Бүгін Теректі аудандық мәдениет үйінде 1 наурыз - Алғыс айту күніне орай Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қайырымдылық керуені» республикалық акциясы аясында іс-шара өтті.
Биыл облысымызда республикалық акцияға үлес қосу негізінде «Қоржын» қайырымдылық көмек көрсету акциясы ұйымдастырылған болатын. Аталмыш акция Теректі ауданында да жалғасты.
Мейірімділік, достық, азаматтардың бір-біріне деген сүйіспеншілігін арттыруды мақсат тұтқан жиынға аудан әкімі Әлия Мұханбетжанова, оның орынбасары Қалаубек Теміров, аудандық мәслихат төрағасы Әлжан Нұрғалиев, «AMANAT» партиясы Теректі аудандық филиалының атқарушы хатшысы Мирхат Ибраев және этономәдени орталық қызметкерлері қатысты.
Алдымен аудан әкімі Әлия Биғазықызы жерлестерін атаулы мерекемен құттықтап, бар жақсылықты тіледі. Одан кейін ауданның дамуына үлес қосып жүрген бірқатар маманды өз атынан алғысхатпен марапаттады. Алғыс айту күні аудан басшысының алғысына бөленгендер қатарында Теректі ауданының тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, автомобиль жолдары, жолаушылар көлігі бөлімінің бас маманы Динара Мурунчаева, «Мансап» орталығының атаулы әлеуметтік көмек көрсету және жұмыспен қамту бойынша бөлімшесінің ассистенті Ляззат Байғалиева, аудандық мәслихат төрағасының хатшысы Гүлбара Айтқалиева, полиция бөлімінің қызметкері Қайрат Абдуов, аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жұмысшысы Бақтығали Досқазиев, Теректі ауылдық округінің қоғамдық қызметшісі Надия Нұғманова, электромонтер Ерболат Юсупов, «Теректі Таза су» ЖШС-ның машинист-тракторисі Әмірғали Тасқалиев, төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы Зүлфия Мырзағалиева мен кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің күзетшісі Болат Жақыбаев болды.
Марапаттау рәсімінен кейін аудандық мәдени-демалыс орталығының өнерпаздары әсем әнді әуелетіп, мың бұрала би биледі.
Концерт аяқталған соң теректіліктер облыс орталығымен LED экран арқылы байланысқа шықты. Облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов пен ҚР Президент Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының инспекторы Мұхтар Күлжан Алғыс айту күнімен құттықтап, «Қоржын» қайырымдылық шарасының «ашық» деп жарияланғанын мәлімдеді.
Осы сәтте теректілік жастар арнайы дайындалған қоржындарды әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға таратуды бастады.
Аудан әкімі Әлия Биғазықызының айтуынша, «Қоржын» акциясы барысында теректілік 200 отбасы азық-түлікпен қамтылатын көрінеді.
Аягөз Айтқалиева,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz