30.07.2024, 14:30
Оқылды: 39

Қайыр Қажи: «Елге келсем демаламын»

Сырым ауданының тумасы, бүгінде Жетісу облысында таэквондо федерациясының  президенті, Жетісу облыстық  мәслихатының депутаты, Жетісу облысы бойынша «Ақжол» партиясының қоғамдық кеңес мүшесі қызметін атқарып жүрген спортшы Қайыр Қажиды Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов қабылдады.

Қайыр Қабыланбайұлы

Аудан басшысы елін сағынып келген азаматқа ауданда жасалып жатқан жұмыстарды таныстырды.

Спортшы елден жырақта жүрсе де, 2001 жылы таэквондодан Асқар Шайхиевті еске алуға арналған республикалық турнир өткізді. 2003 жылы Алматы қаласынан Асқар ағамыздың атындағы таэквондо спорт клубын ашты. Сол кезде клубтың ашылуына А.Шайхиевтің ұстазы Батыр Қуанышев қатысты. Бүгінде ол таэквондо спорт клубы әлі де жұмыс жасауда, оны Қайыр Қабыланбайұлының шәкірттері жалғастыруда.

2006 жылы тағы да республикалық еске алу турнирін өткізді. 2018 жылы Асқар Шайхиев атындағы таэквондо спорт клубының 15 жылдығы аталып өтті. Сырым ауданындағы дене шынықтыру және сауықтыру кешеніне, Орал қаласындағы бір көшеге Асқар Шайхиевтің есімін беруге еңбегін сіңірді.

02FFE03E-6E50-4F1E-A4FD-4EC6F003CA18

– Шағырлой ауылында дүниеге келдім. Одан Алматы қаласына №139 А.Байтұрсынов атындағы мектепке ауыстым. Спортқа деген қызығушылығым  ауылда Ержан Бисенғалиев деген ұстазымның ықпал етуі арқасында  басталды. Алматыда жүргенде, 90 жылдары ұстазым таэквондо шебері, Қазақстан таэквондосын дамытуға үлес қосқан Мұстафа Өзтүрік қазақтың қара домалақтарын жинап жатқан кезде мен де қызығып, таэквондоға ауыстым. Таэквондо – менің әлі күнге дейін серігім. Таэквондодан спорт шеберімін. Қара белбеу 5 дан иегерімін. Қайда жүрсем де, мен үшін туған жерім өте ыстық. Осы жерде әкем жатыр. Кіндік қаным тамған жерімді сағынып, аңсап жүремін. Біреулер шетелге барып демалса, мен елге келсем, елімді, жерімді, ағайын-туманы көріп,  рухани демаламын. Заманға сай, А.Шайхиев атындағы балалар-жасөпірімдер спорт мектебінің ашылғанына қуаныштымын. Ашылу салтанатына да қатыстым, - дейді Қайыр Қажи.

404D4EC4-5FC8-4097-8BC6-90DCF6693FD6

Жұмагелді Батырниязов Асқар Шайхиевтің есімін танытып жүрген Қайыр Қабыланбайұлына алғысхат табыс етті.

Спортшы аудан орталығындағы Асқар Шайхиев атындағы балалар-жасөпірімдер спорт мектебі ғимаратын аралап, әлеуетімен танысты.

Шынар Молданиязова

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале