23.05.2022, 13:00
Оқылды: 73

Іскер әйелдер бас қосты

Теректі ауданының іскер әйелдері кеңесі өткен аптада Ақжайық ауылында үлкен басқосу өткізді. Бұған дейін Теректі ауданының әр округінің орталығында болып, жергілікті әйелдердің кәсіп-өнерімен танысқан кеңес мүшелері осы Ақжайық ауылында көшпелі кеңес жұмысын қорытындылады. Бұл отырыстардың қай-қайсына да қатысып жүрген аудан әкімі Тілек Ғабдушев осы жолы да шет қалмады.

IMG-20220521-WA0085

Теректі ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, Ақжайық ауылдық округі әкімі аппараты, Ақжайық мәдениет үйі  қызметкерлері отырыстың толыққанды тиімді өтуіне бар жағдайды жасаған. Бір шеті Долинное мен Богдановтан, бір басы Шағатай мен Шалқардан келген кәсіпкер әйелдер өз өнімдерінен жайған көрме-сөре көздің жауын алады. Шалқардан Айнұр Хаирова, долиндік Гүлжиян Аманқұлова, шағатайлық «Дарын», «Ри-Ал» қожалықтарының сүт өнімдері мен тәтті тағамдары, Теректі ауылынан келген ісмерлер туындылары, тіпті, айта берсең әр сөренің басы жеке тоқтап айтуға тұрарлық. Дегенмен, жергілікті іскер де ісмер жандардың жұмысы Ақжайықта ең бір еңбекқор халық тұратынын паш еткендей. Әсіресе, Абай ауылынан келген қыздардың тәтті тағамдарын көрсеңіз, ең бір мақтаулы кондитерлер дайындаған тағамынан еш кем демес едік.

IMG-20220521-WA0084 (1)

Аудан әкімі Тілек Ғабдушев, әр округтің іскер әйелдер кеңесі мүшелері, округ әкімдері Болат Қадырәлиев, Әсет Әубәкіров, Талғат Манатауов, Теректі ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысы Арайлым Тасенова, ауданның кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Азат Әубәкіров әр сөренің басында болып, кәсіпкердің жұмысымен танысты. Шағын да болса кәсіп бастаған әйелер осы жерде өздеріне не жетіспейтінін айтып, кейбірі көмек сұрап жатты.

Дөңгелек үстел басындағы кеңесте де кәсіпкерлік, несие және грант алу, өнім өткізу орындарын табу жайында сөз болды. Анар Қайрекенова, Майра Исенова, Гүлжиян Аманқұлова өз ісін дамыту үшін қандай қадамдар жасағанын айтып, тәжірибе бөлісті. Подстепноеда шұжық жасауды бастаған Жанат Хамитова жаңа істі бастауда туындаған қиындықтар жайын айтты. Әсіресе, кәсіпкерлер  дайын өнім өткізуде тоқталысқа тап болатын көрінеді. Жол бойында жатқан  Долин, Ақсуат, Шаған, Подстепное округтерінде сүт-ет өнімдерін  жақын жердегі Ақсай, Орал қалалары базарына шығаруға мүмкіндік бар. Алыс Ақсоғым, Шалқар, Шағатайда жергілікті халыққа ғана ұсынатын көрінеді. Және де, торт-бәліш сияқты тәттілерді тек тапсырыспен жасайды. Ал, нан, сүт өнімдерін сату қиын. Өйткені, ауылда көбі мал ұстайды, айран-қаймақ өздерінде де бар. Сондықтан, аудан әкімі облыс орталығында «Теректі өнімдері» дүкенін ашу керек деген бастама айтты. Тағы бір жақсы ұсыныс Покатиловка ауылдық округі іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Қарылғаш Сералиевадан түсті. Ол ауылда тұратын, өз қолындағы малының сүт-майын пұл қылып отырған келіншектерді бірігуге шақырды. «Жаяудың шаңы шықпас, жалғыздың үні шықпас» деген, жалғыз-жалқы қарекетпен кәсіп құру оңай емес. Ал, үш-төрт адам біріксе, өнім де мол болады, оны өткізу де жеңілдейді емес пе... Осы орайда Қарылғаш Қасымқызы Покатиловка ауылында өзі басшылық жасайтын «Қарылғаш» кооперативі үлгісінде жұмыс жасау тәсілін баяндап берді. Ал, долиндік Гүлжиян Аманқұлова өз округтерінде осындай жолмен  бірігуге ойлары бар екенін айтты.

Жалпы,  осындай өз кәсіптерінің осал тұстары мен қиындықтарымен қатар пайдалы жағын айтқан тәжірибелі кәсіпкерлердің сөзін ісін жаңа ғана, шағын кіріспен  бастаған жандар ұйып тыңдады. Арасында сұрақ қойып, өз ойларын да айтып отырды.

10

Грант, несие алу жайында жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысы Арайлым Махметқызы түсіндіріп, ереже-тәртіптері өзгеріп жатқанын айтып өтті. Соған байланысты биыл грант беру де кешігіңкіреп жатыр. Дегенмен, «аудан бойынша 261 адамды грантпен қамти аламыз» деген мәлімет берді. Инновациялық жобалар бойынша несие жөніндегі сұраққа   ауданның кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Азат Әубәкіров жауап берді. Бұл жерде инновациялық жобамен жұмыс жасайтын кәсіпкердің есеп шотында жоба қаражаты көлемінен 10 пайыз капитал, яғни, ақша болуы тиіс көрінеді.  Ауылдық жерден келген шағын кәсіпкерлер «осындай грант-несие жайында көбінесе хабарсыз қаламыз. Хабардар болғанның өзінде кей талаптарын жете түсінбейміз. Сондықтан, мемлекеттік бағдарламалар беретін мүмкіндікті пайдалана алмай қалып жатамыз» деп отыр. Осыған байланысты, аудандық газет, әлеуметтік желілер  арқылы кәсіпкерлікке жетелейтін бағдарламалар мен  жобалар жайында құзіретті мамандар, тәжірибелі кәсіпкерлер хабар беріп тұрса деген тілек айтылды.

Кеңес отырысында айтылған тағы бір жақсы әңгіме  – Ақжайық ауылында қайырымдылық дүкенін ашқан Ғазиза Рахметованың тәжірибесін тарату болды дер едік. Ғазиза Рахметқызы жарамды, тіпті су жаңа киім-кешек, аяқ киім, төсек-орын бұйымдарын жерлестерінен, таныс дос-жарандарынан  қабылдап алып, сондай көмекке қажеттілігі бар отбасыларға таратып отыр.  Осы дүкен жайлы естіген кей жомарт жандар ақшалай да жіберетін көрінеді. Ондайда округтегі аналар кеңесінің төрайымы ретінде осы маңдағы біраз адамды танитын ол   азық-түлікпен де қамтамасыз етеді екен. Ғазиза Рахметқызы «көмек берген кезде адамның көңіліне келіп қалмауын, балалар  ұялмауын ойда ұстаймын» деп адамгершілік тарапынан биік адам екенін көрсетті. Аудан әкімі Тілек Александрұлы: «Осындай жақсы адамның  үлгісін қолдана отырып, әр округта болмағанымен, тағы да екі-үш ауылда қайырымдылық дүкендері ашылса, қиын жағдайға тап болған талай отбасының тірлігін жеңілдетуге болар еді» деп, Ғазиза Рахметқызына алғысын айтты.

9

Ия, әйелдер нәзік жанды. Қиналғанға көмек беруге бейім. Осы жерде де олар дүр етіп, «жақсы бастама» деп жатты. Әр қайсы өз отбасы, өз бала-шағасы үшін іс бастап, кәсіп қылған жандардың  осы сөзінен әйел бүгінгі қоғамның тірегі екенін аңғаруға болады. Бағзыдан қалған «қатын бастаған көш оңбас» деген мақалды заманға қарай өзгертіп «әйел бастаған кәсіп оңады» десек болғандай біздің теректілік іскер әйелдерге қарап.

Іскер болсын, ісмер болсын, ең бастысы, бастаған кәсіптеріңіз табысты болсын!

Камелия Өтеу,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале