Сырымдықтар жеңіс тойын үсті-үстіне тойлап, аптықтарын баса алмай жатыр. Күні кеше бұлдыртылық балуан Нұрлан Бекжанов еркін күрестен ардагерлер арасында өткен ғаламдық жарыста топ жарса, арада апта өтпей жатып Айкөркем Ихсанова Испанияның Понтеведра қаласында грэпплингтен өткен Әлем чемпионатында жеңімпаз атанды.
Айкөркем – Бұлдыртыдағы еркін күрес мектебінің түлегі. Күрес әліппесін белгілі жаттықтырушы Руслан Бекжановтан үйренген. Қазір Орал қаласындағы Жәңгірхан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде оқиды.
Алғыр ару бұған дейін еркін күреске ерекше көңіл бөліп, облыс біріншіліктерінен бірінші орынды бермей жүрді. Кейін аңсары күрестің барлық әдіс-тәсілін жинақтаған қоян-қолтық арпалыс – грэпплинг спортына ауды. Табандылық пен жігер Ихсанованы Испанияда әлемнің алтынына жеткізді.
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz