3.07.2020, 11:45
Оқылды: 465

Қабдол Тілеков: «Басқа елде беташар жоқ»

Қымбатты оқырман,«Асау толқын» айдарының мейманы – жігіттің төресі, сегіз сырлы, бір қырлы өнер иесі, жерлесіміз Қабдол Тілеков. Кіндік қаны тамған жер - Теректі ауданы, Шалқар ауылы. Қабдол Әбуханұлы 1993 жылы, қазан айының 3-і күні дүние есігін ашқан. Қос мамандығы бар. Бірі - музыка пәнінің мұғалімі, бірі - заңгер. Жас та болса есімі елге танылған Қабдолмен телефон арқылы тілдескен едік.

E2723152-F089-449E-AA4A-3BB297F3E221

-Сәлем, Қабдол! Есімінді «Қабдол» деп кім еншіледі? Бұл есім қандай себеппен  қойылды?

-  Сәлем!  Есімімді атам қойған.  Бір қызығы,  атамның атасының аты Қабдол,  әжемнің ағасының аты да  Қабдол болған. Атам өнерден қара жаяу болмаған.

- Қазіргі таңда қай жердің ауасымен тыныстап жүрсің?

- Бір жыл жарым болды, Алматы шаһарында тұрып жатырмын.

- «Жастар – болашаққа апаратын алтын көпір».Келешекті жастарға сеніп тапсыруға болады ма?

- Әрине, сенуге болады. Жастар білімді, сауатты. Оларды әркез тәрбиелеп, дұрыс жолға бағыт беріп, жөн-жосықты айтып түсіндіріп отырса, олардың қолынан бәрі де келетіні хақ. Жастарға жағдай жасалуда.  «Жұмыс істеймін» деген жастарға мүмкіншілік бар. Ешқандай қиыншылық көріп жатырған жоқпыз.

-Көпшілік «бүгінгі уақытта жастар бұзылған, олар анандай, олар мынандай» деп көп айтады. Неге?  Өзің жассың, жастардың бел ортасындасын. Жалпы,  жастар қандай?

- Иә, өкінішке орай көпшіліктің пікірі осы. Шыны керек, бұзылған жастар да бар. Дейтұрғанымен жалынды, жігерлі жастар да жетерлік. Мәселен,  мен де жаспын, менің де қателескенім бар шығар, бәлкім. Алайда ерсі әрі жиіркенішті қылықтардан аулақпын.

- Дәл қазір қандай іспен шұғылданып жүрсің?

- Қазір той тоқтап қалды. Бірақ үйлерде өтетін шағын тойларға шығып жүрміз. Телевизиялық жобаларға ұсыныс түсуде. Алдағы уақытта екі сериалға түсу ойда бар.

- Адам әркез көңілді жүруі үшін не істеу керек?

- Айналадағы достарымен жақсы болуын керек. Көңіліңді көтеретін - жанымдағы жігіттер. Солармен әзілдесемін. Тіл табысып, адамдармен қарым-қатынасты жан-жақты дамыта отырып, көпшіл болған жақсы.

- Қабдол, көпшілікке белгілі жасыл костюмің қайда?

- Жасыл костюм қазір киімдерінің арасында шкафта тұр. Оған да бір қарап қоямын. Биыл киілген жоқ. Алайда киеміз, сағынып қалдым (ойынды).

- Бұйра шаштың «тарихы» бар ма?

- Әке-шешемнің де шаштары бұйра. Бұрындары  бұйра шашпен бір көзді жауып қоятын сән болған ғой. Осы орайда анам оң жақ, әкем сол жақ көздерін бұйра шаштарымен жауып түскен суркттері бар. Кішкентай кезімде шашым бұйра болмаған еді, өсе келе бұйралана бастады. Көбі қызығады. Біреулер бұйраны қолдан жасап әлек. Ал мен «табиғи бұйра шашымды жалпақ жұртшылыққа неге көрсетпеске?»  деген оймен өсіре бастадым.

- Бала Қабдол бұзық болды ма?

- Мектеп қабырғасында жүргенде аздап бұзық болғаным рас.

- Өнер кімнен «жұқты?»

- Атамнан деп ойлаймын. Ол кісі түрлі музыкалық аспаптардың құлағында ойнаған. Атамның атасы да өнерлі болған.

- Асабалық қызметің қанша?

- Мен беташар рәсімін жасаймын, қасымдағы Жандос - асаба. Екеуміздің қызметіміз  мың доллардай болады.

- Кітап оқисың ба?

- Оқу үшін үйге көп кітап алып қойдым. Кітап оқығым келеді-ау, кейде ерініп қалатыным бар.

-  Атаққа құмарсың ба?

- Шыны керек, атаққұмармыз ғой. Атақты болған жақсы, абыройды да ойлау керек. Атақтан айырса да,  абыройдан айырмасыншы деп тілеп жүремін.

- Үлкендерден не күтесің?

- Жастарға беретін ақ батасын, өнегесін,  өсиетін дұрыс бағытта айтуын күтемін.

- Жастар армандайды. Қарт адамдар еске алады. Нені армандайсың?

- Көөөп нәрсе армандаймын. Соның бірі - ата-анам разы болса екен деймін. Қолдан келгенше, ата-анамды разы қылғым келеді.

- Мемлекеттік қызметкер болғың келеді ме?

- Осы карантин кезінде мемлекеттік қызметкер болғым келді. Себебі байқағанымдай, осы уақытта мемқызметкерлерде жұмыс жүріп жатты. Алқалған кей мамандардың жұмысы тоқтап қалып жатыр. Осындайда ойланады екенсін. Жалпы, бұл қызметте істедім.  Мемлекеттік қызметкер болуға қарсы емеспін.

- Байқаймын, үнемі көңілді, жайдарлы күйде жүресің. Жарқын   жүруің жайдарманшы болғандықтан ба?

- Мүмкін, себебі көпшілік бізбен жүздесіп қалған жағдайда «бұл кісі жайдарманшы ғой» деп өздері күліп қарап тұрады. Сосын біз де күлімдейміз. Түнеріп жүрудің несі жақсы дейсіз?

- Журналистерге қанша рет сұхбат бердің?  Ең көп қойылатын сұрақ қандай?

-Тілшілермен көп сұхбат құрмадым. Шаш туралы, «орысша білмейтінің рас па?» деген сауалдар қойылады.

- Әлемді сұлулық құтқарады деп келеміз.  Бұдан басқа не құтқарады деп ойлайсың?

- Дәл қазіргі уақытта маска құтқарады.

- Ғашықтық деген не өзі?

- Үйленгенге дейінгі ғашықтық, махаббат жәй махаббат. Ал одан кейінгі, яғни дүниеге сәби келген кездегі бұл сезімдер шынайы болатын секілді.

- Ең басты қасиетің қандай?

- Тазалықты жақсы көремін. Мәселен, үйдің іші айнадай жарқырап тұруы тиіс. Маған заттардың шашылып жатқаны ұнамайды.

- Ата-ананың үмітін ақтадың ба?

- Ата-ананың үмітін ақтау өте қиын. Қолдан келгенше ақтауға тырысып жатырмын. Бірақ ол аз.

- Қанша тіл білесің?

-Өзімнің ана тілімнен басқа, орыс тілін білуін білем ғой, тек түсіндіре алмаймын. Ағылшын тілі- «нөл».

- Күндердің күнінде шет елде өмір сүруің мүмкін бе?

- Шет елде өмір сүргім келмейді. Демалып қайтуға болады. Өз елімде қалғым келеді, себебі өзге елде беташар жоқ (күліп). Тек бізде ғана бар екен.

- Басты кемшілігің қандай?

- Ұйқы

- Біз білмейтін өнерің бар ма?

- Бәрін ел біледі.

Самал Жолдығалиқызы,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале