24.05.2021, 10:56
Оқылды: 73

Қадырдың «Жездекесін» қадірлеп жүрміз бе?

Жерлесіміз, ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның халық жазушысы Қадыр Мырза Әлидің туған жиендерінің Жымпиты өңірінде болуының өзі – көңілге үлкен демеу. Өйткені, кейінгі буын жас ұрпаққа ақын Қадыр, дана Қадыр жөнінде тағылымды әңгіме, естелік айта білетін көз көргендердің болуы – құнды тарих. Осы тұрғыдағы әңгіменің әуені де жымпитылық Қайрат Рахметовпен ақын Қадыр Мырза Әлидің туған жиені ретінде ой бөлісу бағытында өрбіді.

 ҚҚҚ

–  Марқұм туған нағашым Қадыр аудан орталығындағы біздер қоныстанған құтты шаңыраққа елге сапар шеккенде арнайы соғып, қонып, әңгіме-дүкеннің тиегін ағытушы еді. Анам жаман дертпен ауырып, қиналған күндері Қадыр нағашым Алматыдан дәрі-дәрмегін тасымалдап, кей кездері арнайы пошта арқылы қажетті заттарды жөнелтіп отыратындығына бала болсам да куә болған едім. Марқұм анам Зәуре жазылмас дерттің шырмауынан шыға алмай, 1978 жылы қайтыс болды. Анамды соңғы сапарға шығарып салуға арнайы қатысқан Қадыр нағашым апасының зиратына белгі қойып, төмендегі жыр жолдарын жазған еді:

Адамның бірі жерде, бірі көрде,

Осында жолығады бірігерде.

Артында қалғандарға саулық берсін,

Жетісіп жүрмегенмен тірілер де.

Інісі Қадыр Мырзалиев.

Иә, нағашымның осындай асыл сөздерін оқып, өткен шақтарды ой  елегінен өткізгенде көңілдің алай-дүлей болатындығы рас, - дейді жиені Қайрат Рахметов.

Бүгінде туғанына 95 жыл толып отырған марқұм Қанатқали Рахметовтың ақиық ақын Қадыр Мырза Әлидің жездесі екендігін көне көз қариялар жақсы білуі тиіс. Тіпті, ел арасында кеңінен танылып, сахнада шырқалып жүрген Қадырдың «Жездеке» әні жездесі Қ.Рахметовке арналғандығын әнші-сазгер Донеділ Қажымовтың кездесу барысында айтқандығын Қайрат Рахметов растайды.

Әуесқой сазгер, театр тарланы, күйші Қанатқали Рахметов жөнінде көсілте қалам тербей алмаймыз. Өйткені, өнер саңлағы оның соңына қалдырған мұрасы туралы жетік білмейміз. Білетініміз, мұрағаттағы сарғайған кейбір құжаттар, жәдігерлер, ұрпақтары айтарлық естеліктер ғана. Мысалы, Қанатқали Рахметовтың ізін жалғастырушы, бүгінде өнер саласында қызмет атқаратын ұлы Қайрат Рахметовтың өзі ойда қалған кейбір сәттермен ғана ой бөлісіп, әңгіме айта алады.

Айталық, Қайраттың сөз саптауына қарағанда әкесі Қ.Рахметовтың туғанына 75 жыл толуына орай аудан орталығында Рахметовтер отбасы еске алу шарасын ұйымдастырып, шараға әкесін көре қалған өнер саңлақтары Ж.Құлғалиева, М.Бахметов, Л.Жұмағалиев қатысса, өнер саңлағы Қ.Рахметовтың туғанына 90 жыл толуына арналған «Өнерін серік еткен жан еді» атты аудандық мәдениет үйінде өткізілген еске алу кеші де талантқа көрсетілген тағзым еді.

Иә, сазгер күйші Қанатқали Рахметов 80-ге жуық ән-күй жазып үлгеріпті. Әттең, осы жазылған дүниелерінің басым бөлігінің нотаға, дыбыстық жазбаға енгізілмей қалғандығы өкінішті.

Десек те, Қ.Рахметовтың «Тың толқыны», «Жеңіс шашуы» күйлерін, «Мен шопанмын», «Менің Оралым», «Өмір көктемі», «Келші, жансерігім», тағы басқа әндерін өнердегі ізбасарларының сахнада орындаулары көңілге сәл болса да демеу.

–   Әкем марқұм қонақжай болатын. Үйге Ахмет Жұбановтың бір топ өнер иелерімен келіп, қонақ болғандығы әлі есімде. Баламыз ғой, сонда көп нәрсеге мән бермеппіз. Соған әлі күнге дейін өкініп, бармақ тістейтінім рас. Нағашым Қадыр сөзін, әкем әнін жазып «Ұлы махаббат» атты әннің туғанына куәмін. Айтпақшы, марқұм, өнертанушы, суретші Мұхит Айтқалиевпен бірігіп, әкемнің анама ән жазғаны да есімде. Әкем үнемі мәдени-үгіт бригадасы құрамында дала қосы, малды ауылдарда өнер сапарында жүруші еді. Бүгінде шаңырақтағы сөреде сақтаулы тұрған құжаттар арасында әкемнің 59 жасында жазған ұл-қыз, келіндеріне арнаған өсиет сөздері, жекелеген ноталары, суреттері  ғана сақтаулы тұр, - дейді әңгіме арасында ұлы Қайрат.

Әңгімеміздің басты кейіпкері Қайрат Қанатқалиұлы туған нағашысы Қадыр ақынның отбасымен жиі байланыс жасап, хабарласып тұрады.

Қадекеңнің үйіндегі Салтанат жеңгей, ұлдары Ғазиз, Қазбек, келіндері Рахметовтердің отбасымен өткен-кеткен шақты ой елегінен өткізіп, әңгіме шертетіндері бар.

Тіпті, Қайрат пен Айгүл Қадыр ақынның шаңырағында болып, дұға еткен бір сапарында Салтанат жеңгейдің «нағашыңның көзіндей көріп жүргейсің» деп Қайратқа Қадекеңнің галстугін тарту етіп, Айгүлге қолындағы білезігін тақты. Немесе, Қадекеңнің ұлы Ғазиздің жары, журналист Бақтыгүлдің: «Жымпитыда біздердің туған жиендеріміз тұрады, жиі араласып, хабардар  болып тұруымыз керек», - деп көңілге қонымды әңгіме қозғауының өзі нағашы мен жиен арасындағы татулықты бір мәрте дәлелдегендей.

Әлқисса, сонымен сазгер, күйші, театрдың тарланы марқұм Қанатқали  Рахметовтың соңында қалған өнердегі мұраларын жаңғыртуда қандай жұмыстар атқарылды? Сауалға тұшымды түрде жауап беретіндей  мардымды жұмыстар жоқтың қасы. 80-ге жуық ән-күй жазып қалдырған Қанатқали сынды өнер саңлағының дүниелері нотаға, дыбыстық жазбаға  енгізілмегені  өз алдына, өнер тұлғасының жүріп өткен өмір жолы, ақын, жазушылармен кездескен тарихи сәттері жөнінде кітаптың да жарық көрмегендігі тиісті сала басшыларын ойландыра білуі тиіс.

Шүкіршілік, Қанатқали қарияның өзі қолдан әшекейлеп, өрнектеп жасаған домбырасы аудандық мұражайдың төрінде сақтаулы тұр.

Қанақаңның тұяғы Қайрат өнердегі ізін жалғастырушы ұлы Алтынбекке әкесінің тегін беріп, ата жолына адалдық танытса деген үмітте жүргендігіне бек куәміз.

Ал өмірде көріп-біліп жүргеніміздей, Рахметовтердің отбасылық ансамблінде Алтынбек Қанатқалиевтың таза дауысты әншілігі өз алдына, домбыра, сазды аспаптарды өте шеберлікпен ойнайтындығы да атадан дарыған асыл қасиеттердің бірі болса керек.

Сайып келгенде айтарымыз, өнер жолында өшпестей із қалдырған Қанатқали Рахметовтей тұлғаны қадірлеп, насихаттай білсек, одан ұтпасақ, ұтылмасымыз анық.

 

Мүсірбек Айташев,

Сырым ауданы

zhaikpress

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале