Заманына қарай адамы деп айтып жатады. Біреулері өмір қиындады деп барын жиып, күн көрістің қамымен тек өз жағдайын ойлап қарекеттенеді. Алайда, бұған кереғар көрініс, өзінің де өзгенің де көңілінен шығар іс қылар жандардың арамызда бары жүректі жылытады емес пе?! Солардың бірі Шыңғырлау орталығында жылдар бойы шаштараз қызметін атқарып жүрген Ұлжан Өтеғұлова. Ол бұл іске он бес жасынан бастап араласыпты. Ұлжанның шаш қиып, оны сәндеуге әуестігін байқаған жанұясы қолдау көрсеткен. Уақыт өте келе құрбы қыздары, көрші-көлем өтініш айтып, үйіне келе бастапты.
- Айналамдағы жандардың көмегі болар, қолым үйреніп, осы жұмысқа әбден төселіп кеттім. Мамандық таңдау туралы сөз болғанда менің өз таңдауымның баяғыда-ақ жасалып қойғанын іштей түсіндім. Бұл менің сүйікті мамандығым болып қалыптасқалы қашан?! - дейді Ұлжан әдемі жымиып. Шынында да жылдар өте келе Ұлжан кәдімгі тәжірибелі шаштараз болып қалыптасады.
Ол бүгінде өз алдына еңбек етуде. Шаштараз қызметін көрсету бойынша сән салонын ашып, «Утегулова.У.М» жеке кәсіпкерлігін дамытуда. Тұтынушылар санына орай кейде бір-екі құрбыларының бастарын біріктіріп, жұмыстарын ширатып отырады. Айтпағымыз, Ұлжан кәсіпкерлігінің тек пайдасын ғана емес, адамдарға деген қайырымдылығын да көрсетіп, өзгелерге үлгі болып жүр. Әлеуметтік жағдайы нашар жандарды тез байқап, алдына келсе, шашын тегін қиып, әрі сөзімен қолдап отырады. Әсіресе, жаз айларында үлкендер жағы Ұлжанды іздейді. Кезекке көп тұрмай және арзан бағаға шаштарын қиятынын, әрі әңгімелесіп, сән салонынан көңілдері көтеріңкі шығатындарын біледі. Биязы мінезді Ұлжанды әсіресе ауданымыздағы қарттар үйінің тұрғындары жиі-жиі қуанышпен қарсылайды. Себебі, қолы қалт еткенде, басшылықпен хабарласып, сол мекемедегі қарттардың шаштарын тегін қиып, алғысқа бөленіп жүр.
- Бізге Ұлжан қызымыз үнемі келіп, көмек көрсетеді. Кейде, оның да жұмысы бар ғой, салмақ түспесін деп басқа да шаштараздарға өтініш айтамыз. Өкінішке орай, басқалары бірден бас тартады. Заманның қиындығын алға тартып, тегін шаш қиюға келіспейді. Ал елгезек Ұлжан қызымыз келіп, бәрімізге шуақ шашқандай болады. Оған зор денсаулық, ғұмыр тілейміз. Ісі оңға бассын, балаларының қызығын көрсін! - дейді аталмыш мекеменің қызметкері Надежда Павлова.
Иә, қайырымдылық қашан да адамды құрметке бөлейді. Қолың дерт көрмей, жерлестеріңнің алғысына бөлене бер дейміз!
А. Мұса,
Шыңғырлау ауданы