6.04.2024, 10:31
Оқылды: 81

Қадір түнінің алдында ауызашар берді

Кеше Казталов ауданы орталығында жамағатқа ауызашар берілді. Ауызашарға қатысқан аудан әкімі жамағатты Рамазан айымен құттықтап, су тасқынының алдын алудағы белсенділік үшін ризашылығын білдірді. 

WhatsApp Image 2024-04-06 at 10.28.31

- Күллі мұсылман қауымы асыға күтетін айлардың сұлтаны Рамазанмен, қасиетті Қадыр түнімен баршаңызды құттықтаймын. Рамазан адамзаттың жанашырлық пен төзімділік сынды құндылықтарын арттыратыны белгілі, биылғы қасиетті айдың өзіндік сынағы болды, оны бәріміз бірлесе еңсерудеміз. Көрші ел жақтан келетін су көлемінің шекті деңгейден асатыны жөнінде алдын ала хабарланғанын білесіздер.  Ауданымызда жедел штаб құрылып, нақты шешімдер қабылдануда. Тілсіз жауды еңсеруде сала мамандарының, мекеме қызметкерлерінің, аудан халқының үлесі зор. Осы орайда барлық жерлесіме шексіз алғысымды білдіремін!
Ел басына күн туған шақта бірлігімізді көрсетуіміз - өскелең ұрпаққа да өнеге.

Мамандардың сөзінше, алдағы уақытта Қараөзенге әлі де үлкен көлемде су келу ықтималдығы жоғары.  Сондықтан сақтық шараларды босаңсытпай, жұмыс қарқынын тоқтатпауымыз қажет. Кешегі күндер елді мекендерімізді судан қорғау барысында әлі де атқарылуы тиіс бірқатар жұмыс бар екенін нақты көрсетті. Елде орын алған жағдайға байланысты аудан әкімдігіне алуға жоспарланған Hyundai Tucson маркалы қос автокөлік алынбайды және бұл қаражат елді мекендерді судан қорғау шаралары сынды өзекті мәселелерді шешуге жұмсалатын болады, - деді аудан әкімі.

Ауызашарда Казталов мұсылмандар мешітінің бас имамы Жандосбек Құсайынов, Жалпақтал мешітінің бас имамы Тілек қажы Нұралиев, аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі Ғилым Едекешов,  жаттықтырушы Асыланбек Сармалаев,  аудандық мәслихат депутаты Дархан Аябалиев сөз сөйлеп, көпшілікке игі тілек арнады.

Жұлдыз Асқар,

Казталов ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале