18.01.2024, 16:45
Оқылды: 58

Ізашар

«Жаңарған – өңір» газетіне 90 жыл

 Өзін көрмей тұрып, есіміне сырттай қанық болған және бала кезімнен бір көруге ынтық болған адамдарымның бірі - журналист Ізбасар Өтеуов еді.

Ізашар

Суретте «Жаңарған өңір» газеті редакциясының ұжымы мен штаттан тыс тілшілері. Сол жақта отырған газет редакторы Ізбасар Өтеуов

Біз орта мектепті бітірер қарсаңында «Қой шаруашылығы – жастар еншісі»  атты бастама көтерілді де мектепте бас қосқан жиындар көбейіп кетті.

Сондай күндердің бірінде мектеп жанындағы жатақханада жайбарақат жүрген біздерді қойдай айдап апарып, мектептің бір сыныбына жинады.

Былайғы күндері жер қозғалмай қозғалмайтын сабырлы, сырбаз мұғалімдеріміздің өзі апыл-ғұпыл қимылдап, жүрістері де шираған. Әлсін-әлсін біздерді түгендеп қоюды да ұмытар емес. Сөйтсек ауданнан өкілдер келмекші екенде, олардың мақсаттары біздерді қой бағуға үгіттеу екен.

Қонақтар көп күттірген жоқ, үш-төрт адам. Орталарында шашын биіктеп түйген, ақсары, өте ажарлы әйел адам бар.

Мектеп директоры Мұқашев Тасболат ағамыз келген қонақтарды шетінен таныстыра бастады. Ажарлы да айбарлы апамыз сол кездегі аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Алма Төлегенқызы Жалмұқанова екен. Тағы бір-екеуін ұмыттым. Ал дембелше, көзінде көз әйнегі, бояуы қанықтау, шашын өте қысқа етіп алғызған ағамыз аудандық «Жаңарған өңір» газетінің редакторы Өтеуов Ізбасар екен. Одан кейін сөйлеушілрдің бірінің де сөзі құлағыма кірген жоқ. Екі көзім редакторда. Ол болса әлсін-әлсін қойын кітапшасына бірдеңелерді түртіп қойып, тіпті қаперсіз отыр.

Ізашар (2)

Енді ағамыз сөйлеп, бір-екі ауыз бірдеңе айтса екен – деп тіледім. Жиынымыз қанша уақытқа созылды, білмеймін. Бір кезде сынып болып дүркірей көтерілгенде барып ағамыздан көзімді ажыратып, көппен бірге мен де есікке ұмтылдым. Ағамыз сол үндемеген қалпы аттанып кетті. Артынша мен де жедел-ғабыл екі-үш өлеңімді ағамыздың атына жөнелтіп жібердім. Көп ұзамай ол дүниелерім тасқа басылып, жарыққа шығып, өз ортамда менің де мерейімді көтеріп тастады.

Арада екі жыл өткен соң екі өлеңіммен ағаның алдында тұрдым. Сондай елгезек, ақ жарқын ағамыз сөзге келместен қызметке қабылдап, менің бүкіл ғұмырыма азық болған журналистік қызметім осылайша басталған еді.

Осы бір ақкөңіл, аяулы жанмен жеті жыл қызметтес болдым. Қамқоры мол аға менің жоғары оқу орнына сырттай оқып, білімімді жетілдіруге барлық жағдай жасады.

Осы аз ғана мерзімде әуелі хат бөлімінің меңгерушісі, кейін жауапты хатшы лауазымына шейін көтерді.

Ізі-ағаңның тәрбиесін көрген жалғыз мен емес едім. Қызметін осы мекемеде жүргізушіліктен бастаған Еламан Әйпешов бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы болып, кейін облыстық телевидениеге ауысты. Қазір Қазақстанның құрметті журналисі.

Орта біліммен газет табалдырығын аттаған Серікқали Хасанов, бұл күндері республикалық «Ақиқат» журналы бас редакторының орынбасары. Қазақстан жазушылар одағының мүшесі.

Ғабит Молдамұратов – «Ақ Жайық» журналын басқарды.

Шахин Амангелді онға жуық кітаптың авторы. Қазақстан жазушылар одағының мүшесі.

Ақзия Батыргереева– Ұлттық кітапхананың қызметкері. Айта берсек бұл тізім ұзара береді.

Біз кейде, басымыз қосылып кеткенде өткен күндерді әңгімелеп, асыл ағаларымызды еске түсіреміз. Сол кезде алдымен ауызға алатынымыз Ізбасар ағамыз.

Із-ағаң бір адамға болмасын демейтін, ерекше ақкөңіл, бала мінезді жан еді. Кейде бір көңілі шалқып кеткенде «біз өзіміз бір университетпіз» деуші еді. Қазір де біз шынымен ағамыз ізбасар емес, ізашар болған екен-ау дейміз.

Ағамыз керемет әнші еді. Қайсыбір отырыстарда ащы дәмнен алыңқырап жіберіп, жоғары ноталы батыстық әндерге салғанда, алдына қара түсірмейтін. Домбыраны да келістіріп тартатын.

Әттең, дүние-ай, ғұмыры қысқа болды. Бар болғаны 45 жасында бұл дүниеден баз кешті. Әйтсе де Із-ақаңның қолтаңбасы аудандық «Жаңарған өңір» газетінде, есімі шәкірттерінің жүрегінде мәңгі қалды.

 

Закария Сисенғали,

Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале