28.01.2025, 9:00
Оқылды: 314

Ізгі тілек, ізетті мінез иесі

Ел іші саналы ғұмырын еліне қызмет қылуға арнап, еңбек майданында піскен еңбеккер жандарды аса құрметтейді, үлгі тұтады. Еңбек жолы да, өмір жолы да өнеге боларлық жандар ауданымызда аз емес. Солардың бірі, адал еңбегімен аудан өркендеуіне елеулі үлес қосып, абыройлы қызметімен айналасына сыйлы бола білген Сапарғали Ердібеков туралы жазғымыз келді.

Изображение WhatsApp 2025-01-13 в 11.25.00_df3d5e31 (1)

Қырқыншы жылдың 28-ақпанында Қаратөбе ауданының Қоскөл ауылында дүние есігін ашқан Сапарғали атаның балалық шағы қиыншылықтарға толы болған. Құндақтағы кезінде әкесі дүние салып, көкесінің(әкесінің ағасы) тәрбиесінде болады. Соғыс жылдарындағы қиын-қыстау кезеңдер ерте есейтіп, жастайынан шаруаға араласады. Көзін ашқалы еңбекте қайнаған жас бала өз күшімен сауатын ашып, Мұхит атындағы Қаратөбе орта мектебінде білім алып шығады. Венгрияда 2 жыл әскери борышын өтеп келіп, 1962-1967 жылдар аралығында Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтын «Зоотехник» мамандығы бойынша тәмамдайды.

Изображение WhatsApp 2025-01-13 в 11.24.59_2b0494d8 (1)

Сол кезден қызмет жолын бастаған Сапарғали ата 40 жыл бойы қажырлы еңбек етеді. Жас маман 2 жыл интернатта тәрбиеші болып, 1967 жылдан Қаратөбе ауданының Қоскөл совхозында, кейін Қалдығайты, Шөптікөл ауылдарында зоотехник, бас зоотехник болып жұмыстар жасайды. 1979-1983 жылдар аралығында Шыңғырлау ауданы Алмаз совхозында бас зоотехник, 1983-1985 жылдар аралығында аудандық ауылшаруашылық бөлімінде бас зоотехник, 1985-1989 жылдар аралығында мемлекеттік сақтандыру мекемесінің директорының орынбасары, кейін  Жаңакүште зоотехник, дайындаушы болып қызмет етеді. Аудандық ауруханада экономист лауазымында қызмет атқарып, 2003 жылы  осы мекемеден зейнетке шығады. Жылдар бойғы еңбегі еленіп «Еңбек ардагері» медалімен марапатталып, көптеген Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарға ие болған.

Изображение WhatsApp 2025-01-13 в 11.24.58_837e4ce2 (1)

Еңбекке әбден үйренген жан зейнет жасына шыққан соң да аудан мешітінде имам болып қызмет еткен. Алматы, Орал қалаларында білім алып, діни сауатын арттырып, жаңадан салынған имандылық ұясының 12 жыл тізгінін ұстады. Адалдық пен адамгершілікті серік етіп, имам ретінде өзіне жүктелген міндеттерді толығымен атқара білді. Халықтың қуанышын да, қайғысын да бөлісіп, білімі мен біліктілігін адал іске арнады. Сапарғали ата қазіргі таңда да  үйде бос отырмайды екен. Сәбидің есімін қою, неке қию, тағы да басқа рәсімдерді өткізуін қолқалай келгендердің бетін қайтармай, өтініштерін орындап жүр.

Изображение WhatsApp 2025-01-13 в 11.24.59_bc2e7c60 (1)

Қиналғанға көмек беріп, адасқанға жол көрсеткен қарияның ауылдастарына көп еңбегі сіңді. Соның арқасында ауылдың үлкен-кішісі бірдей сыйлап, құрметтейді. Ауылдастарының алдынан кесе өтпей, сәлемінен танбай, ізет-құрмет көрсетуі - Сапарғали атаның саналы ғұмырында жасаған жақсылықтарының өтеуі, төккен тер мен елден алған абыройдың жемісі.

Еңбек жолымен қатар қарияның өмір жолы да көпке үлгі. Өткен ғасырдың 65-ші жылдары Клара Дүйсенғалиқызымен отау құрып, қазір өсіп-өнген әулетке айналып отыр. Сонау Алматыда оқып жүргенде табысқан білек пен жүрек әлі күнге ажырамай, 60 жыл бойы бір-біріне арқа сүйеп, өмірдің қызық-шыжығын қатар көріп келеді. Бүгінде төрт баладан тараған 6 немере мен 2 шөберенің қызығын көруде. Зайыбы Клара әженің оқу-білімге жақындығының, Сапарғали атаның еңбекқорлығының арқасында шаңырақта адалдық пен еңбекқорлық, ақыл мен білім үйлесім тапты. Осындай жанұядан әрине, елжанды, ұлағатты ұрпақ тарайды.

Еңбек жолы да, өмір жолы да үлгілі Сапарғали Ердібеков бүгін міне аяулы жар, асқар тау әке, ардақты атаға айналып, ауданымыздың белгілі, беделді ақсақалдарының бірі болып отыр. Жүрген жерінде жақсылық деп жар салып жүретін қария елінің, ауылының жетістіктеріне қуанып, мақтанып отырады. Көпті көрген ол «Мемлекет барлық жағдайды жасап жатыр. Қазір қажеттінің бәрі бар. Өткенге қарап шүкіршілік етіп, барға қанағат ете білу керек. Сонда ғана несібеміз арта түседі. Ең бастысы көк туымыз көгімізде желбіреп тұр, одан асқан бақыт бар ма?!»,- дейді.

Изображение WhatsApp 2025-01-13 в 11.25.00_16e2a134

Жарқын болашақтың кепілі - жастар жайында да: -Бүгінгі заман жастары- оқыған, тоқыған, көзі ашық, көкірегі ояу. Сауатты адам тәртіпті, тәрбиелі болады. Үлкендер қауымы жастарды сынап-мінемей, керісінше олардан көп нәрсе үйренуі керек. «Жақсылық көрсең - өзіңнен, жамандық көрсең - өзіңнен» дегендей, олардың мінін тергенше, демеу болып, қолдау көрсету керек. Ал жастар, ең алдымен елін сүйсін, жерін қорғасын! Қандай қиыншылықпен келген тәуелсіздіктің қадірін білсін. Өмір бір орында тұрмайды. Ертеңгі күн бар, келешек ұрпақ бар, ендігі солардың қамын ойлайтын осы жастар. Жақсы білім алып, адал еңбек ету әрбір азамат, азаматшаның ең басты мақсаты болу керек. Сонда ғана келешегіміз кемел, болашағымыз жарқын болады,- деп өз ойын айтып, өскелең ұрпаққа ақыл-кеңесін беріп жүреді. Міне, осылай терең ойлап, алысқа көз салатын көнекөз қарияның, әрине, сөзі құнды болады.

« -Жылан жылы жақсылығымен келсін. Іргеміз берік, тәуелсіздік тұғыры биік болып, ел көші алға бассын! Ел қамын ойлаған басшылар аман болып, халық игілігіне қызмет ете берсін. Ішкі алауыздықтан, сыртқы жаудан сақтасын. Еліміздің беделі асқақтап, әлемде алдыңғы қатардағы ел болайық,- деген биылғы жылға ақжарма тілегі де бар. «Әр адам ең бірінші өзіне сыншыл болсын. Кімді, я нені сөз етпес бұрын өзіне «Менің пайдам тиді ме? Қандай үлес қостым?» деген сұрақ қоюы керек. Пайдасы тимеген адамды, үлесін қоспаған істі сынға алу - наданның ісі. Сондықтан түзу жолда, адал еңбекпен өмір сүру – нағыз жетістік» деген ұстанымды серік еткен ол өмірде де, қызметте де үлкен жетістіктерге жетті. Міне, сондықтан да Сапарғали атаны ауылдастары үлгі тұтады, құрметтейді.

Жақсылықтың жаршысы, ауылының жанашыры Сапарғали атаның өзінен, сөзінен түйеріміз, үйренеріміз көп. Еңбегі ел аузында жүрген осындай еңбек адамдарын ардақтау- бүгінгі жастар буынының парызы.

 

Гүлжазира Асу,

Шыңғырлау ауданы

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале