31.03.2022, 12:10
Оқылды: 61

Имандылық – рухани қазығымыз

Бәйтерек ауданы Мичурин ауылдық округі кітапханашылары «Адалдық алаңы» жобасы аясында Рамазан айына арналған «Имандылық – рухани қазығымыз» атты Асан мешітінің имамы Мұратбек қажы Жахатовпен кездесу кешін ұйымдастырды.

WhatsApp Image 2022-03-30 at 21.56.10 (1)

Он екі айдың сұлтаны болған Рамазан – Алланың мейірімі төгіліп, жұмақтың есігі айқара ашылатын, сауаптар еселеніп жазылатын, шарапаты мен шапағаты мол ай. Исламның бес парызының бірі болған оразаның осы айда орындалатыны да сондықтан. Ораза – жан мен тәнді рухани тазартатын үлкен сабыр мектебі. Осыған байланысты ауыл кітапханасының ұжымы оқырмандары мен жергілікті жастардың басын қосып, қасиетті айда жасалатын құлшылық төңірегінде көп туындайтын сұрақтарға жауап алу мақсатында аталмыш шараны ұйымдастырып, оған дінтанушы, мәдениеттанушы, Асан мешітінің имамы Мұратбек Жахатовты шақырды. Ислам, жақсы мен жаман, күнә мен сауап төңірегінде әңгіме өрбіген кездесуге жастар мен ауыл үлкендері, кітапхана оқырмандары түгел қатысты.

Игі шараны Жамбыл ауылының кітапханашысы Ф.Амандаулетова жүргізді.

Кездесу барысында имам Мұратбек қажы Каспийұлы оқырмандарға ораза жайында толық түсінік беріп, дінімізде оразаның үкімі, оразаның ниеті мен уақыты жайлы әңгімеледі. Исламдағы оразаның түрлеріне тоқталып, әрқайсысы туралы құнды мағлұмат берді.

WhatsApp Image 2022-03-30 at 22.01.50

Сонымен қатар жиында «Рамазан айында ораза тұтпауға қандай рұқсат бар, оразаны тағы қандай кезде қаза қылуға болады, ораза қай кезде бұзылады, оның жаза қалай өтеледі,ұмытып ішіп-жеген кісінің оразасы бұзыла ма, қатты шөлдеген адам сумен аузын шайса бола ма, оразаны бұзбайтын жағдайлар бола ма, намаз оқымаған кісінің оразасы қабыл болмайды деу дұрыс па?» дегендей сауалдарын жолдады. Оған имам өз деңгейінде жауап беріп, әр сұраққа толықтай түсініктеме берді.

-Қасиетті Рамазан айы барша мұсылманға мүбәрак болсын! Жасаған амалдарымыз бен ізгі ниеттерімізді Алла Тағала қабыл еткей! Еліміз аман, жұртымыз тыныш, тәуелсіздігіміз баянды болғай!- деді имам Мұратбек қажы Жахатов.

Кездесу соңында Мичурин ауылдық кітапханасының меңгерушісі кеш қонағына естелік кітап табыстаса, Асқар Ханов және Мәншүк Қажығалиева сынды оқырмандар ұйымдастырушыларға ризашылығын білдіріп, айлардың сұлтаны жайында мағлұмат берген имамға рахметін айтты.

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале