Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Бөрлі ауданында облыстық жастар ресурсы орталықтары арасында "JRO BARYSY" турнирі өтті.
Жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастырып, қазақ күресінің мәртебесін өсіру мақсатында ұйымдастырылған жарысқа өңірдің сегіз ауданы мен Орал қаласының намысын қорғаған ресурстық орталық қызметкерлері қатысты.
Палуандар бәсекесінің қорытындысында жарысқа Бәйтерек ауданы атынан барған Темірлан Батырбаев қарсыластарын қоғадай жапырып, "Түйе палуан" атанды.
Алғаш рет ұйымдастырылған осынау турнирдің басты бәйгесін ауданға алып берген Темірлан Сержанұлы ұйымдастырушылар тарапынан берілген диплом, арнайы белдік және қомақты ақшалай сыйлықпен марапатталды.
Чиров ауылында қызмет жасайтын Темірлан тек спортта ғана емес, қоғамдық өмірде де белсенді. Болашақта ауыл балаларын спортқа баулып, чемпиондар тәрбиелеуді көздейді.
Түгелбай Бисен,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz