Бөкей ордасы ауданындағы Бисен ауылына келсеңіз, нағыз қазақы мамыражай ауылдың кейпін көресіз. Бұлай деуіміздің себебі – кеште өрістен қайтқан малдың маңырағаны, ойын қызығында жүрген балалардың дауысы, есік алдындағы қазан-ошақ басында жүрген ақ жаулықты аналар ауылдың кескін-келбетін айқындап беретіндей. Сондай-ақ ауылдың кіреберісіндегі менмұндалаған жасыл желек пен теректерінің өзі ерекше. Сөз жоқ, ауыл – қазақтың негізгі күре тамыры. Ұлт руханиятының ошағы да ауылдан бастау алып, салт-дәстүр мен мәдениеттің мол қоры сақталған. Ауылға, елді мекендердегі ағайынға көңіл бөлу және олардың жағдайын жақсарту – мемлекеттік мәні зор іс. Кез келген экономикалық реформаның түпкі мақсаты – халықтың әл-ауқатын арттыру. Осы бағытта Бисен ауылында жасалған игі істер аз емес.
Бисен ауылдық округі төрт елді мекеннен тұрады. Яғни Бисенге Жиеккұм, Жетібай, Көктерек елді мекендері қарайды. Жер көлемі 283 759 гектарды құрайды. Ауылда 3131 тұрғын бар. Түйе боздап, қой қоздайтын бұл мекенде 117 шаруа қожалығы тіркелген. Қожалықтар мал басын асылдандыруда жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп келеді. Тіпті қыстақтарда күн панелі орнатылған. Ауылға көгілдір отын, сапалы ауыз су да кіргізілген. Елді мекендерді көгалдандыру, абаттандыру мәселелеріне тоқталсақ, былтыр Бисен ауылындағы саябақтарға 400 түп ағаш отырғызылды. Сүндетов көшесінде орналасқан балалар ойын алаңына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бисен Жәнекешев атындағы саябаққа көше шамдары қойылып, орындықтар мен қоқыс салатын жәшіктер орнатылды. Өрнектас төселді.
Балалар ойын алаңы мен әкімшілік ғимараты жанына екі велотұрақ тұрғызылды. Ауыл көшелерінде жарық бағаналары орнатылған. Жетібай ауылында 3 млн 195 мың теңгеге балалар ойын алаңы салынса, Көктерек, Жетібай ауылдарында шағын футбол үшін жасанды көгал төселді. «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 2001 жылғы мектеп түлектері Б. Жәнекешев мектебіне 1 млн 100 мың теңгеге спорттық құрал-жабдықтар алып берсе, 1980 жылғы түлектер Б. Жәнекешевтің бюстін орнатты. Сондай-ақ ауылдағы кейбір көп балалы, аз қамтылған отбасылардың үйіне көгілдір отын тегін кіргізілді. Ауыл халқы арнайы бағдарламалар арқылы мемлекеттің қаржылай қолдауын да тиімді пайдаланып, жобаларын іске асырып отыр. Ауылдық клуб, дәрігерлік амбулаториялық емхана, кітапхана, пошта бөлімшесі, аймақтық полиция тірек пункті де халыққа сапалы қызмет көрсетіп келеді.
Осы орайда айта кетсек, бұл жұмыстардың басы-қасында ауыл әкімі Кенжебек Құрмашевтың жүргені мәлім. Ол – ауылдың мүддесін қорғап, халықпен тіл табыса алатын, ауылдың кем-кетігін бүтіндеп, көркейтуді ойлайтын іскер азамат. Жасалып жатырған жұмыстар аз емес. Бірақ әлі де жасалуы тиіс шаруалар бар. Кенжебек Асқарұлының айтуынша, қаржы бөлінсе, Бисенде биыл мәдениет үйі салынады, ауыл әкімдігінің ғимараты жөнделеді. Қоғамдық тәртіпті бақылау мақсатында ауыл ішіне бейнекамералар орнату да жоспарланған. Иесіз малдарды уақытша ұстауға арналған айыппұл тұрағы да салынады. Ауылішілік жолдарға тас жол төселіп, көше шамдары орнатылмақ.
Ауылдың жетістігі де, кемшілігі де ауыл әкімінен сұралады ғой. Жауапкершілік жүгін абыроймен арқалап жүруді өзіне міндет етіп алған Кенжебек Асқарұлына ауылдастары дән риза.
Екатерина Мөкешова,
Бисен ауылының тұрғыны,
Бөкей ордасы ауданы