22.01.2025, 16:15
Оқылды: 16

Қабыршақтылықтардың өтініші орындалды

Ақжайық ауданы орталығынан көп шалғайда емес Қабыршақты ауылы тұрғындарының биліктен көптен бергі өтініші – ауыз су жүйесіне жөндеу жүргізіп, суды Көшім каналынан емес, жерасты су көзінен тартып беру. Көптің тілегіне құлақ түргеннің нәтижесі, жуырда осы бағыттағы жұмыстар аяқталып, ауыз су жүйесі жаңа көзден нәр алатын болып қайта қосылды.

WhatsApp Image 2025-01-22 at 17.15.35

– Қабыршақты ауылындағы үйлер мен әлеуметтік ғимараттар ауыз суға 2016 жылдан бастап қосылды. Жоба бойынша ауылға қажет тіршілік нәрі ауыл маңындағы Көшім каналынан алынатын. Бірақ соңғы жылдардағы қуаңшылық каналдың арнасының таяздалуына әкеліп, су лайланды, тұтынуға да жарамсыз болды. Сондықтан мұнда суды ауылдан 5 шақырым жердегі Көздіқара қыстағынан тартуға шешім қабылдадық. Жұмыстар аяқталып, ауыз су жүйесі іске қосылды, – дейді аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Мирхат Омаров.

Құрылыстың мердігер "Жайық Сити" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі негізгі су алу стансасы мен ауылға дейін  су құбырын төсеу жұмыстарын бас-аяғы жарты жылдың шамасында бітірген. Жалпы ұзындығы 5,8 шақырым құбыр тартылды.

Әсел Сағын,

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале