2.04.2021, 10:40
Оқылды: 43

Індеттің алдын алудың бірден-бір жолы - екпе

Шыңғырлау ауданында қаңтар айынан бастап бүгінгі таңға дейін коронавирус жұқтырған 205 адам анықталған. Оның 122-сінің ауруы симптомды, қалған 83 адамда симптомсыз, демек бұлар өздерінің ауру таратушы екендігін сезбейтіндер. Ауру ең көп таралған - Шыңғырлау ауылы (жалпы саны 145), Ащысай (24 адам) және Ақбұлақ (11 адам). Оған қоса Ақшат, Алмаз, Ардақ ауылдарында да бұл дерт тіркелуде. Сол себепті жұқпадан сақтанудың маңызды тәсілінің бірі - екпе салдыру.

   Баршамызға белгілі, Covid-19 инфекциясының алдын алуға арналған екпенің дайындалып, қолданыла бастағанына да көп уақыт өте қойған жоқ. Екпе салдыру науқанына Шыңғырлау ауданы да әзірлік жұмыстарын пысықтап, алғашқы екпелер де салынды. 

Тұрғындардың кейбірі екпеге күмәнмен қарайды. Біреулері екпенің сапасына күдіктене қараса, екіншісі «вакцина денсаулығыма зиянын тигізеді» дейді. Және діни сеніміне байланысты қарсы болатындар да бар. Осы сұрақтар төңірегінде Шыңғырлау ауданының бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Ермек Сабировпен сұхбаттасып, төмендегі мән-жайларды назарларыңызға ұсынып отырмыз.

F595A3DC-E47D-46E3-8C8E-7201AD589B21

-Екпе (вакцина) дегеніміз не?

-Вакцина немесе екпе – ауру тудырушы микроағзаның шағын, әлсіз бөлігі. Оның құрамында антиген болады. Антиген адам ағзасына түскенде, қатерлі ауруға қарсы иммунитет түзеді. Сол иммунитеттің арқасында адам ағзасы күшейіп, аурумен күресудің жолын табады.

-Оның адамға көмегі қандай, қалай әсер етеді?

-Адамға екпе ретінде белгілі бір аурудың немесе микроорганизмнің ең әлсіз, адам ағзасына қабындыруға шамасы жетпейтін бөлігі ғана енгізіледі. Микроорганизмді антиген деп атауға болады, алайда адамның ағзасына енгізілетін микроағза антигеннің өзі емес, антигенді түзуге көмектесетін бағдарлама. Кейбір аурудың вакцинасы бір айда не бірнеше аптада екі-үш реттен салынады. Сонда ағза аурудың белгілерін «есте сақтап», індет туғызушы микроағзалармен күресуді үйренеді. Ал адам ағзасында аурумен күресетін микроағзаны – антиденешік дейді. Антиденешік – иммун жүйесінің маңызды бөлшегі. Аурумен күресетін жауынгер десек болады. Ал вакцинаның міндеті – адам ағзасына антиген жіберу арқылы антиденешік түзу.

- Адам ағзасының ауруға қарсы тұратын өз қасиеті болуы тиіс деп естіп жүреміз, соны түсіндірсеңіз?

-Адам ағзасының өз-өзін емдей алатын қасиеті бар. Бірақ күш-қуаты жетпегенде, ауру дендейді. Ағзаға түскен кез келген ауруды «патоген» деп атауға болады. Патоген – ішкі ағзаны зақымдап, ауру қоздыратын бактерия не вирус, паразит не саңырауқұлақ. Өзіне түскен патогенді жеңу үшін ағза антиденешік түзе бастайды. Егер ағзаға патоген бірінші рет түскен болса, онда ағза антиденешік түзуге ұзақ уақыт жұмсайды. Ауру сондықтан асқынып кетуі мүмкін. Ал екпе адам ағзасын қатерлі ауруларға күні бұрын дайындайды.

Бір антиденешік, әдетте, бір ауруды ғана жеңуге жарамды. Бірақ екі ауру не патоген бір-біріне ұқсас болса, онда онымен күресе алады. Егер аталмыш патоген ағзаға бір емес, бірнеше рет түсіп, ауру шақырса, онда соғұрлым ағзаның да антиденешігі тез әрекетке көшіп, ауруды бөгеп отырады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, адамзат осы күнге дейін менингит, дифтерия, сіреспе, қызылша, полиомиелит сынды қауіпті жұқпалы аурулардың емін екпемен тапқан. Адамзат азат етілген аурулардың бірі – полиомиелит. 1900 жылдардың басында полиомиелиттен жыл сайын 100 мыңдаған адам қайтыс болған екен. 1950 жылы ауруды қайтаратын екі түрлі вакцина ойлап табылды. Содан дүние жүзі халқы жаппай егіле бастады.

- Covid-19-дың екпесі туралы айтсаңыз?

- Ұжымдық иммунитет қалыптасу және сақтық шараларын қолдану инфекцияның азайту жолы болып табылады. Қазірдің өзінде, Қазақстанда белгілі бір деңгейде ұжымдық иммунитеттің қалыптасқаны байқалады. Елімізде «Спутник V» вакцинасын салу жұмыстары басталды. Бұл Ресейде жасалған вакцина болғанымен, Қазақстанда өндіріледі. Ал Қазақстанның өзінің KazCovid-in отандық вакцинасы әлі клиникалық сынақтан өткізілген жоқ. «Спутник V» вакцинасы векторлы технология арқылы жасалған. Сондықтан тиімділігі жоғары. 

 -Екпені кімдер салдырта алады, қандай адамдарға салуға болмайды?

-18-ге толған, жазбаша түрде келісім берген және екпеге қарсы реакциялары жоқ азаматтар ғана екпе салдырта алады. Созылмалы инфекциялық ауруы мен аллергиясы бар, жүкті және емшекте баласы әйелдерге, 18 жасқа толмаған тұлғаларға екпе салуға болмайды.

- Шетелде өндірілген вакцина қандай тексеруден өтеді?  

-ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сертификаттаған вакциналарды сатып алады. Сатып алынатын вакциналар Қазақстанда мемлекеттік тіркеуден өтеді. Мемлекеттік тіркеу кезінде вакцинаға  көп кезеңдік зертханалық тексеру жүргізіледі. Шетелден сатып алынған вакциналардың әрбір партиясы Дәрілік заттарды сараптау ұлттық орталығында арнайы тексеріледі.  Вакцинаның қауіпсіздігі расталған кезде ғана республиканың медицина ұйымдарына таратылады. Ал вакцинамен жұмыс істейтін мамандар (дәрігерлер, медбикелер) екпені егу, қолдану мәселелері бойынша арнайы дайындықтан өткізіледі.

    Тағы да еске сала кетсек, коронавирус инфекциясы қоғамдық орындарда, тойда, садақада, мектепте, автокөлікте, адам адаммен қол алысқанда жұғады және тарайды. Сөзімізге дәлел, Шыңғырлау ауданындағы медицина қызметкерлері арасында - 6, мұғалімдер - 7, студенттер арасында 6 адам осы аурумен ауырған. Сонымен қатар мемлекеттік қызмет көрсетушілер арасында 10 қызметкер тіркелген. Ең жаманы сол, ауру балаларды да айналып өтпейді. Ауданда 5 жасқа дейінгі аралықтағы 9 сәби ауырса, 6 жастан 17 жасқа дейінгілер - 32, 18-59 жасқа дейін тұрғындар саны - 107, ал 65 жастан асқандар 39 адам екен.

                                                        А.Арыстанова,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале