13.03.2026, 21:00
Оқылды: 4

Қайыңды мектебінде «Бата – тәрбие бастауы» атты рухани кездесу өтті

Бүгін Қайыңды жалпы орта білім беретін мектебінде «Шаңырақ» жобасы аясында ерекше тағылымға толы рухани кездесу өтті. 7 және 9-сынып оқушыларының қатысуымен ұйымдастырылған «Бата – тәрбие бастауы» атты дөңгелек үстел жас ұрпақ пен үлкен буын арасындағы өнегелі сабаққа айналды.

image-13-03-26-12-46

Шараның басты мақсаты – қазақ халқының ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан асыл дәстүрлерінің бірі – батаның мәні мен маңызын жас буынға ұғындыру, ұлттық құндылықтарды құрметтеуге тәрбиелеу және ата-әжелердің өмірлік тәжірибесі арқылы оқушыларға өнеге беру болды.

Тәрбиелік маңызы зор кездесуді 7-сынып жетекшісі Эльдар Дамирұлы Дамиров пен 9-сынып жетекшісі Гүлнұр Ержанқызы Сапарова ұйымдастырды. Шараға мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Нұргүл Ғалымжанқызы мен оқу ісі жөніндегі орынбасары Светлана Нугмановна қатысып, игі бастаманың маңыздылығына тоқталды.

Кездесу барысында жүргізушілер батаның қазақ өміріндегі орны туралы кеңінен әңгімелеп, оның тек ізгі тілек емес, ұрпақ тәрбиесінің алтын арқауы екенін атап өтті. Оқушылар батаның құдіретін жырға қосқан өлеңдер оқып, ұлттық құндылықтарды насихаттайтын әсерлі көрініс көрсетті. Бұл көріністер жас буынның ата дәстүрге деген құрметін айқын аңғартты.

Дөңгелек үстелге арнайы шақырылған ауылымыздың әжелер алқасының төрайымы, аналар кеңесінің төрайымы Шолпан Серікбайқызы Хисметова және ауыл ақсақалдары мен ардақты әжелер – Қалиолла Шоқабасов, Батира Шоқабасова, Айман Султашова, Айғаным Матаева оқушылармен жылы жүздесіп, өз өмір жолдарынан сыр шертті. Олар батаның адам өміріндегі орны, оның адамға жігер беріп, жол ашатын рухани күш екені жайында тағылымды әңгімелер айтып, жас ұрпаққа ақыл-кеңестерін жеткізді.

Кездесу барысында батаның түрлері де сөз болып, дастархан батасы мен жол батасының үлгілері келтірілді. Үлкендердің әрбір айтқан сөзі оқушыларға ой салып, ұлттық тәрбиенің тереңдігін сезінуге мүмкіндік берді.

image-13-03-26-12-46-1

Шара соңында ақ жаулықты әжелер мен ауыл ақсақалдары оқушыларға ақ баталарын беріп, елін сүйетін, жерін құрметтейтін, білімді де тәрбиелі азамат болып өсуіне тілектерін арнады.

Тағылымы мол бұл кездесу жас ұрпақтың санасына ұлттық құндылықтардың қадірін ұялатып, ата дәстүрдің өміршеңдігін тағы бір мәрте айқындады. Осындай мазмұнды басқосулар арқылы ұрпақ сабақтастығы жалғасып, халқымыздың рухани мұрасы келер буынға аманат болып жетері сөзсіз.

Ернәсіл Рысқалиев

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале