18.07.2023, 16:36
Оқылды: 50

Қайтарымсыз гранттың қайырымы мол

Шыңғырлау ауданында мемлекеттік қолдау арқылы жеке кәсіп ашып, өз отбасын асырап қана қоймай, ел экономикасына да үлесін қосып жүрген жандар аз емес. Солардың қатарында бастаған ісінің берекесін келтіріп отырған Төренияз Ибрашевты айтуға болады.

1

Ол 2019 жылы шағын дүкен салып, жеке кәсібін ашқан болатын. Кәсібін жандандыру мақсатында 2022 жылы «Бастау-Бизнес» курсын аяқтап, сертификатқа ие болды.

2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба арқылы мемлекеттік грантқа қол жеткізіп, 1 миллион 300 мың теңге көлемінде қайтарымсыз қаржыға еділбай тұқымынан ұсақ жандық сатып алып, өсіріп отыр.

Мұнтаздай таза дүкен ішінде ет сақтайтын бірнеше тоңазытқыш, ет бөлшектейтін аппарат пен ет тартқыш та қойылыпты. Тоңазытқыштан қой еті, сиыр еті, жылқы еті, қазы, сарымай, тұшпара, тартылған ет дейсіз бе, қажеттің барлығын табуға болады. Ал сөрелерде компот, ара балы, ащы құрт, айран, қаймақ тағы басқа тағам түрлерін көруге болады.

11

Бірлесе атқарған істің берекесі болары анық. Осы орайда Төрениязға жұбайы Айжан қолдау көрсетіп келеді. Оның қолынан шыққан дәмді тұшпарасы, тефтелі мен котлеттері сұранысқа ие болуда.

- Жұмысың алға басқан сайын талпыныс жоғары болады екен. Өткен жылы малмен қатар құс асырап көрмек ниетте 350 балапан алып, жаз бойы өсіріп, күзде саттым. Құс бағу жеңіл әрі өтімді екеніне көз жеткіздім. Осы бағытта кәсібімді дамытсам деген жоспарым да жоқ емес. Жұбайым Айжан да жартылай ет өнімдерін өндіретін цех ашқысы келеді. Қазірдің өзінде дайындаған тұшпарасы мен тефтеліне сұраныс жоғары. Алдағы уақытта мемлекет тарапынан біз секілді жас кәсіпкерлерге көбірек қайтарымсыз қаржы қарастырылса, шаруашылығымызды одан әрі жандандыруға мүмкіндік болар еді, - дейді Төренияз Ишниязұлы.
14
Жыл өткен сайын жеке кәсібін ашуға қызығушылық танытқан тұрғындар саны артып келеді. Ағымдағы жылдың өзінде 10 отбасы мемлекеттік грантқа ие болып, әрқайсысы 1 миллион 380 мың теңге қайтарымсыз қаржыға қол жеткізді. Оның көпшілігі кәсібін ірі қара малын сатып алуға бағыттаған.

Айсұлу Нұрғазиева,
Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале