Музыка – махаббат. Музыка – лекіген көңіл күй. Аудандық саз мектебінің сольфеджио музыка әдебиеті пәнінің жоғары санатты ұстазы Меңдіқыз Айтжанованың табиғаты ғаламат әуенмен үндес. Кішкентай кезінен өнерге жаны жақын болыпты. «Анасы жақсы қандай-ды» деп өлең шумақтарында айтылатындай, мамандығын адаспай табуы өмірде жанашыр жандардың дұрыс бағыт беруінен орын алса керек.
Иә, бүгінде сонау қалақтай кезінен жүрегінде бүр жарған арманына қол жетіп, шәкірт тәрбиелеп келе жатқан ұстаздың анасына айтар алғысы шексіз. Анасы Жамал көбіне үйдегі үбірлі-шүбірлі балаларды жинап, ән салатын. Бала тәрбиесіне өте көп көңіл бөлгенін бүгінде Меңдіқыз Шәріпқызы сағынышпен әңгімелейді. Мұның бәрі күні кешегідей көңіл төрінде керемет естелік боп тұрақтап қалған. Балалар үйінде тәрбиеленген анасы Жамал Хисметқызының дауысы да керемет тұғын. Әу бастан өнерге жақын болғасын ба, балаларының да бос уақытын текке өткізбей, музыкамен дос болуларына ден қойды. Әкесі Шәріптің де аталары киелі Жаңақала ауданымен шекаралас Бөкей ордасының Ұялы ауылында тірлік кешкен екен. Сол жақтан Тасқала өңіріне қоныс аударған. Атасы Қожай марқұм (әкесінің әкесі) өте шебер домбырашы болған. Анасы Фурманов ауданының тумасы. Нағашы атасы да музыкаға жақын, суырыпсалма ақындығы бар жан болған деседі. Сондықтан да шығар, отбасындағы 7 баланың 4-еуі кәсіби музыка маманы атанды. Балаларын бақытына балаған Жамал ана отбасында бар бүлдіршіндерінің бойындағы өнер ұшқынын оятуға күш салды. Сол уақытта кез келген үйден табыла бермейтін музыкалық аспаптар бұлардың жанұясында үздіксіз «ән салып» тұратын. Баян, домбыра, сырнай, гитара тартып өскен балақайлардың уақыт өте келе өнерге жақын болмайтын жөні де жоқ еді. Ата-анасының Ресейдің Саратов қаласынан сырнай алып келгені де есінде. Анасы қоңыр дауысымен сызылта ән салып, үйдегі ұл-қыз оған қосыла шырқайтын. Керемет естелік десейші?! Қазір ойлап отырса, оның өзі үлкен тәрбие мектебі екен ғой. Әлде бұл өнерді ұштастыра білуінен орын алған құбылыс па еді?! Балалардың әрқайсысы да шынымен де өнерден құр алақан болған жоқ. Әр түрлі аспаптарда еркін ойнайды. Ән салды. Ұйымшыл боп өсті.
2-Шежін ауылында туған Меңдіқыз Шәріпқызы 1988 жылы Орал мемлекеттік музыка училищесінің музыка теориясы факультетін бітіреді. Алғашқы еңбек жолын туған ауылында орта мектептің музыка пәнінің мұғалімі болып бастайды. Өнерлі бүлдіршіндерді ауыл сахнасына шығарып, бұл жерде де жалынды жас тынымсыз қызметімен көрінеді.
«Тәжірибе – жылдардың жемісі» дегендей, 1990-93 жылдары Казталов ауданына ат басын бұрып, ол жерде музыка мектебінде сольфеджио музыка әдебиеті пәндерінің мұғалімі боп өзге ортада қызметін жалғастырады. Кейін Тасқала ауданына қайта оралады. Бүгінде аудандық саз мектебінде талапты шәкірттер тәрбиелеуде. Өзін білімді, ізденімпаз ұстаз ретінде көрсете білген Меңдіқыз Шәріпқызының жетістіктері де бір төбе. 2005 жылы БҚМУ-дың музыкатану факультетін бітіріп, жоғары білімді музыкатанушы дипломын да алады. Әрине, өз саласын жан-жақты меңгерген ұстаздың басты ұстанымы шәкірттеріне өз ана тілінде нұсқаулықтар жазып, білімдерін еселей түсу еді. Тыным таппай ізденді. 1990 жылдары облыстан сольфеджио музыка әдебиеті пәндерінің оқулықтарын қазақ тіліне аударған алғашқылар қатарынан көрінді. Өзі мектепті орыс тілінде бітірсе де, шәкірттерінің ана тілінде оқуларына үлкен мүмкіндік жасады. Және ауданда да балалар саз мектебінде жоғары санатқа ие болған алғашқы ұстаз екенін айта кеткен жөн. Сонымен бірге білімді ұстаз екі әдістемелік нұсқаулықтың авторы. Аударма жұмысымен де
айналысады. 1-3 сынып оқушылары үшін «Сольфеджио» әдістемелік нұсқаулығы мен 3-5 сынып шәкірттеріне арналған «Музыка әдебиеті» әдістемелік нұсқаулығы БҚО-ның барлық аудандарына таралып, үлкен сұранысқа ие. Мектептің даярлық және 1-сыныптарға лайықталған «Нота әліппесі» авторлық жұмысын да аяқтағанын айта кеткен жөн. Меңдіқыз Шәріпқызы – отыз жылдық қызметінде сольфеджио сабағы сатылы түрде дамуына үлкен үлес қосып жүрген білікті ұстаз.
Жан дүниесін керемет әуен кернегенде күйтабаққа отыра қалып, ішкі лекіген сезім селін басатын кейіпкерімнің әр күні шәкірттерімен бірге. Өлшеулі уақыт ішінде сабақ беріп қана қоймай, оқушының өзін-өзі ұстау мәдениеті, талпынысы, құштарлығы, сезімталдығы сынды адами қасиетін назардан тыс қалдырмайтын Меңдіқыз Шәріпқызы балалардың өз ана тілінде білім алуына ынтызар. Иә, шынымен де, әр оқушысының сольфеджио пәніне деген қызығушылығын оятып, талаптыларының аяқ алысына жіті назар аударып жүргені де ізденімпаздылығынан хабар береді. Осынау мол тәжірибесінде қаншама жас мұғалімдерді демеп, қолдап жүргені жайлы әріптестері де жылы пікірлерін айтудан жаңылмайды.
Ұжымда зор беделге ие ұстаздың әр күні сүйікті мектебінде. Кәсібіне деген зор құрметтің арқасында беделі де биіктен көрінеді. Отбасында аяулы ана, қадірлі жар, сүйікті әже. Жұбайы Айболат Халенов –денсаулық сақтау ісінің үздігі. Бүгінде аудандық ауруханада хирург. Қыздары Балауса мектептің «Алтын белгі» иеленген мақтаулы түлегі (қос дипломды маман) болса, Еңлік – студент. Болашақ ағылшын тілі маманы. Қуаныш мектепте.
Жиендері де сүйкімді қылықтарымен қуантып өсіп келеді. Бос уақыттарында әдістемелік жұмыстарды орыс тілінен қазақшаға аударумен айналысады. Адалдықты ең басты құндылық деп түсінетін кейіпкеріміз адам бойына жағымды қасиеттердің орнығуы отбасындағы тәрбиенің дұрыс қалануынан екенін айтудан жаңылмайды. Халық әндерін ұнататын ұстаздың көктем мезгілін жақсы көруі де кездейсоқтық емес. Жан дүниенің тынымсыз бұлқынысы оны өнер деп аталар киелі әлемге аяқ бастырғаны анық. Жылт еткен жақсылыққа қуанып отырады. Бізге ұстаздың ішкі әлемі махаббат аспабында ән салып тұрғандай көрінді. «Көктем әні», «Ұстаз» атты туындысын оқырман назарына ұсынып отырмыз.
Т.Тек,
Тасқала ауданы
zhaikpress.kz