3.12.2019, 18:00
Оқылды: 140

«Ине-жіп менің ермегім»

Уәзира Жаманқұлова шағатайлықтардың ерекше құрметіне бөленген жан.Алпысты алқымдап, жасы жетпіске тақалып қалған Уәзира Ғарафақызын ауылда білмейтін жан жоқ десек артық айтқандық емес.

 

Жастар жағы ол кісіні ақылы кен қария ретінде біледі. Орта жастағылар өмірін еңбекпен өткізген Уәзира апайды үлгі тұтады.Ал, өзінің замандастары болса, қысылғанда көмекке келер жанашыр, сырлас жан деп сыйлайды.

Уәзира Ғарафақызының туған мекені Қазталов ауданы. Мамандығы – тіс технигі.Шағатайға келуіне де сол мамандығы сеп болған. 1976 жылы ол кісі жанұясымен, жұмыс бабымен осы жаққа келгенде Шағатай басы дүрілдеп тұр. Шаруашылық бай. Мектеп, мәдениет үйі, аурухана сол жылдары салынды. Ауылға келген жас мамандар отбасына жаңа үйлерден баспана берілді.Осы ауылда Уәзира апай ұл-қызын өсірді. Қазір ұлы да, қыздары да отбасын  құрып, өз алдарына ұя салды.

Жақсыны жатсынбайтын, елге әбден үйреніскен Жаманқұловтар Шағатайдан тоқырау жылдары да, Кеңес одағы ыдыраған дағдарыс жылдары да қозғалған жоқ. Өмірлік қосағын жер қойнауына тапсырған соң да Уәзира апай жылы орынын суытпай, өзіне ыстық ауылда тұрып жатыр.

Жас адамның күш-қайраты тасып тұрады емес пе?Күндіз жұмыс пен үй шаруашылығынан әбден шаршағанмен, ол ымырт үйіріле іс тігуге отыратын. Бір қызығы, іс тігуге ол кісі оқыған емес. Қазіргідей «YouTube» қарап, үйреніп алу деген жоқ. «Жеті өлшеп, бір рет кес» деген қағидамен, ізденіп, өз бетімен үйренген. Қыздарына көйлек-көншек, көпшік-көрпеге тыс, терезеге әдемі жабын дегендей, түнде отырып, таңмен ісін бітіріп тастайтын. Жаңажылдық шырша, ертеңгіліктерге тек өз балалары емес, олардың сыныптастарына да мерекелік киім дайындауға көмек беретін. Уәзира апай әже атанғанда да ол сол үрдістен жаңылған емес. Немере-жиен әжесі оюлап тұрып тіккен қазақы киімдерін мереке сайын киіп шығады.

Биыл Шағатай ауылына 90 жыл толды. Шындап келсек, Шағатайдың ауыл болғанына 90 жыл емес шығар. Әр сайы мен саласы, әр төбе-төмпешігі тарихқа толы, шежіреге бай, киелі өлке. Топырағынан небір атақты адамдар шыққан құтты мекенде тарихта аты қалған хан мен төре ұрпақтары да мәңгілік орын тапқан екен.

terekti (2)

Шағатайдан 25 шақырымдай жерде  Қызылжар деген ауыл бар.Осы маңдағы халық «Хан бейіті» деп атап кеткен ескі зиратта қазақ хандарының бірі - Кіші жүз ханы болған Әбілхайыр ханның немересі Айшуақ ханның ұлы Жантөре хан жатыр. Сол қорымда араб, шағатай және түрік тілінде жазылған ұзын саны 138 құлпытас бар. Бір жылдары өңірге белгілі журналистҚазыбек Құттымұратұлыкеліп, әрбір құлпытастағы араб жазуларын оқып, зерттеген болатын. Сонда төре тұқымы мәңгілік мекен еткен ауылда ел басқарған талай батыр-бағландар жатқанын анықтады. Міне, осы мәліметтен-ақ Шағатай ауылының тарихы терең екенін біле беріңіз.

Шағатай 90 жылдығындаат шаптырып, алыс-жақындағы азаматтарын алдырып, үлкен той жасады. Той шашуын аппақ кимешектері көз тартқан «Ақ тілек» әжелер ансамбілі мүшелері шашты. «Ақ тілектің» құрылуында да Уәзира апайдың «қолтаңбасы» сайрап тұр. Мәдениет үйіне жиналып, ауылдың мерейтойын қалай өткізу жайын ақылдасқан кезде көршілес Ақсоғымның әжелері еске түседі. «Өзімізде тап сондай топ неге құрмасқа?» деп тырысып кетті.

Мәдениет үйі директоры Жансекен Әубәкірова өзі жетекшілік етіп, құрамы Майра Қайырғалиева, Үміт Ишанғалиева, Гүлсара Акрымова, Қалампыр Қамешова, Орынай Аймурзина, Жеміс Айбекова, Сақыпжамал Мүтиева, Светлана Қайырова, Әсел Абулхасимова, Айнаш Сисенғалиевадан тұратын топ іске кірісті.

terekti (4)

Ансамбль құру жайлы сөз бастаған Уәзира Ғарафақызы «мен ән айтуға ебім жоқ, қолымнан ине-жіп ұстау келеді ғой, сендерге сахналық киім тігіп берейін» депті. Ауыл азаматы Бауыржан Нысанбаев демеушілік жасап, қажетті пұлын беріпті. Уәзира апай қозғалмай отырып, атаулы күнге дейін киімді дайын қылған.Шағатайдың 90 жылдығында қаздай тізілген ақ кимешекті әжелер тойдың сәні болды. Ерекше талғаммен, қардай ақ кимешекті, көйлекті қалай тіккен десеңізші. Аспан түстес барқыттан тіккен бешпенттің сәні қандай! Сән үйінде тігілген ба дерсіз...

«Мың естігеннен, бір көрген артық» демей ме. Жақын танысайын деп, Уәзира Ғарафақызының өзіне бардым. Ұсынықты қол ауласынан-ақ білініп тұр. Тап-тұйнақтай. Ауылдың үйі кілт-құлып дегенді білмейді ғой. Амандасып, кіріп бардым. Уәзира Ғарафақызы алдына құрал-сайманын жайып қойып, тіс протезін жасап отыр екен. «Ауылда тіс технигі түгілі, тіс емдейтін дәрігер жоқ. Бұрын жақын маңдағы ауылдардан адам келіп емделетінШағатайдың емханасында жабдықталған стоматолог кабинеті бар.  Дәрігер жоқтығынан бос тұр. Үлкендер жағы амалдар-ау, тісі ауырған балаларға қиын.Қалаға барып, тіс салғызып келген ауылдастарым протездің кемшін жерлері болса, маған келеді. Үйлестіріп, жасап беремін»,-дейді зейнетке шықса да мамандығын тастамаған Уәзира Ғарафақызы.

Өте ашық, кеңпейіл адам екен. Жалма-жандастархан да жайып жіберді. Осы жерде апайдың тағы бір қырын көрдім. Ол кісі шебер аспаз, тәтті пісіретін де өнері бар көрінді. Тіл үйірер салат түрлері, алма мен сүзбе қосқан тәтті бәліш қойылды дастарханға. Қыста қажетіне жарату үшін салат, шырын, тосап дайындап алады екен. Таныса отырып, «сізді ісмер деп, танысуға келдім» дедім.

-Еее, менің іс тігуім ермек қой. Жастайымнан ине-жіпке үйірмін. Біздің бала кезімізде әжелеріміз бен аналарымыз қасына алып отырып, кесте төгу, тоқыма тоқу, іс тігуге баулитын. Заманына қарай баласы да өзге ғой. Қазіргі тұлымдылардың ішінде де оймақтылары бар. Соларға қарап, көңілім толады-деп, төргі бөлмеге қарай жүрді. Төрде ұзынынан Уәзира апайдың қолынан шыққан әйдік көрпеше жатыр екен. Қонаққа тізе бүгер ретінде жасалған төсемнің тысы - ши құрақ.

-Ши құрақ – өте жіңішке матадан құралады. Матаның жіңішкелігі бір жарым-екі сантиметрден аспайды. Құрақ осындай жіңішке жолақтардан тұратындықтан, ши құрақ деп аталады. Бұл үлкен шыдамдылық пен еңбекті қажет ететін іс. Ши құрақтан шатаспай ою-өрнек шығару есептеуді, математиканы білуді талап етеді. Өте қызықты. Көз майыңды тауысып жинап болған соң, нәтижесін көріп, қуанамын. Осы ши құрақты оңтүстік жаққа барғанда үйрендім,- дей жүріп, тігін машинасы тұрған үстел үстінде жатқан құрақтарын да көрсетті.Ауылдастары бірауыздан мақтаған Уәзира апай осындай жан. «Жақсыны білмекке» деген, Уәзира Ғарафақызындай бесаспап, ісмер жанды сіз де біле жүріңіз.

 

Камелия Өтеу

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале