- Шағын және орта бизнесті дамыту, инвестициялық климатты жақсарту және аудан экономикасына жеке инвестицияларды тарту – біздің жұмысымыздың басты бағыттарының бірі, - деп атап өтті Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Бөрлі ауданының әкімі Миржан Сатқанов.
Айта кетейік, бүгінде Бөрлі ауданында жалпы құны 18 млрд.теңгеден асатын 31 жеке инвестициялық жобаны пайдалануға беру жоспарлануда. Бұл 600-ден астам жаңа жұмыс орындарын құруға ықпал етпек. Негізінен инвестициялар көп пәтерлі үйлердің, қонақ үй кешендерінің, супермаркеттердің, сауда үйлерінің, білім және медицина орталықтарының құрылысына, әртүрлі өнімдерді қайта өңдеуге және өндіруге, мал шаруашылығын өсіруге және басқа да салаларға бағытталған.
- Шағын және орта бизнестің әлеуметтік-экономикалық дамуда маңызды рөл атқаратыны баршаға мәлім. Аудан экономикасының құрылымында ШОБ үлесі 88,8% құрайды. Аталған салада жұмыспен қамтылғандар саны 11 792 адамды құрады, бұл ауданның барлық белсенді халқының 36,5%-ы. Бүгінгі таңда, аудан бойынша 4 707 ШОБ субъектісі тіркелген, оның 4 083-і жұмыс істейді. ШОБ субъектілері қызметінің негізгі түрлері – сауда, қызмет көрсету және көлік салалары. Президентіміздің кешегі Жолдауында шағын және орта бизнестің ел экономикасындағы рөлін айрықша атап өтті. Мемлекет басшысы «Қарапайым заттар экономикасы» және «Бизнестің жол картасы» бағдарламаларының мерзімін 2022 жылға ұластыру туралы шешім қабылдады. Бұл өңірлердегі кәсіпкерлікті дамытуға тағы да үлкен серпіліс бермек, - деді М.Сатқанов.
Нұрбек Оразаев,
zhaikpress.kz