Кешелі бері Бөкей жұртшылығына поэзия салтанат құрған күн болды. Таратып айтсақ, ауданға Қадыр Мырза Әлі атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығы келді. Ұжыммен бірге ән мен күй де, әдемі әзіл айтыс та келді.
Бұл ұжымның «Aqjaiyq» телеарнасы бірлесіп, қолға алған «Қадыр – қазына» атты жобасы. Айтулы ұжымды кеше аудан әкімінің орынбасары Кенесары Нұршинов ақ ұсынып, тоғыз жолдың торабынан қарсы алса, аудан әкімі Нұрлыбек Даумов ұжым басшысы Серік Тоқмағамбетовті қабылдап, ризашылығын білдірді. Алдымен көрермен қауымның назарына Қадыр ақынның өмірбаяны мен шығармашылығын тақырып еткен деректі фильм ұсынылды.
Жұртшылықты қадірлі ақын Қадырымен қайта қауыштырған бұл фильм орталық басшысы Серік Әнуарұлының бастамасымен, БҚО әкімдігі мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен түсірілген екен. Фильм авторы танымал журналист, «AQJAIYQ» телеарнасы директорының орынбасары Гүлмира Тілеубаева, телеоператор Алмас Адиетов, «Атамекен» өнер орталығының дизайнері Мақсат Тұяқ және Қадыр Мырза Әлі атындағы облыстық медениет жане өнер орталығының мәдени ұйымдастырушысы Айнабек Бисенғалиев.
Деректі фильмнен кейін «Қадыр қазына» жобасы аясындағы концерттік бағдарлама назарға ұсынылды. Концерттік бағдарлама толығымен Қадыр шығармашылығына арналды.
«Өмірің өз қолыңда», «Кездер-ай» әндерін халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты Асланбек Қуанәлиев орындаса, республикалық байқаулардың лауреаты Алтынбек Базаров «Ғашық күндер» әнін шырқады. Аттары айтыссүйер қауымның аузына іліккен ақындар Айнабек Бисенғалиев пен Орынбек Меңдіқұл әдемі айтысып, көрерменді бір шулатты.
Шара «Атамекен» әнімен өз мәресіне жетті.
Аудандық мәслихат төрағасы Лариса Қайырғалиева сөз алып, кеш қонақтарына аудан тұрғындары атынан алғыс айтып, аудан әкімінің алғысхаты мен естелік сыйлығын табыстады. орталық директоры Серік Тоқмамбетов бөкейлік ағайынға өз ұжымының ризашылығын жеткізіп, амандықтарын тілеп, Қадыр ақынның кітабын сыйға тартты.
Дәл осы шара түстен кейін Бисен ауылында жалғаспақшы.
P&S: бір қынжытарлығы, рухани маңызы зор шараның көрермені аттөбеліндей ғана болды. Бұл бірінші рет емес. Мәдени шаралардың басым көпшілігі жетім қыздың тойындай елеусіз өтіп жатыр. «Ауылдағының аузы сасық» деп, «өй, өзіміздің Миллат пен Құрмет қой» дерсіз. Әлемді әнімен баураған Димаш келсе де, зал толтыра алмайтын шығармыз деп қорқамын. Әңгіме өнерпаздың кімдігінде емес, рухани кедейлігімізде боп тұр ғой...
Ұлпан Жакина,
Бөкей ордасы ауданы