Кеше Орал қаласындағы «Қадыр Мырза Әлі» атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығының амфитеатрында «Қадыр – қазына» жобасы аясында «Ауыл – атамекен пернесі» атты Казталов ауданы көркемөнерпаздарының концерттік бағдарламасы өтті.
Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, поэзия алыбы, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Қадыр Мырза Әлінің туғанына 90 жыл толу қарсанына орай ұйымдастырылған концертке Орал шаһарының халқы, жерлестеріміз көп жиналды.
Сахна шымылдығы Ерлан Уаресов жетекшілік ететін Казталов аудандық «Қосалқа» ұлт-аспаптар фольклорлық ансамблі Еркін Нұрымбетов «Ақжайық» күйімен ашты. Ансамбльдің сүймелдеуімен Қадыр ақынның сөзіне жазылған «Ауылды аңсау», «Өз елім» әндерін Мұрат Ахметов, Асхат Нығметовтер нақышына келтіре орындап, көрерменнің қошеметіне бөленді.
Келесі кезекте мың бұралған Халықтық «Қарлығаш» би ансамблі шығып, «Тойбастар» биімен сахнаның сәнін келтірсе, Халықтық «Шапағат» әжелер ансамблі «Абай көк» халық әнімен шашу шашты. Казталов ауданының тағы мақтанышы Баян Қабиева, Асылхан Болтанов жетекшілік ететін Халықаралық, Республикалық байқаулардың жеңімпазы, Түркия мемлекетінің Измир, Сакария,Чакра қалаларында өткен Халықаралық байқаулардың лауреаты Үлгілі «Қыз Жібек» дәстүрлі әншілер ансамблі «Сәулем-ай» халық әнімен концертке жиналған көпшілікті тәнті етті. Сонымен қатар Қадыр Мырза Әлінің сөзіне жазылған «Қазақтарды шетелдік қонақтарға таныстыру» әнін Әшірхан Телғозиев шебер орындаса, «Жездеке» әнін жас әншілер Мейрам Мақсот пен Камшат Аюпова дуэт болып шырқады.
Концертте жерлесіміз Нұрлан Нығметовтың Қадыр ақынның сөзіне жазылған «Ел және мен» әнін Нәрік Дүйсенов әуелетті. Қадыр орталығына жиналған көпшілікті жерлестеріміз Балғаным Ғұбаеваның орындауындағы «Сағатпен сырласу», Ерлан Аманжоловтың орындауындағы «Жол жыры» ақынның поэзия әлеміне жетелеп алып кетті.
Жоғары деңгейде өткен концерттің нақышын Республикалық «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпаздары Халықтық «Бигалиевтер» жанұялық ансамблі келтіріп, «Тамды ару», «Махаббат мұңы» әндерін тарту етті. Сахнада Оралхан Ерғалиев ақынның «Бақыт туралы» атты әнін аспандата шырқап, көрерменді ерекше сезімге бөледі.
Концерт кезегі аудандық вокалды аспаптар ансамбліне беріліп, ансамбльдің сүймелдеуінде Казталов ауданының «Роза Рымбаевасы» атанған Сыйлық Құсайынова «Құштар көңіл», Асхат Нығметов «Кездер-ай» әндерімен Орал сахнасын жайнатып жіберді. Тамаша ұйымдастырылған Казталов көркемөнерпаздарының концерттік бағдарламасы Мұрат Ахметовтың орындауындағы Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнімен түйінделді.
Қадыр ақын атындағы өнер орталығының сахнасы төріне Казталов ауданы әкімінің орынбасары Серік Қайырлиев көтеріліп, концертке жиналған көпшілікке Қос өзен елі — Казталов ауданы халқы атынан алғыс білдірді.
Сондай-ақ аудан көркемөнерпаздарына Батыс Қазақстан облысы әкімі атынан ықлас гүлі сыйға тартылды. Орал шаһарының халқы атынан сөз алған Батыс Қазақстан облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Медхат Қамбетов, Орал қаласының маслихат төрағасы Есентай Қалиев ризашылықтарын білдірді.
Нұр Рахман,
Казталов ауданы