«Бұл әлемде таза жер жоқ мешіттен» деген халық арасындағы пікірге кітапхананы кіргізуге әбден болады. Оқитын ұлт қалыптастыру жолында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел болашағын нұрландыра түсетін бірқатар бастаманы көтеріп, руханиятты басты қатарға алып отырғанына көзі қарақты, кеудесі ілім-білімге толы жұрт куә. «Біз ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз. Тәуелсіздік кезеңінде елімізде кітапхана ісі кенжелеп қалды. Тоқсаныншы жылдардағы аласапыран уақытта мыңдаған кітапхана жабылды. Миллиондаған кітап қорынан айырылдық. Кейінгі жылдары жағдайды түзеу үшін әрекет жасалып жатыр. Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бейжай қарауға болмайды», - деген еді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ «Архив – 2025» жобасын жүзеге асыру жөніндегі кешенді іс-шаралар жоспары аясында жылдың соңына дейін көршілес мемлекеттердің тарих тұнған Ұлттық кітапханаларына ғылыми-іздестіру экспедицияларын жоспарлап отыр. Бұл жоғымызды түгендеп, қайта еңсе тіктеуге тамаша мүмкіндік. Әуелден адам баласының табиғаты ішкі сұранысын қанағаттандырып, тың дүниелерден ләззат алуға құмар. Ал ол құндылықтарды бізге іші толған қазына, құт алтын сандық, яғни кітап қана тарту етеді.
Осы орайда ауданымыздағы мәдени-ағартушылық ғимаратына кеңірек тоқталып, ұлт тұтастығын алға қойып, сана қалыптастыруды көздейтін кітапхана туралы тарқатпақпыз. Теректі орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде 34 кітапхана бар. Аудандық кітапхана жанынан ашылған «Қазына», Подстепный модельді кітапханасы жанынан ашылған «Жігер» коворкинг орталықтары, Ақжайық ауылдық модельді кітапханасы және 30 ауылдық кітапхана болып жіктеледі. 2024 жылдың жартыжылдық есебі бойынша 558 199 дана кітап қоры жинақталып, 16 019 оқырманға кітапхана арқылы 274 129 дана басылым берілді.
Жасыратыны жоқ ел ішінде желдей ескен бөспе әңгімелердің бір ұшы осы кітап пен кітапханаға тиіп жатады ғой. Тіпті «100 жылда кітап құриды, оқитын адам қалмайды» дегендерді де естідік. Тамырына балта шабуға асыққандардың іші күйсін деп, нық сеніммен айта аламыз. Өйткені кітапханаға келушілердің саны 110 728-ге жетті. Күні бүгінге дейін әртүрлі сала бойынша 342 жаңа әдебиет кітап қорын толықтырған. Бұл туралы аудандық кітапхананың директоры Римма Болатова айтты.
– Біз де дәстүрлі кітапхананың келбетін сақтай отырып, оқырмандардың талабы мен сұранысын қанағаттандыру мақсатында заман талабына сай жұмыстануға бет бұрып келеміз. Кітапханаларға қойылатын жаңа талап жаңа шараларды туғызатыны ақиқат. Бұл шаралар үнемі өсіп, өзгеріп, жетіліп отырады. Кітапханада өткізілетін библиографиялық шолулар, әртүрлі әдеби, тақырыпты кештер, кездесулер, кітап талдаулары, диспуттар мақсаттық бағдарламаларды да жүзеге асыруға сеп болады, - деді өз сөзінде ол.
Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде 115 қызметкер жұмыс істесе, оның 59-ы кітапхана мамандары екен. Олар оқырман қауыммен тығыз байланыс орнатып, кітапханаға өз еркімен алып-ұшып жетуі үшін тер төгіп келеді. Әр адам өзі туған топырақтың тарихына қанықпаса, өлкеміздің зиялы тұлғаларының ғұмыр жолын білмесе, ертеңнен қалайша үміт күтеміз? Осы бағытта жаңа жобалар ұйымдастырып жүрген рухани ошақтың қызметкерлері ағартушылықпен айналысқаны қандай ғажап!
– Туған жерді, елді, ол елден шыққан ел мақтаныштарын жас ұрпаққа кеңінен насихаттауды жүйелі жүргізудеміз. Көпшілік-мәдени шаралар білім беру ұйымы, ішкі саясат бөлімі, ауылдық клубтар, жастар қоғамдық бірлестігі және тағы да басқа мемлекеттік мекемелермен, қоғамдық ұйымдармен бірлесіп, өткізіледі. Кітапханашылардың жоспарға сәйкес өткізетін іс-шараларымен қоса жеке кітапханалық жобалары бар. Олар «Ұлттық өнер – ұлылығымыздың белгісі», «Библиодесант-кітаппен болашаққа», «Отбасы құндылығы – сарқылмас қазына», «Кітаппен бірге ер жетеміз!», «Тақсай Ханшайымы», «Балалар жанының бағбаны», «Ұлттық кұндылықтар тәрбиенің түпқазығы», «Әлемді кітаппен таны», «Ақжайық қаламгерлері», «Менің туған жерім» сынды жобалар көптің көңілінен шығуда, - деді кітапхана басшысы Римма Еркенқызы.
Осындай қарқынды жұмыс істейтін кітапханасы бар теректілік ағайын бақытты шығар, сірә. Олар да артылған үміт пен сенімнің жүгін түсініп, аудан атын өңірге, республикаға шығарып жүр. Қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Замира Сапарова:
– Оқырмандарымыздың жеткен жетістіктерінен шабыт аламыз. Олармен одан сайын еңбектеніп, талай шыңды бағындырғымыз келеді. Атап өтсек, биылдың өзінде Хамза Есенжанов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының ұйымдастыруымен өткізілген «Шәкәрім оқулары» байқауында Інжу Максим 2-орынға, «Кітап достық көпірі» байқауында Нұрхан Шукаев 1-орынға, Аяна Ілиясова 1-орынға, Мөлдір Сағынғали, Жасмин Қожамұратова 2-орынға, Даниял Балмағанбет 3-орынға ие болды, - деді мақтанышпен.
Сонымен қатар «Ақжайық өңірінің оқырман отбасы – 2024» байқауында жүлделі 1-орынды Долин ауылдық кітапханасының оқырмандары Иманғалиевтер отбасы жеңіп алған. Айта берсек өте көп. Оқырмандардың тағылымды байқауларға қатысуына ықпал еткен кітапханашылар да біліктіліктерін арттыруға білек сыбана кіріскен. Олар жыл сайын мәдениет және өнер саласындағы ұйымдар мен қызметкерлер арасындағы «Рухани қазына» республикалық фестивалінде «Балаларға арналған үздік кітапханалық онлайн жоба» аталымы бойынша үздік атанды. 2022 жылы Покатилов ауылдық кітапханасының «Көк сандық» кітапханалық жобасы республикаға жолдама алып, Түркістан қаласына барып, бақ сынады. Биыл аталмыш байқауға Төңкеріс ауылдық кітапханасы «Үздік ауылдық кітапхана» аталымы бойынша қатысып республикалық кезеңге өтті. Әрдайым ізденісті талап ететін мамандықты арқалағандар ұлт болашағы үшін тікелей жауапты. Римма Болатова мұны бір сәтке де естен шығармаса керек, өзі басқаратын орталықтандырылған кітапханалар жүйесі ІІ жартыжылдықта 297 газет пен 372 журналға жазылыпты. Оқырмандарға жағдайдың неше түрі жасалған. Осы тұста теректілік жастардың арасында «Соңғы оқыған кітабыңыз қандай» сауалнамасын жүргізген едік. Назарларыңызға ұсынамыз!
Гүлмира Тоқтарова:
– Мен соңғы Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпанын» оқыдым. Негізі өзіме қазақ әдебиетіндегі қазақ арулары жөнінде жазылған шығармалар ұнайды. Қазақ қоғамында қыз баласының орны әдебиетімізде ерекше бейнеленген. Соның ішінде «Ұлпан» шығармасында қыз баласының өміріндегі әр кезеңі суреттеліп қоймай, оқырман көңілін терең ойға батырады. Әкесінің ерке қызы, ер баламен теңдей өскен Ұлпан Есеней сұлтанның жары болып, ел алдында ел анасы, екінші Есеней атанады. Есеней сырқаттанып жатып қалған шағында аға-сұлтандар мен би-болыстардың алдында сөз сөйлеп, үкім шығарады. Кейін жалғыз қызын дүниеге әкеліп, ана атанады. Жарынан айырылып, бар байлығын қызы мен күйеу баласына береді. Осылай оқиға күрделеніп, ол азаптың азабын көреді. Маған ерекше әсер еткені моншадағы Ұлпан есімі жазылған құлпытастың қалануы болды.
Бақытгүл Қабашева:
– Соңғы Ник Вуйчичтің «Шектеусіз өмір» кітабын оқыдым. Кітапханаға бармаймын деп айтуға болады. Бірақ «Марвин» кітап дүкеніне жиі баруға тырысамын. Көбінесе ғаламтордан электронды психологиялық бағыттағы кітаптарды оқимын. Қазақ әдебиетіне қарағанда шетелдік кітаптарды парақтаймын. Әйтсе де, жаңадан жарық көрген отандық жас қаламгерлердің де кітаптарын оқып, айналама насихаттаймын. Көп кітаптың ішінен өз болмысыма келетінін таңдаймын.
Айсұлу Жармұхамбетова:
– Өзімнің жеке кітапханамды толықтырған ұнайды. Нақты бір жанрда ғана кітап оқимын деп айта алмаймын. Өйткені мен оқитын кітап жанры сол сәттегі көңіл-күйіме байланысты болады. Көркем әдебиетті оқығанды ұнатамын. Оның ішінде қазақ әдебиеті де, шетелдік авторлар да бар. Ішкі күйзелісіме немесе жеке мәселеме байланысты психологиялық кітаптарды да оқып отырамын. Соңғы оқыған кітаптарым – Асанәлі Әшімұлының «Майраның әні» және Елжас Ертайұлы «Жұбайыңның жүрегін жаралама, жаула». Актер әрі жазушы Асанәлі Әшімов бұл кітапты күнделік жанрында жазған. Кітапты оқи отырып, сіз Асанәлі болып, оның жарымен тілдескендей күй кешесіз. Автордың жарына деген кіршіксіз таза махаббатын, жары дүниеден өткеннен кейін қалай қиналғанын сезінесіз.
Ақтілек Әлібекұлы
Теректі ауданы
zhaikpress.kz