19.02.2025, 10:00
Оқылды: 383

Қабдығали батыр

Биыл Ұлы Жеңістің жалауының желбірегеніне 80 жыл толғалы отыр. Қан майданда жауына қасқая қараған әр солдат біз үшін нағыз батырға тең. Олардың ерлігі қанша жыл өтсе де ұрпақтан ұрпаққа аңыз боп жетіп, халық жадында мәңгі жаңғыра бермек.

Соғыста көзсіз ерліктің үлгісін көрсетіп, заулаған оқ пен жарылған снаряд-миналардан қаймықпай, басын тік ұстаған соғыс солдатының бірі Қабдығали (Қабош)  Ислямқұлов.

WhatsApp Image 2025-02-18 at 18.41.55

1910 жылы Бәйтерек ауданының Жданов колхозында дүниеге келген Қабдығали Ислямқұлұлы соғыс басталғанға дейін өзгелер сынды жер жыртып, шалғынға орақ салып, ауылының тынымсыз тірлігінің ортасында жүрген жан еді. Тұтқиылдан басталған соғыс бейбіт өмірдің күл-талқанын шығарып, үкілеген талай үмітті үзді. 31 жасында соғысқа алынған Қабдығали маршал Коневтің басшылығындағы II Украин армиясында сапер-атқыш болған.  16-шы шабуылдаушы инженерлік-саперлер бридасында соғысқан аға сержант Қ.Ислямқұловтың ерлігі құжаттармен дәлелденген.

Мысалы, 1943 жылдың 13-ші  ақпанында Батайск қаласында кинотеатр жанындағы 2 паравоз бен 5 вагонды жарылыстан аман алып қалған. Бір паравоз жанып тұрған эшелонға тіркеулі тұрған, ал егер от өршіп қару-жарақ тиелген және инженерлік заттар бар эшелонға жететін болса үлкен жарылыс болғаны өз алдына бүкіл қару-жарақ, оқ-дәріден айырылу қаупі төніп тұрған еді. Тез қимылдап паравоз бен вагондарды қауіпсіз жерге апарып, өрттен құтқару қажет болды. Төніп тұрған анық қатерге қарамастан аға сержант Қ.Ислямқұлов паравоз бен вагонды минадан залалсыздандырып, қауіпсіз жерге алып кетуге мүмкіндік жасады.

Ал 1943 жылдың ақпанының 14-де Дондағы Растов қаласында жануарлар паркін және №81-ші мектепті минадан тазартып шықты. Бұл жерден 12 мина табылған, соның бесеуі паркке жасырылған болса, мектептегі 5 минаны да жарылып кету қаупінен сейілткен. Кейін анықталғандай бұл миналар Қабдығалиға беймәлім, жаңаша түрі болған екен. Осы ерлігін де әскери басшылық ерекше атап өтіп, үлгі ете білген.

WhatsApp Image 2025-02-18 at 18.40.21

Майдангердің тағы бір ерлігі РФ Қорғаныс Министрлігінң Орталық мұрағатында  құжаттармен былайша расталыпты.

1944 жылдың 31 тамызы. Кезекті ұрыс Висла өзенінен өту кезіндегі жан беріп, жан алысқан сәт еді. Әкери басшылықтың бұйрығын орындау мақсатында Висла өзенінің батыс жағалауына қайткенде де жаудың тегеурінін қайтара отырып, өту керек болды. Бұл да бір қажетті де стратегиялық маңызы зор шайқас еді. Арғы беттен үздіксіз ажал оғын сеуіп тұрған пулеметке қарамастан 95 жауынгер судан аман-есен өтеді. Осы кезде өзіне төніп тұрған қауіп-қатерге мойын бұрмастан аға сержант Қ.Ислямқұлов екі понтонды минадан тазартып, жауынгерлерге қауіпсіздік жағдайын жасай білді. Осындай ерліктері үшін оны әскери басшылық «Ерлігі үшін» медаліне ұсынған екен.

Жауды үдере қуып, кеңес әскерлері Батыс Еуропаға аяқ басқан жаңа жыл да басталды. Бұл әскерлерге үміт отын жағып, сенімдерін бекіте түскен жылдың басы еді. Осы жылдың 31-ші қаңтарындағы түнде құрамында 8 адам бар аға сержант Қабдығали басқарған топ Обельштейн маңында қорғаныс шебі алдында жаудың танкілеріне қарсы даланы миналау жұмыстарын жүргізеді. Кеңес әскерлерінің қорғану жұмыстарын жүргізіп жатқанын байқаған жау да түн екендігіне қарамастан бас-көз жоқ демей атысты бастап кетеді. Соған қарамастан сақтықпен әрекет еткен топ өздеріне бекітілген тапсырманы толықтай орындайды. Бұл туралы Кеңестер Одағының Батыры, батальон командирі Кончалко: «Түннің қараңғылығына қарамастан бастарын қатерге тігіп ержүректік көрсетіп, әрі шапшаңдық пен дәлдікті басшылыққа ала отырып 2 сағат ішінде 150 танкке қарсы миналарды қойып ерлік жасады. Соғыстың алғашқы күнінен әрдайым баырлықтың үлгісін көрсетіп келе жатқан Қ.Ислямқұлов  «Қызыл Ту» орденіне әбден лайық» деп жазған екен.

«Үйіміздің төрінде ілулі тұрған атамыздың «Ерлік даңқы», «Қызыл Ту» ордендері мен «Ерлігі үшін», «Берлинді алғаны үшін» медальдарын көрген сайын кеудемді мақтаныш сезімі кернейді. Былайша айтқанда атамыз жеке құрам қатарындағы барлық марапаттармен марапатталған екен. Мен атамның ерліктерін тыңдағанды жақсы көретін едім.  Атам Днепр өзеніне көпір салуға қатысқан 3 батальоннан тірі қалған 50 жауынгердің бірі.

WhatsApp Image 2025-02-18 at 18.41.10

«1945 жылдың 2 мамырында Кеңес одағының шекарасын фашистерден тазалау операциясында бір ажалдан қалып, неміс диверсанттарының офицерімен жеке шайқасып көзін жойдым» дейтін көзі тірісінде.

Қазіргі күні өзімнің балаларыма да аталарының жүріп өткен жолдарын айтып отырамын, әрдайым батыл шешім қабылдап, бейбіт күнде де ерлік жасауға болатынын жеткізіп келемін»,-дейді майдангердің немересі Хамидолла Ислямқұлов.

Ардагер 1946 жылы соғыстан аман-сау оралып, Кросновский совхозында алдыңғы қатарлы механизатор болып қызмет атқарған. Өмірінің соңғы жылдарын Шыңғырлау ауданына қарасты Қотантал ауылында өткізіп, жұбайы Жаңылсынмен ұлы Темірбектен 2 немере, қызы Розадан 3 жиен көріп 1986 жылдың 16 мамырында дүниеден өтті. Ұрпағының алдында майдангер қарт әрдайым бейбіт өмірді жақындатушы, ер тұлғалы батыр бейнесінде қалғанында сөз жоқ.

                                                                                                                Гүлшат Ботанова

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале