Халқымызда “Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің”,-деген мағыналы нақыл бар. Қайырымдылық - адамзат бойындағы ерекше бір қасиет.
Үлкенді сыйлау, оларға құрмет көрсету – ата-бабадан келе жатқан салтымыз. Аға буынның өмірлік тәжірибесі мен ақыл-кеңестері, тәлім-тағылымдарының біз үшін орны бөлек. Себебі әрқайсысының өңіріміздің өсіп-өркендеуіне қосқан үлесі мен еңбектері ерен. Сондықтан да үлкенге қарайласу үнемі назарда тұратын мәселе болып қалуы тиіс.
Ақбұлақ ауылдық округі әкімі аппаратының, медицина және мәдениет қызметкерлерінің ұйымдастыруымен қайырымдылық айлығы және елімізде қазан айының екінші жексенбісінде аталып өтілетін мүгедектер күніне орай “Қарты бар елдің - қазынасы бар”, ”Жүректен жүрекке” атты мерекелік қайырымдылық шаралары өтті. Шара қарттарға сый-құрмет көрсету, қолдау жасау, мерекелік көңіл күй сыйлау, мүмкіндігі шектеулі жандарға көмектесу, денсаулықтарын үйден тексеру сияқты қамқорлықты мақсат етті. Осынау ізгі мақсатты көздеген ортақ іске атсалысуда ауыл тұрғындары белсенділік танытты. Ауылдық округтегі мейірімділік шараларына “Бердыбай-Бекзат” (М.Хаятуллаев), ”Түймешов” (Ж.Түймешов), ”Асқар” (А.Зұлқашев), ”Диас” (А.Исламбеков), ”Альтайр” (Ә.Имакаев) шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерліктері қатысып, көмектесті. Сонымен қатар Орал қаласындағы SK "Patriot" еріктілері ауыл тұрғыны Н.Бермұхановтың отбасына көгілдір отын кіргізу үшін жұмыстануда. Қайырымдылық айлығы аясында өздеріне көрсетіліп жатқан ізгі амалдарға ауыл жұртшылығы риза болысып, алғыстарын жаудыруда.
Қамқорлықты қажет ететін жандарға қол ұшын беру арқылы адам баласы жақсылыққа қадам басады. Мүмкіндігі шектеулі жандардың көңілін аулау - кімнің болса да кісілік парызы. Осы ізгілік шараларының басы-қасында жүрген Ақбұлақ ауылдық округінің әкімі С.Байтенова: “Жылуы жоқ үйден без, қайырымы жоқ биден без”- дегендей қайырымдылық, адамгершілікті биік ұстап, кісілікті ту етіп, жылы сөзін аямай, қолдан келген жәрдемін ұсынып, ауылдастарымызға шынайы пейілдерін танытқан азаматтарға үлкен ризашылығымызды білдіреміз”, - дейді.
Ақбұлақтықтардың ауылдағы жоқ-жітік, денсаулығы сыр берген, шынайы демеуге мұқтаж жандарға жасап жатқан жақсылықтары тек мақтауға тұрарлық.
Гүлім Шынтас,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz