Халқымыздың ең ізгі қасиеттерінің бірі – қайырымдылық жасау. Қанымызда бар бұл қасиеттің арқасында бүгін Теректі ауданы Ақжайық селолық округіне қарасты Абай ауылының тұрғыны, мүмкіндігі шектеулі жан Аманжан Есенов баспанаға қол жеткізді.
Аманжан бауырымыздың хал-ахуалы хақында Теректі аудандық «Теректі жаңалығы» газетінің редакторы Әділет Орынбасаров аудандық, облыстық басылымдарға, сайттарға, әлеуметтік желілерге егжей-тегжейлі жазған болатын.
Хош, сонымен... Баспана алу жолдары қалай басталды? Тінін тарқаталық, Теректі аудандық «Бірлік» қоғамдық бірлестігі, «Теректі жаңалығы» газеті кейіпкеріміздің пәтерлі болуына мұрындық болды. Қос тараптың ақпараттық қолдауымен және жанашыр барша жамағаттың қаржылай демеушілігімен бір айға жетер-жетпес уақытта Аманжан төрт бөлмелі үйге қол жеткізді.
Қандай да болмасын бір нәрсеге мұқтаж жанға әмәнда қол ұшын созуды өздеріне парыз санайтын қазақ халқының мәрттігін қаржы жинау барысында тағы да байқадық. Мейірімділік танытып шуағын шашқандардың қатарында ауыл, аудан, облыс тұрғындары да бар. Олардың көмегі көл-көсір. Тіпті Америкада тұратын қазақ бауырларымыздан да келіп түскен қаржыны көргенде, көзге еріксіз жас келді. Әр пенде Аманжан бауырымызды танысын-танымасын, «қазақтың баласы ғой» деп азды-көпті ақшасын аударды. Әрине, бұл да болса көңілге демеу, әрі медеу!
Бағасы 1 млн.теңгені құрайтын баспананы беру салтанатына БҚО орталық мешітінің наиб имамы Самат Алибаев арнайы келіп, Аманжан Есеновқа үйдің кілтін табыстады. Теректі аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жаннұр Ахметов, «Бірлік» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бағдат Адайхан, «Теректі жаңалығы» газетінің редакторы Әділет Әлібекұлы да қуанышты жәйтке куә болды. Ақжайық ауылының әкімі азық-түлікпен көмектескендігін айта кеткен жөн.
Сөйтіп, жаздың жарқыраған күнінде жанашыр жандардың жәрдемімен Аманжан бауырымыз ауылдағы Әуезов көшесі, №6 үйдің табалдырығын қуанышпен аттады.
Айшабибі Мәмет,
Суреттерді түсірген Әділет Орынбасаров
Теректі ауданы
zhaikpress.kz