18.12.2019, 18:21
Оқылды: 29

Қадірлі қарияға құрмет көрсетілді

Туған күні Тәуелсіздік мерекесімен тұспа-тұс келген Шыңғырлау ауданына танымал еңбек ардагері, Ұрысай ауылының тумасы Кәден Төлеуішов ақсақалды 80 жасқа толуымен аудан әкімі Ержан Рысжанұлы, Шыңғырлау ауылдық округінің әкімі Ғұсман Жұмағазиев және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сабыр Сәмиев арнайы барып құттықтады.

serpin (2)

Өмірі еңбекпен өріліп, кезінде совхоздың табысын арттыруға маңдай терін төккен осы бір еңбекқор жанды ауыл-аймақ ерекше қадірлейді. Болмысынан аз сөйлеп, көп іс тындыруға құмар Кәден атамыз өзіне бекітілген техниканы әркез күтіп ұстап, астық та орды, шөп те тасыды. Қатарластарынан оқ бойы озық жүретін осынау еңбекторысының кезінде абыройы-беделі асқақтағанына жалпы ел-жұрт куә.

serpin (3)

Бүгінде жұбайы Даржан екеуі ұл-қызынан өрбіген немере-жиендерінің қызығына бөленіп, үлкен шаңырақтың ортасында әдемі қарттықты бастарынан кешіруде. Осы айтулы күні шаңыраққа жиылған ұрпақтары да ата-аналарының қуанышты жүздерін көріп, өздері де бір марқайып қалды.

Ал аудан әкімі Ержан Тұрмағамбетовтің қадірлі қарияға арнайы атбасын бұрып, алғыс хат пен сый-сияпатын ұсынуы оның жанын тіптен жадыратып кетті.

Г. Ибрагимқызы

 Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале