Сырым ауданы Алғабас ауылдық округіне қарасты Жаңаөңір елді мекенінің маңындағы Сулыкөл нүктесінде тұратын Эльмира Мағзомоваға барам деп өкшем көтерілгеніне бірнеше айдың жүзі болды. Қалада туып-өсіп, қырға бір-ақ келін боп түскен Эльмира көпшілікке Instagram әлеуметтік желісі арқылы @kyrdyn_kelini парақшасында жайлаудағы өмірін шынайы көрсетіп, 15000 оқырман жинаған.
Құрт, май, ірімшік, тағы басқа сүт өнімдеріне өзіміздің, көршілес, тіпті оңтүстік өңірлерден тапсырыс алып, поштамен жібереді. Атпен мал қайырып, қыста айырлап, малға шөп салып, қар көлігімен ақ көрпе жамылған маңғаз даланы бағындырды. Нағыз қайнаған еңбектің, тынымсыз тірліктің бел ортасында жүрген «қырдың келіні» елдің сүйіктісіне айналған. Эльмира – көп балалы ана, жары Әсет Мағзомов екеуі бес баланы оқытып, тәрбиелеп, өсіріп отыр.
Сулыкөл нүктесіне алғаш жолым түсуі. Айнала тыныштықтан мүлгіп тұр. Мал далада. Эльмира тұратын үйді, қора-қопсыны, тіпті күйеуінің машинасына дейін бәрін инстаграмнан көріп, таныған соң, көзге жылы ұшырады. Аты ғана қырдағы үй демесең, қаланың үйінен бір кем емес. Бар жағдайы жасалған. Үйге кірсем, Эльмира бір үлкен сырлы табақтағы қаймақты май етіп былғап жатыр. Кішкентай төрт жасар қызы Асылым да маған әлеуметтік желіден таныс еді. Әнде айтылғандай махаббат тек Гавайға емес, Сулыкөлге де апарады екен. Қаланың кербез, ақ саусақ, орыс мектебінде оқыған аруын ауылға келін қылып түсірген жігіт Әсет те осал болмаса керек.
Май былғап отырып, Эльмира сауалдарыма жауап беріп, әңгімесін бастады.
– Мен Орал қаласында туып-өстім. Әкемнің туған жері Казталов, анам Қаратөбенің қызы. №21 орыс мектебін бітірдім. Менен бес жас үлкендігі бар Әсет төрт жыл өнер институтында оқып, актерлік шеберлік мамандығын алып шыққан соң, үйленейік деді. Мен мектепті бітірген жылым. 2008 жылдың тамыз айында шаңырақ көтердік. КазИИТУ-дің колледжіне бухгалтерлік есеп және аудит бөліміне сырттай оқуға тапсырдым. Одан кейін Евразия институтының қаржы бөлімін сырттай бітірдім. «Мен қаланың қызымын, мамандығым бойынша жұмыс жасаймын» деп ешқашан бәлсінген емеспін. Сулыкөлге келін боп түскен соң, сиыр сауып, от жағу жұмыстарына енем бірден кірістірген жоқ. Жүкті болдым. Тұңғышым Айқынды босанып, екі жасқа жақындағанда сиырға шыға бастадым. Балаларымның бәріне де жүкті кезімде малға шыққан емеспін. Ол кезде тапсырыспен май, қаймақ сатпайтынбыз. Енем отты өзі жақты. Ол кісі ауылда болғанда, маған әлдеқайда жеңілірек еді. Айқын мектеп жасына келіп, оқитын болған соң, енем немересін оқытуға қала қайдасың деп тартты. Жолдасым екеумізге барлық шаруашылықтың тірлігі қалды. Жас та болсақ, үлкен шаруаға бас болуға тура келді. Төрт жыл бұрын үйге газ кіргіздік. Сулыкөл жобаға енгізілмегендіктен, ол да бір ауыз толтырып айтарлықтай үлкен жұмыс болды. Көгілдір отын келіп, жұмысым біраз жеңілдеді,- дейді қырдың келіні.
Эльмираның күні кейбір келіндердікіндей секілді сағат 10-11-де емес, таңғы 5-6-да басталады. Әсет бұзауды айдап әкеледі, Эльмира сегіз сауын сиырын сауады. Одан кейін сүт тартады. Сүзбе сүзеді. Жиналған қаймақты былғайды. Құрт жасайды. Тапсырысқа кететін өнімдерді өлшеп, бөліп, әрқайсысын бөлек салып, дайындайды. Тауықтардың жем-суын беріп, жұмыртқасын жинайды. Арасында атқа мініп, мал қайырып келеді. Малды құдықтың суымен суарады. Көктемде көл суға толғанымен, жаз құрғақ болса, суы тартылып қалады. Одан бөлек үй жуу, кір жуу, түскі ас дайындау жұмыстары кезек күтіп тұрады. Кешке тағы сүзбе сүзіп, сиыр саууға шығады. Тағы да сүт тартады.
Күні бүгінге дейін «Ақтілек» шаруа қожалығының иесі отағасы Ғабдел Мағзомов болды. Биыл Ғабдел аға қожалықты ұлы Әсет Мағзомовтың атына аударды. Шаруашылықтың атауы «Айқын» болып өзгерді. Әсет – Ғабдел аға мен Шолпан апаның отбасындағы бес баланың бірі. Әкелері балалардың жағдайын жасап, оқытып-тоқытып, үй-жаймен қамтамасыз етіп қойған. Еті, май-қаймағы да шаруа қожалықтан.
Бүгінде мал өнімдерінің әбден әккісі болып алған Эльмира май, қаймақ, құрт, ірімшік, тазартылған ішек-қарын тапсырыспен Орал қаласына тасиды. Қала берді Атырау, Шымкент секілді өңірлерден инстаграмнан танып-білгендер тапсырыс береді. Эльмираның айтуынша, соңғы аптада тапқан табысы – 220000. Жуырда тап-таза өзінің еңбегімен, қолма-қол ақшаға Iphone 14 Pro Max сатып алды.
Осыншама күйбең тірлікпен арпалысып жүріп, қырдың келіні инстаграм жүргізуге уақыт табады. Әрине, кей күндері мүлде телефон қолына алуға мұрша болмай кетеді. Парақшасына стористерін бұрын монтаждап салатын. Қазір монтаждап, отыруға уақыт пен мүмкіндік бола бермейтіндіктен, тікелей түсіріп салады. Оқырмандары да жанды түсірілімдерді салғанын қалайды екен. Қаймақ былғап, сүт тартып, құрт жасап жатқан жерінде видеоға түсіріп, инстаграмға жариялайды.
– Оңтүстік аймақта әлеуметтік желіге ауылдың тірлігін көп түсіріп салады. Біздің облыста ондай блогер жоқтың қасы. Мен де түсіріп, салсам ба деп қызықтым. Ол кезде ешқандай ақша табу туралы ойым болған емес. Қырда кейде ішің пысатын кездер болады. Әңгіме айтып, шай ішіп келетін көрші жоқ. Бір күні досымыздың әйелі видео түсіріп, монтаждап, әуен қою туралы бір рет көрсетіп берді. Бір жыл жарым уақытта 15000-нан астам оқырман жинап үлгердім. Өнімдерімді сатуға инстаграмның көп пайдасы тиді. Арасында 10000 теңгеге жарнама салып тұрамын,- дейді кейіпкеріміз парақшасы туралы.
Қазіргі адамдар мал бағуды, бақташы, көмекші болуды қаламайды. Бәріне таза жұмыс керек. Әсет пен Эльмира қыстың күндері мал шөпке тұрғанда, бүкіл шаруасына көбіне өздері жүреді. Биыл қыста достары келіп, қолғабыс көрсетіпті. Малдың астын тазалау, боранды күндері қораның қарын аршу, шөпті қардың астынан шығару қиынға соғады. Қатты суықта малға шығып, Эльмираның бетін үсіріп алған кезі де болды. Жазда балалар демалысқа келіп, көмектеседі. Сулыкөлдегі Эльмираның тірлігі кейбіреулерге ертегідей, кейбіреулерге қиын көрінуі мүмкін. Кімге қалай көрінсе де, осындай қайнаған өмірдің қаһарманы болып, әрбір күнінде еңбекке мидай араласқан қырдың келіні – баршаға үлгі.
Шынар Молданиязова,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz