Сырым ауданы әкімдігінің үлкен мәжіліс залында Төлеген Төреғалиевтің төрағалық етуімен әкімдік жанындағы құқықбұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысы өтті. Жиналысқа Сырым ауданының прокуроры Нартай Байменов қатысты.
Комиссияның күн тәртібінде жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, интернет алаяқтыққа қарсы іс -қимыл, мал ұрлығына тосқауыл мәселелер көтеріліп, коммуналдық, ауылшаруашылық және құқық қорғау саласының басшылары хабарлама жасады.
- Мал ұрлығының алдын – алудың ең негізгі жолы – бағым ұйымдастыру. Мал басын бірдейлендіру біркелкі жүріп жатқан жоқ. Қағаз жүзінде бәрі жақсы, түгел. Бірақ, көлікке соғылған малдардың көбінде сырға жоқ. Жылқылар есепсіз. Осыларды реттеу керек.
Бұлдырты, Алғабас және Жымпиты ауылдық округі әкімдеріне бағым ұйымдастырып, бағыттарды бақташымен қамтуды тапсырамын. Бұлан ауылдық округі бойынша мал жайылымына арналған жерлерді түгендеу жұмыстары жүргізілсін, – деді аудан әкімі.
Бүгінгі таңда ауданды кесіп өтетін Самара – Шымкент автодәлізінің сапасына сын айтушылар көбейген. Жөндеу өз алдына, халықаралық магистральді жолаушыларға ыңғайлы ету, жол бойындағы сервистерді дамыту – маңызды.
Жиналыста жол бойынан заманауи, ақылы әжетхана салу туралы ұсыныс айтылды. Бұл – даламыздың тазалығы үшін керек-ақ.
Б. Шерім,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz