17.06.2022, 9:45
Оқылды: 111

"Илон Маск" "Сырым еліне" сұхбат берді

 Өткен жылдың шілде айында "Сырым елінің" оқырмандарына "Күнмен жүретін геленваген" немесе "3000 шақырымға ниет еткен Никита" атты мақала жариялаған болатынбыз.
IMG-20220614-WA0125

Сол Никита замандасымыз биылғы жылы жанындағы өнертапқыш әріптес, достарымен Орал-Алматы бағытында сапарға аттанды.

- Өткен жылы күн көлігімді сынап көрмекке тәуекел етіп, 3000 шақырымды бағындырған болсам, биыл өзге де өнертапқыш достарыммен аталмыш қашықтықты бағындырмаққа бекіндік. Орта есеппен күніне 100 шақырым жүріп өтудеміз. Алғашында 8 көлікпен шыққан едік, оның екеуі жолда шыдамай, бұзылып қалды. Шамамен сағатына 50 шақырым, біреулері 35-40, өз басым кемінде сағатына 46 шақырымды еңсеріп келем, -дейді Н.Поддубнов.

IMG-20220614-WA0126

Кейіпкеріміздің айтуынша, күн көлігімен жолға шығудағы мақсат экологиялық транспортты халыққа насихаттап, ешбір жанар-жағармайсыз, артық шығынсыз, тегін, күн көзін пайдалануды дағдыға айналдыруымыз керек.

"Ер азығы мен бөрі азығы жолда"- демекші, жігіттерге Орал қаласынан да, әрбір тоқтаған нүктелерінен де жанашыр азаматтар кезігіп, ұлттық тағамдар алып келіп, қолдан келгенше азық-түлікпен қамтамасыз етуде.
Жас "Илон Масктың" сөзіне сүйенсек, қазақтардың қонақжайлылығы мен бауырмалдығына, жанашырлығына желідегі ресейлік достары да сүйсіне қарайды екен.

IMG-20220614-WA0129

- Адамдардың шынайы ниетіне қарап, дән ризамыз. Әрине, біздер бұл ұзақ жолға қызығы мен қиындығы қатар жүретінін біле тұра шығуға бел байладық. Алдағы уақытта біздің командамыз секілді жас өнертапқыштар, инженерлер шет елдерден келіп жыл сайын өздерінің ойлап шығарған машиналарын, жаңа өнертабыстарын елімізге әкеліп таныстырса, нұр үстіне нұр болар еді. Біздің ең түпкі мақсатымыз да осы болатын,- деп түйіндеді өз сөзін қазақстандық жас "Илон Маск".

IMG-20220614-WA0128

Расымен де, қалтарысы мен бұлтарысы көп заманда күнделікті жанар-жағармайды үнемдеу арқылы табиғатты да сақтап қалу қолымызда тұрғандай. Өмірге өкпе артып, қос бүйірден қысып тұрған қымбатшылыққа тосқауыл қоюдың бірден-бір жолы жүргенінен "жегені" темір тұлпарларды су тегін жоғарыда аталған көліктермен алмастырса керемет қой.

Айжан Бауыржанқызы,
Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале