Теректі ауданына жұмыс сапарымен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Снежанна Имашева келді. Халық қалаулысы Ақсуат ауылдық округінде болып, округ аумағында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Депутатты Теректі ауданы әкімі Әлия Мұханбетжанова, Теректі аудандық мәслихат төрағасы Әлжан Нұрғалиев, «AMANAT» партиясы Теректі аудандық филиалы төрағасы Мирхат Ибраев қарсылады. Олардың қатарына облыстық мәслихат депутаты, жерлесіміз Сержан Идиятов қосылды.
Алдымен Снежанна Имашева Ақсуат ауылдық округіне қарасты Магистральный ауылына ат басын бұрды. Аталмыш ауылда қос бірдей құрылыс жүріп жатыр. Олардың бірі – ауылға кіреберіс жол құрылысы. Өткен жылы басталған құрылыстың аяғы сиырқұйымшақтанып барады. Жұмыстарды жүргізіп жатқан «Ануш – Құрылыс» ЖШС өкілдері уәде беруден алдарына жан салмауда. Депутатпен кездескен серіктестік басшысы Оганес Минасян тамыз айында барлық жұмыстар аяқталады деді.
- Екі шақырымға жетер-жетпес жолды осыншалықты күрделі мәселеге айналдыруға болмайды. Әрине, құрылысқа қажетті құралдар, жол салуға керек материалдар тапшы болуы мүмкін. Бірақ уақыт өтіп барады. Халыққа қажетті дүниені тез арада әрі сапалы күйінде тапсыруымыз қажет. Уәдемен иландыратын заман емес, нақты іс керек. Тамыз айында барлық жұмыстар аяқталады деп сенеміз, - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Снежанна Имашева.
Одан кейін халық қалаулысы осы Магистральныйда салынып жатқан мектеп құрылысына барды. Бұл жерде бас қатырар мәселе жоқ. 108 орындық мектеп құрылысын «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг б.в» компаниясының тапсырыс берумен «КА-Строй ЛТД» ЖШС жүргізуде. Бүгінгі таңда 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жаңа оқу жылының екінші тоқсанын ауыл балалары жаңа мектепте бастайды.
Ақсуат ауылдық клубы ғимаратында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Снежанна Имашева «AMANAT» партиясының мобилді қоғамдық қабылдауы аясында ауыл тұрғындарын қабылдады.
Қабылдау барысында экология мәселесі, бұралқы иттер, ауыл аумағында орналасқан зауыттардың салық төлеу жолдары, тіпті көрші аудандардағы жайттар, соның ішінде киік мәселесі де кең талқыға түсті. Қабылдау соңында еліміз бойынша ауыл әкімдерін халық сайлауы жақсы үрдіс екендігі айтылып, сол сайлауда жеңіске жеткен Ақсуат ауылдық округі әкімі Жаннұр Ахметовке халық қалаулысы Снежанна Имашева сәттілік тіледі.
Әділет Әлібекұлы,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz