10.07.2023, 15:30
Оқылды: 53

IQanat – мүмкіндіктер мекені

Алты жыл ішінде IQanat олимпиадасы 160 мыңнан астам ауыл оқушысын біліммен қамтыды. Олардың көпшілігі халықтың әлеуметтік осал тобынан шыққан балалар. IQanat – ауыл оқушыларын қолдауға және сапалы білім алуға мүмкіндік беруге бағытталған қазақстандық кәсіпкерлердің ауқымды жобасы.

2

Қазіргі уақытта IQanat жобасы аясында республика бойынша 166 ауданның 149-ында балаларға қамқоршылар қолдау көрсетіп отыр. Олардың арасында республикалық және облыстық деңгейдегі кәсіпкерлер де бар. Олимпиада үш кезеңде өтіп, оған Қазақстанның 166 ауданының мектептерінен 8-сынып оқушылары қатысты.

Бірінші кезеңге 37,7 мың оқушы, екінші кезеңге 7,7 мыңнан астам бала қатысты. Қорытынды үшінші кезең – IQanat олимпиадасы финалистерінің республикалық слетіне 824 ауыл оқушысы жиналды.

Тасқала ауданы бойынша төрт оқушы, оның ішінде «Сәулет» мектеп-лицейінен Ақдиана Бисенғалиева, Жаннұр Төлеу, Әсетхан Есімбек және Расим Ғарифолла осы мүмкіндікке ие болды. Бұл оқушылар өз білімін сынау жолында биік белесті бағындырып жүр. Ал қатаң іріктеуден өткен 824 оқушыдан өңірімізде тоғыз оқушы, ауданнан екі оқушы – Ақдиана Бисенғалиева және Әсетхан Есімбек бақ сынап, жеңімпаз атанды.

 Бұл олимпиада IQanat High School of Burabay мектебінде білім алуға, мұғалімдермен қарым-қатынас жасау арқылы баға жетпес тәжірибе жинауға, танысу шеңберін кеңейтуге, жалпы өмір сүру деңгейін көтеруге және соның нәтижесінде ауыл балаларына үздік жоғары оқу орындарына түсуіне мүмкіндік береді.

Ақдиана Бисенғалиева, «Сәулет» мектеп-лицейінің 8-сынып оқушысы, грант иегері:

– Бурабай көлінің етегінде орналасқан IQanat мектебіне түсу – әр балаға арман. Олимпиада ауыл балаларының ашылмаған талантын оятуға үлкен мүмкіндік береді. Болашақта бұл балалар ауылдың, ауданның, облыстың және жалпы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосады деп сеніммен айта аламын. Жалпы, мен IQanat олимпиадасы туралы күз айында, яғни бірінші тоқсанда естідім. Ол кезде олимпиада жайлы бәрімізге сынып жетекшіміз Айнагүл Молдашева түсіндіріп, байқауға дайындалуға бағыт-бағдар берді. Өз басым олимпиада, жарыстарға жиі қатысамын. Бұл олимпиада жайлы естігенде алғашында «Қарапайым олимпиада ғой, несі бар дейсің?» деп ойладым. Бірінші кезеңнен өткен соң қызығушылығым оянды. Көп іздене бастадым. Екінші кезең нәтижесі бойынша жеңімпаз атандым. Сол күннен бастап өз-өзімді қолға алып, дайындалдым. Олимпиадаға дайындалу барысында қобалжу көп болды. Себебі математика және ағылшын тілі пәні үлкен дайындықты қажет етті. Бірақ сол қорқыныш сезімін жеңуге математика пәні мұғалімі Рано Қайыррахманқызы мен ағылшын тілі пәні мұғалімі Айнагүл Едресқызы көмектесті. Математикаға кішкентай кезімнен бастап қызығушылық сезімін оятқан бастауыш сынып мұғалімі Ақжарқын Ақбалақызы болатын. Одан кейінгі сыныптарда Айнұр Сәрсекенқызы мен Нұрхат Ербайұлы. Алтын орда мектебім – «Сәулет» мектеплицейінің тәжірибелі мұғалімдері және өз отбасымның қолдауының арқасында осындай дәрежеге қол жеткізіп отырмын.  Үшінші кезең елордада, Назарбаев зияткерлік университетінде ұйымдастырылды. Республикалық кезеңге барған соң сынақтан ғана емес, әртүрлі дайындықтан өттік. Сынақ барысында бізге армандауды және әрекет етуді үйретті. Ауылдан болсақ та, мүмкіндігіміз бар екенін көрсетті. Басында «Бәрі сәттілікке байланысты» деп ойладық. Бірақ біздің күмәніміз бірден жойылды. Жеңімпаздарға әлемнің жетекші жоғары оқу орындарынан оқу гранттары берілетінін, сонымен қатар жаңа инновациялық мектепке іріктеу болатынын айтты. Тест болмаған күндері де ауыл балаларына арнап бизнесті игеру туралы тренингтер, осы мектеп тарихына еңбек сіңірген кәсіпкерлермен, директорлармен кездесулер ұйымдастырылды. Осы бес күн ішінде Қазақстанның түкпір-түкпірінен жаныма жақын достар таптым. Өзіме сенімім артты. Менің мүмкіндігім осымен тоқтамайтынына көзім жетті. Нәтижесінде IQHSB мектебіне грант ұтып алдым. Сол кездегі өз эмоциямды сөзбен жеткізу мүмкін емес.

3

Бұл керемет жоба – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ірі бизнес өкілдеріне қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді шешуден шет қалмауға шақырған үндеуінің көрінісі. Қамқоршылар – ауыл оқушыларына көмектесіп, балалардың сапалы білім алуына жағдай жасау ниетімен біріккен отандық кәсіпкерлер екенін атап өткен жөн. IQanat-тың негізгі мақсаты ауыл мектептерінде білім алатын оқушыларға өзі қалаған жарқын болашаққа қол жеткізуге көмек беру. Әр баланың қиялына қанат бітіріп, биік белесті бағындыруға демеу беретін үлкен мүмкіндік мекені.

Гүлмира Серікқалиқызы,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале