Аудан әкімі Жұмагелді Батырниязов Сырым ауданынан алғаш әйелдер арасынан шыққан полиция полковнигі Тоқсанова Майя Болатқызын қабылдады. Кездесуде Майя Болатқызының құқық қорғау саласындағы әпкелі-сіңлілері Аруна Тоқсанова, Ақмарал Тоқсанова, Сырым ауданының нотариусы Нұрлы Қайыржанова бірге болды.

Аудан әкімі полиция полковнигі атағына ие болған қазақ қызы – адалдықтың, батылдықтың, әділдіктің символы екенін, артынан ерген сіңлілеріне сенім ұялатып, жаңа биікке жетелеуге сеп болатынын айтты. Туған топырағы атынан алғыс хат пен ықылас гүлін табыс етті. Сый-құрметке ие болған Майя Болатқызы: «Қазақстан Республикасына қызмет етем!»- деп, ізет білдірді. М.Тоқсанова өзінің отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу шаралары туралы шығарған кітабын аудан әкіміне табыс етті.

Аудан әкімімен кездесу алдында Майя Тоқсанова аудан орталығындағы мектептердің жоғары сынып оқушыларымен кездесіп, полицей мамандығын таңдауға, шенді қызметке келуге шақырды.

Еңбек жолының бірнеше сатысынан өткен Майя Болатқызы бүгінде Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Мақан Есболатов атындағы Алматы академиясының кәсіби даярлау факультеті құқық қорғау қызметін басқару кафедрасының бастығы қызметінде.
Ол 1994 жылы Орал педагогикалық институтын, 2001 жылы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің академиясын, 2016 жылы Шымкент қаласында аймақтық әлеуметтік-инновациялық университетін бітірген. Бірнеше біліктілікті арттыру курстарынан өтіп, кәсіби түрде өзін үздіксіз дамытып келеді.

Алғашқы еңбек жолын 1990 жылы Алматы қалалық атқару комитеті ішкі істер басқармасына қарасты Күзет басқармасының мемлекеттік объектілер мен мекемелерді күзету жөніндегі полиция полкінің 1-ші батальонының полицейі ретінде бастаған ару табандылығымен танылды. Өзінің мықты кәсіби қабілетін көрсете білді.
Алматы қалалық Әуезов аудандық ішкі істер басқармасы, Алматы қаласы Ішкі істер департаменті, Алматы қаласы Ішкі істер департаменті Жергілікті полиция қызметінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бойынша ішкі істер органдарының жұмысын ұйымдастыру тобында ұзақ жылда абыройлы қызмет атқарды. Одан кейін тәжірибелі маман шәкірт тәрбиелеу жолына түсті. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Мақан Есболатов атындағы Алматы академиясына Заң институтының күндізгі оқыту факультеті (№2 факультет) әкімшілік-құқықтық пәндер кафедрасының аға оқытушысы болып ауысты. Майя Болатқызы ұстаздық қызмет баспалдағымен Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Мақан Есболатов атындағы академиясының Құқық қорғауды басқару кафедрасының меңгерушісіне дейін көтерілді. Әкімшілік-құқықтық пәндер кафедрасының профессоры, аталмыш академияның әйел көшбасшыларының тізіміне енген.
Шынар Молданиязова,
Сырым ауданы