қолданылып, игерілмей жатқан жерлерді мемлекет қорына қайтару жұмыстары жүргізілуде.

Қолдағы дерек көзіне көз жүгіртсек, осы мақсаттағы жұмыстардың  күн тәртібінен түспеуі нәтижесінде аудан бойынша игерілмей жатқан 45700 гектар жер мемлекеттің меншігіне қайтарылса, 2020 жылдың өткен екі айы аралығында қосымша ретінде игерілмей бос жатқан 8000 гектар жер мемлекеттің қорына қайтарылды.

Осы бағытта айта кету керек, өз меншіктеріне бекітілген жерлерді тиімсіз пайдаланып, жұмыс күшін ұйымдастыруда енжарлық танытқандар қатарында Алғабас, Бұлан, Елтай ауылдық округтерінен «Айбат», «Мұрадым», «Алатау-Б» шаруа қожалықтары, Жосалы ауылдық округіндегі «Licorice Kazahstan» ЖШС-нің болуы, әрине, өкінішті жағдай.

Аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Арман Мәжитұлының айтуынша, бекітілген жерді мақсатты пайдаланбағаны үшін тұлғаға жер салығын он есе көлемінде арттыру заңда қарастырылса немесе сотпен тартып  алу жағы да қолданылады. Сондай-ақ қайтарылған жерлер конкурс арқылы қайта айналымға енгізіліп, қолынан жұмыс келетін, белгілі кәсіппен айналысуға икемі бар адамдарға беріледі.

Арман Мәжитұлының сөз саптауынша, пайдалануға берілетін жер тізімі конкурс арқылы ақпарат құралында, ауыл шаруашылығы министрлігінің, аудан әкімдігі мен жер комитетінің ресми сайтында жариялылық деңгейде жарияланады.

Әңгіме әуені жер жөнінде болған соң аудандағы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдарды дамыту жәйіне де тоқтала кетелік. Ең бастысы ауданда жер телімдері инфрақұрылым желілері жүргізілген соң (жарық, ауыз су, газ) барып берілуі тиіс.

Міне, осы бағыттағы жұмыс ырғағы толықтай қамтылған Жымпиты ауылы орталығында 2015 жылдан бастап 163 тұлғаға баспана салуға жер телімі берілген. Ал бүгінгі таңда Жымпиты ауылы бойынша 510 адамның жер кезегінде тұрғандығын айта кеткен жөн.

Бір өкініштісі, ауданда  баспана салу үшін жер теліміне ие болғандар арасында «шабан» қимылдайтындар қатары өте көп. Ал мұның айқын дәлелін бүкіл жағдайы қамтылған өңірден жер телімін алған 163 тұлғаның  19-ы ғана жеке баспана салып алғаны көрсетіп отыр.

Арман Мәжитұлының айтуынша, аудан әкімінің тапсырмасына сәйкесті беркітілген жер телімін мақсатты пайдаланбайтындарға шаралар қолданылып, жерлерін кері қайтару  жағы қолға алынуда.

– Аудан орталығынан баспана салу үшін жер телімін алғандар қатары үш жыл мерзім ішінде мақсат деңгейінен көрінбесе, иелігіндегі жер қайтарылып, баспана салу кезегінде тұрған адамға беріледі. Демек, аудан орталығынан баспана салуға ынта білдірушілер қатары көбейсе, салынған жаңа тұрғын үйлер тұрғындары үшін қолайлы жағдай жасау ниетінде балабақша, сауда орындары, әлеуметтік нысан құрылыстары да бой көтерген болар еді.

Осы жағын тұрғындар түсіністікпен қабылдағандары ләзім, – дейді Арман Тоқтаров.

Мүсірбек Айташев

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале