21.07.2024, 9:00
Оқылды: 210

«Қадыр – қазына» жобасы: Жәнібек ауданы көркемөнерпаздарының концерті өтті

Оралдағы Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының амфитеатрында «Қадыр қазына» жобасы аясында Жәнібек ауданы «Ауыл – атамекен пернесі» атты ән-жыр кешін өткізді. Жүз жылдық тарихы бар, киелі мекеннің көркемөнерпаздары Қадыр ақынның сөзіне жазылған әндерді шырқап, жиналған жұрттың ықыласына бөленді.

IMG_1012

Кеш «Ақмаржан» халықтық би ансамблінің хореографиялық қойылымымен ашылды. «Жәнібек сазы» халықтық фольклорлық ансамблі Р.Бейсенұлының «Қолбасшы», Еспайдың күйі «Ақілме» орындаса, ансамбльдің сүйемелдеуімен Райымбек Кәрімов «Ауылды аңсау» (Қ.Мырза Әлі, Қ.Қажымов) әнін орындады. Домбыраның үнімен, қоңыр дауысымен «Ақжайық» (Қ.Мырза Әлі, Н.Тілендиев) әнін жақсыбайлық Есім Тұяқбаев шырқаса, күйгенкөлдік әнші Әсем Гайнуллина әдемі қойылыммен, «Инабат» бишілер тобының сүйемелдеуімен «Гәкку» әнін айтты. Дуэт болып шыққан республикалық, облыстық ән байқауларының жүлдегерлері Асылан Боранбаев пен Шынар Каюпова «Кездер-ай» (Қ.Мырза Әлі, С.Бәйтереков) әнін орындады. Райымбек Нұрғалиев, Мирбол Ихсанов, Аслан Есенов пен Нұрлыхан Кәрімов ақын өлеңдерін мәнерлеп оқып, қошеметке бөленді.

IMG_1048

Ұзынкөлдік жезтаңдай әнші Қуаныш Аждуов «Оралымсенсің әнім шалқыған» әнін нақышына келтіріп орындады. Ауданымыздың кішкентай өнерпазы Айлин Биболат «Жалқаубек» әнімен көрерменді сүйсінтті. Райымбек Кәрімов пен жерлесіміз Қуаныш Қисметов өзінің әніне, Қадыр ақынның сөзіне жазылған «Махаббат ғашықтық пернесі» әнімен жүректі тебірентті. Ерлі-зайыпты Қуаныш Қисметов пен Раушан Қуанышалиева «Асыл бағым» әнін шырқап, сахна төрінде вальс билесе, ақобалық әнші Ләззат Бисекова «Жездеке» әнімен көңілді көтерді. Ауданымыздың жас харизматикалық әншісі Баймағамбет Ажығалиев «Сүйген жар» әнін орындады. Сонымен қатар «Көзайым» бишілер тобы заманауи биімен жас көрерменді серпілтті.

IMG_1075

Жерлесіміз, зор дауыстың иесі Данабек Үмбетәлі «Тыңдарманға» әнін орындаса, Трио Жеңісбек Жүсіпов, Әлібек Мақсотов пен Уәлихан Досалиев «Өз елім» (Қ.Мырза Әлі, Н.Тілендиев) әнін шырқады. Кеш Қуаныш Аждуов, Асылан Боранбаев, Жандос Темірғалиев пен Райымбек Кәрімовтың квартеті ұсынған «Атамекен» әнімен қорытындыланды.

IMG_1055

Кеш соңында облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің ықыласы гүлі ұсынылды. Аудан әкімі аппаратының басшысы Бекежан Шарафутдинов аудан әкімі Тимур Шиниязовтың атынан жылы лебізін білдіріп, орталықтың басшысы Серік Тоқмамбет пен оның ұжымына толағай табыс тіледі. Аудан басшысы атынан алғысхат пен естелік сыйлықты тарту. Сонымен қатар кешке арнайы қонақ болып келген Қадыр ақынның туған қарындасы Күләш Мырзалиеваны сахна төріне шақырып, сый-құрмет көрсетілді.

IMG_1269 (2)

Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының басшысы Серік Әнуарұлы концерттік бағдарламаның жоғары деңгейде өткенін атап өтіп, талантты жастарға ризашылығын білдірді.

IMG_1295 (1)

Гүлзара Мәди,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале