Бүгін Кеңес Одағының батыры, жерлесіміз Мәншүк Мәметованың туған күні. Қаһарман жерлесіміздің 100 жылдығына орай Бөкей ордасы ауданында түрлі спорттық-мәдени шаралар өткізіліп, өскелең ұрпақты оның ерлік даңқы мен өмір жолымен таныстырып, есімі ұлықталуда. Бүгін батыр қыздың ескерткішіне гүл шоғын қою рәсімі ұйымдастырылды. Жиналған қауым даңқты жерлестерін бір минут үнсіздікпен еске алды.
Аудан әкімі Нұрлыбек Даумов:
- Шығыс шынары Мәншүк Мәметованың ерлігі еліміз үшін ұран болса, есімі біз үшін мақтаныш. Мәншүктей батырларымыздың арқасында ауданымыздың аты елге танылды. Тектілер мен тархан туған еліміздің абыройы биік болуы біз үшін үлкен мұрат. Атақты аға-апаларымыз салған сара жолды біз де игі ісімізбен жалғастыруымыз керек, - деді өз сөзінде.
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тілеген Арыстанбеков бейбіт күннің қадірін білуге шақырды.
Ескерткішке гүл шоғын қою аудан басшысы Нұрлыбек Даумовке және аудандық мәслихат хатшысы Лариса Қайырғалиеваға, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тілеген Арыстанбеков пен “Нарын шуағы” қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлжан Бисекеноваға ұсынылды.
Еркебұлан Рахметолла,
Бөкей ордасы ауданы,
zhaikpress.kz