26.05.2022, 10:15
Оқылды: 67

Індет өршіп барады

Биылғы қыста Сырым ауданындағы Талдыбұлақ, Сарыой ауылдық округтеріндегі ірі қара мал  арасынан жұқпалы ринотрахеит ауруы шығып, тұрғындарды әбігерге салды. Жағдайды түзетуге облыстағы білікті мамандар тартылды. Ауру ошақтары табылған аула-қоралар бұқырланып, малға ем-дом жасалып, індеттің беті қайтқандай болды. Бірақ пен жан бағып отырған тұрғындар үшін бөріктерін аспанға атып қуануға әлі ерте.

3

Фотосурет: inform.kz

Бағып отырған ақ адал малың қырылып жатса, жанға аяздай батады емес пе? Осындай келеңсіз жайт, мал ауруы өршіп тұр. Өршіді демей, енді не деуге болады? Төрт түлік мал жазғы  жайылысқа шығып, көкке ауыздары тиді деп қуанғанбыз. Бірақ аудан көлемінде мал арасында күн санап көбейе бастаған індет көңілді су сепкендей басты.

4

Аудандық ветеринариялық станса директорының міндетін уақытша атқарушы Армат Жұралиевтің (суретте) айтуынша, ірі қараның арасында белең алған жұқпалы дерттің бастапқы белгілері мынадай: малдың аузынан сілекейі ағып, күйіс қайырмайды, жем-шөпке зауқы соқпайды, дене қызуы күрт көтеріледі. Жуырда ауданға іргелес орналасқан Қапақ елді мекенінен індет ошағы табылып, мал дәрігерлері шұғыл атқа қонды. Тиісті емдік шаралар жасалған соң ондағы малдың 70-80 пайызының жағдайы жақсарған. Бірақ Жымпиты ауылында, Аралтөбе ауылдық округіне қарасты Қызылағаш елді мекеніндегі тұрғындардың ірі қара малының арасында індеттің ошағы пайда болды. Армат Шалбайұлының айтуынша, тек Жымпитының өзінде 228 ірі қара жұқпалы ринотрахеитке шалдығып, олардың 208-і емделген. Өкініштісі, бұл ауруға  шалдыққан  бұзаулардың ішкі  ағзалары тым  әлсіз  болғандықтан, өліп қалады  екен.

– Жалпы мал індеті өршіп тұр. Кей тұрғын бұл мәселеге атүсті қарайды. Малды әрлі-берлі тасымалдау тыйылар емес. Осындай ретсіз тасымалдаудың кесірінен жұқпалы ауру өршуде. Мекемедегі қызметкерлер, мал дәрігерлері аудан орталығының немесе елді мекендердің тұрғындарынан түскен жедел шақыртуларға сергектікпен қарап, қызметтік  көліктерімен барып, малға тиісті емдік  шараларын жасап жүр. Тұрғындар, шаруа қожалық иелері мекемеге арнайы келіп, малдәрігерлік  дәріханадан қандай дәрі-дәрмек алу қажеттігін сұрап, тиісті кеңестерді алуда. Әрине, әр малдың иесі бағымдағы малынтексеріп, қажетті емін жасар кезде қасында болғаны жөн.

Бірақ кейде мал иесі болмай қалса да, мал  мамандары санасып жатпайды, ірі қараны ауруға қарсы егіп жіберуде. Дегенмен түлік иелерінің малға емдік шаралар көрсетер кезде мамандардың қасынан табылғаны жақсы. Сонда   індетке қарсы күрес пәрменді болар ма еді? – дейді Армат  Жұралиев.

Ринотрахеит дертіне шалдыққан қойлар артқы аяқтарын баса алмай, шөпке құлықсыз болады. Бүгінде індетке шалдыққан малға «Бициллин-5», «Нитокс», «Цефазалин» антибиотиктері қолданылуда. Сонымен қатар ауру түліктің ауызын әлсіз тұз ерітіндісімен шаю сияқты емдік шаралар жүргізіліп отыр. Мамыр айының соңына дейін ауданға сұраныс бойынша мемлекет қаражаты есебінен ринотрахеитке қарсы қолданылатын екпе дәрі жеткізілмек. Ендігі жерде ауданда тіркелген мал осы індетке қарсы жылына екі рет егілмек. Тұрғындар екпе дәріні күтіп жүр.

Балдай Сапарғали, БҚО ветеринария басқармасының бөлім басшысы, баспасөз хатшысы:

– Жыл басынан бері өңір аумағында үй жануарларының аса қауіпті жұқпалы ауруларының 8, оның ішінде 1 қарасан ошағы (Сырым ауданы), 7 жұқпалы ринотрахеит ошағы (Шыңғырлау ауданында – 1, Сырымда – 3, Бәйтеректе – 1, Бөкей ордасында – 1, Теректіде – 1) тіркелді. Анықталған індет ошақтарында тиісті ветеринариялық іс-шаралар кешені жүргізіліп, барлық ауру ошағы жойылды. Жалпы аса қауіпті аурулар бойынша облыстағы эпизоотиялық жағдай тұрақты.

Сырым ауданының Талдыбұлақ, Бұлдырты, Жетікөл, Сарыой, Жымпиты, Жосалы, Аралтөбе ауылдық округтерінде белгісіз жұқпалы кеселмен 2020 бас ірі қара ауырды. Ауру малдың барлығы оқшауланып, оның 1992-сі  емделді, қалған 28 ірі қараға ветеринар мамандардың бақылауымен ем-дом жасалуда. Сонымен қатар 676 ұсақ мал  ауырып, оның 665-і сауықты, қалған 11 басы емделуде. Кеселге шалдыққан малдан  аса қауіпті  ауруды анықтау үшін қан, сілекей және патологиялық материалдар (соскоб) алынды. Материалдар Нұр-Сұлтан қаласындағы ҚР АШМ ВБжҚК-нің  Ұлттық  референттік орталығына жіберілді. Бүгінде ветеринариялық зертхананың зерттеу нәтижесінде  Талдыбұлақ, Жымпиты, Сарыой ауылдық округтерінің сараптамалық қорытындыларында жұқпалы ринотрахеит диагнозы қойылып отыр. Ал Бұлдырты, Жетікөл, Жосалы, Аралтөбе ауылдық округтерінен жіберілген материалдардың сараптамасы теріс нәтиже көрсетті.

Қазіргі таңда Талдыбұлақ, Жымпиты, Сарыой ауылдық округтеріне аурудың шығуына байланысты салынған шектеу шаралары алынды.

Осы уақытқа дейін ветеринарлық пункттерге түскен шақыртулар бойынша ветеринарлар барып, емдеу және түсіндіру жұмыстарын жүргізген жерлерде мал өлімі тіркелген жоқ. Алайда кейбір ауыл тұрғыны ветеринар мамандарды шақыртпай, ауру малды өз беттерінше емдегеннің кесірінен 5 бас ірі қара малдың төлі шығынға ұшырады. Қазіргі кезде індеттің алдын алу бағытында тұрғындар  арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Ал аталған ауруға қарсы жасалып жатқан емдеу тәсілдеріне келсек, ауру мал «Бициллин 5», «Нитокс» дәрілерімен егіледі, әлсіз тұз ертіндісі, күшті калий пермаганат ертіндісімен ауру малдың ауыз қуысы шайылады. Ауру бұзаулар  (қызуын түсіруге) «Цефозалин», «Бициллин 3», «Ампициллин» дәрілерімен егіледі.

 

Мүсірбек Айташев,

Сырым  ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале