16.03.2022, 9:45
Оқылды: 57

«Қадыртану ісіне мұрындық болып еді»

«Тарихы жоқ елдің болашағы жоқ» деп келетін даналардың сөзі бар. Әрине, тарих дегенің – ежелгі Римнің өркениеті, Германия мен КСРО-ның соғысы ғана емес қой. Кешегі күннің бәрі де тарихтың сөресінде қаттаулы. Ал елдің түлеуі жолында еңбегімен қолтаңба қалдырған азаматтардың өмірі – шынайы тарих, біз куәгер болған тарих.

Оның ашық түсті костюмнің алдын айқара ашып тастап, ақжал шашын жоғары қарай қайырып, топ ішінде маңдайы жарқырап келе жатқанын талай көргенбіз. Күніндегі жігіт ағасы бүгін ел ағасы болды. Бір кездері Сырым ауданының әкімі болған Марат Оңғарбеков кеше ғана зейнеткерлікке жасқа жетті. Зымыраған уақыт-ай!

WhatsApp Image 2022-03-16 at 09.42.52

Марат Кенжетайұлымен әріптес болдық, оның ел басқару ісіндегі іргелі бастамаларына, баянды табыстарына куәгерміз. Әрине, оның ауданның ауылшаруашылық, денсаулық сақтау тағы басқа салаларындағы серпінді жұмыстары уақытында өз бағасын алды ғой. Мен болсам оның білім беру, мәдениет бағытындағы кейбір жұмыстарына тоқталайын деп едім.

Жаңа ғасыр елімізге жаңа құндылықтар, жаңа басымдықтар, жаңа талап-міндеттер алып келді. Тұтас мемлекеттің жаңа замандағы жаңғыруы аудан-ауылдың түлеуінсіз мүмкін емес-ті. Міне, Мараттай ерлерге осындай алып аманат жүктелді. Оңғарбековтей азаматтар жаңа дәуірдің талабын қабылдап, егемендікті ел ішінде орнықтыруға орасан қайрат жұмсады.

Оның 2000 жылдардағы қызметі Сырым ауданына қарасты елді мекендерді көркейтуден басталды. Сол мезетте Қазақстан қоғамын «Гүлденсе ауыл – гүлденеміз бәріміз!» деген ұран кернеді.

Марат әкім болып тұрған уақта, Сырым бабамыздың 260 жылдық мерейтойына орай орталықта аудан орталығының көркін бұзып тұрған ескі орындар сүріліп, жаңа саябақ ашылып, оның ішінде Сырым батырға еңселі ескерткіш орнатылды. Батырдың алып мүсіні туған жеріне рух пен айбын әкелгендей болды.

WhatsApp Image 2022-03-16 at 09.42.50

«Ауыл жылдарында», нақтырақ айтсақ 2003 жылы Бұлдырты ауылындағы орта мектеп жөндеуден өтіп, балабақша бой көтерді. 2004 жылы Қ.Мырзалиев атындағы орта мектеп күрделі жөндеуден өтті.

Әлі есімде, 2005 жылы ақын атындағы мектепте Қадыр ағамыздың «70 жаста туған елге баламын!» атты кеңейтілген шарасы өтті. Оған ақын ағамыздың өзі қатысып, құрметке жаны жадырап, ықылас пен пейілге жаны тойып кеткен.

Сол кезде мектеп дәлізіне Қадыр Мырза Әлиге бюст қойылды. Оны ақынның өзі көріп, таң-тамаша болды. Осы бастама жалғасын тауып, 2015 жылы ауданның орталық алаңында ескерткіш орнатылды. Жалпы Марат Кенжетайұлы Қадыртану жұмыстарына мұрындық бола білген азамат. Ел тұлғаларын қадірлеп, дәріптеуге келгенде ол аянып көрген емес.

2005 жылы Өлеңті ауылында су жаңа мектеп бой көтеріп, оған Жаһанша Досмұхамедовтың аты берілгені де тарихи оқиға емес пе?

WhatsApp Image 2022-03-16 at 09.47.29

Мараттың тағы бір тамаша қасиеті – мектеп оқушыларының жетістіктерін қадағалап, барған жерінде ата-аналарына жылы ылтипат білдіруі,тіпті әрбір оқушыға жетістері үшін арқасынан қағып немесе мектепке қоңырау шалып, «Кешегі олимпиадаға, басқа жарыстарға кеткен балалардан не хабар бар? Жағдайлары жақсы ма? Сүйінші жаңалық жоқ па?» дегенде мектеп басшысы ретінде селк ететін едік. «Оқушылар аман-есен келді ме, мектепішілік лездеме болды ма, марапаттадыңдар ма?» деп мұқият сұраушы еді. Бала үшін, ұстаз үшін ол үлкен қолдау еді ол. Сол үшін де Мәкеңе атынан мың алғыс!

Аудан көлемінде қыруар жұмыс тұрса да, болашақ сол жастардікі екеніне зейін қоя білуі – оның көрегенділігі шығар. Бүгінгі күні кейбір ата-ана өз балаларының қай пәннен жүлдегер екенін де білмей жатады. «Айта бергім келеді айта бергім...» – деп Жұбан жырлағандай, Марат туралы айта бергің келеді. Дегенмен, естелігімді осы жерден үзейін.

Зейнет жасына жеткен азаматқа зайыбы Марта екеуі елінің алдында, балаларының ортасында ата-әже атты мәуелі бәйтерек болып отыруларын Алладан сұраймын! Көлеңкелері айналаға, ағайын-тумаға сая боларына сенімдімін.

Гүлбақша Ерғалиева,

ардагер ұстаз, ҚР Білім беру саласының үздігі,

«Шапағат» медалінің иегері

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале