Ұзынкөл ауылында соғыс және еңбек ардагері, Ұзынкөл ауылының құрметті азаматы, I дәрежелі «Отан соғысы» ордені, екі мәрте «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Ерлігі үшін», «Ленинградты қорғағаны үшін», «1941-1945 ж.ж Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медальдары мен «Қазақ КСР оқу ісінің озық қызметкері» белгісінің иегері Қадірбай Телағысовтың есімі берілген көшеге ескерткіш тақта ашылу салтанатты шарасы өтті.
Аталмыш шарада ұлағатты ұстазға арналған ескерткіш тақтаны ашу құрметі аудан әкімі Азамат Сафималиев пен майдангердің ұрпағы Иосиф Телағысовқа ұсынылды. Ескерткіш тақтаға аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Уәлиев, майдангердің қызы Ботакөз Телағысова, ауылдық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Нұрлан Кәрімғалиев, ардагер ұстаз Қымбат Дәуешовалар гүлшоқтарын қойған соң, бір минут үнсіздік жарияланды.
- Бүгін Ұзынкөл ауылдық округінде үлкен игі шара өтуде. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында елімізде көптеген игі шаралар жүзеге асуда. Сол игі істердің бірі майдангер әрі ұлағатты ұстаз болған Қадірбай Телағысовтың 100 жасына орай есімі берілген көшеге ескерткіш тақтаның ашылуы. Бұл жеткіншек ұрпаққа үлгі боларлық жәйт. Қан майданда қар жамылып, мұз жастана жүріп, бейбіт өмір сыйлаған соғыс ардагерлерінің өнегелі өмір жолдарын және тарихымызды ұмытпаумыз керек. Ел басына қара бұлт төнген кезде қолдарына қару алып, Отанымызды жаудан қорғаған ата-бабаларымыздың арқасында біз бүгін бақытты өмір сүрудеміз. Аға буын өкілдері мен ақ жаулықты аналарымыздың бойларына қуат берсін. Мерекелі де берекелі күндерде жолsғайық,- деді аудан басшысы Азамат Сафималұлы.
Содан соң Амангелді Мырзағалиұлы, ардагер ұстаз Айша Сақтапбергенова, Ботакөз Қадірбайқызы сөз кезегін алып, жүрекжарды лебіздерін жеткізді. Ұзынкөлдік жас ақын Нұрлан Едігенов «Майдангерге арнау» атты өз туындысын оқыса, мектеп оқушылары аталарына арнаған жыр шумақтарын оқып, көпшілікті бір серпілтті. Ауыл саябағында жалғасын тапқан шарада майдангердің ұрпақтары тарту еткен «Алтыбақан» аясында жастардың қатысумен театрландырылған көрініс сәтті шықты.
Иосиф Қадірбайұлы сөз кезегін алып, Елбасымыздың «Болашаққа бағдар, рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына тоқталып, «Туған жер» кіші бағдарламасы аясында ауылдастарына «Алтыбақан» және Қадірбай ата туралы шыққан «Ғасырға жеткен ұлағат» атты кітапшаны білім ордасы мен рухани ошағына сыйға тартты.
Сол күні Қадірбай Телағысұлын еске алуға арналған шарада шахматтан аудандық турнир оздырылып, өз мәресіне жетті. Тарқатып айтар болсақ, шаршы тақтадағы жарыста Мэлс Нұртаев І орын (Ұзынкөл), Қадер Орақаев ІІ орын (Жәнібек), Муса Айтқалиев ІІІ орынмен (Жәнібек) өзгелерден басым түсіп, Телағысовтар әулеті атынан ақшалай сыйлықтарға ие болды.
Білім ордасында соғыс және еңбек ардагерін еске алуға арналған «Есімі жүректен өшпес» атты дөңгелек үстелде мектеп мұғалімі Күләнда Ғабдуллина майдангердің өмрібаянымен таныстырып өтіп, Қадірбай Телағысұлының отбасылық архивінен алынған суреттерден слайд көрсетті. Ардагер ұстаз Қымбат Дәуешова, мектеп мұғалімі Нұрлан Рахыманұлы, майдангердің қызы Бибігүл Қадырбайқызы естеліктерімен бөліссе, аудандық «Шұғыла» газетінің директор-редакторы Ахмедияр Батырханов РФ Қорғаныс министрлігінің Орталық архивінен алған Қ.Телағысовтың марапат құжаты мен ол туралы әр жылдары аудандық мерзімді басылымға жарияланған мақалалардың көшірмелерін ұрпақтарына табыс етті. Ауыл әкімі Алтай Бақтығалиұлы осындай шараны өткізуге себепші болған Қадірбай атаның ұрпақтарына ризашылық білдіріп, елжанды ұрпақ тәрбиелеуге маңызы зор осындай игілікті істерде әрқашан ұйымшылдық таныта білейік деп сөзін аяқтап, алдағы күзде ауылда жерлестер форумын өткізу жоспарда бар екенін тілге тиек етті.
А.БАТЫРХАНОВ,
Жәнібек ауданы