15.03.2024, 12:15
Оқылды: 8

Қайырымдылық күні: Тасқалада балалардың жазғы демалысына жолдама берілді

Қазақ даласында бұрындары Наурыз мейрамы 8-9 күн бойы тойланған. Бұл уақыт «Наурызнама» деп аталған. Сондықтан биылдан бастап Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесін тойлаудың жаңа тұжырымдамасы енгізіліп, онкүндік белгіленген еді. Ол Амал мерекесінен басталып, қайырымдылық күніне жалғасты. Осыған орай Тасқала ауданындағы Қ.Сатпаев атындағы мектеп-гимназияда қайырымдылық шарасы өтті. Оның мақсаты мейрімділік пен ізгілікті, татулық пен ауызбіршілікті насихаттау. Шараға Тасқала ауылдық округінің әкімі Алғадай Жамбыл қатысып, өзінің жылы лебізін білдірді. Мектеп ұстаздарын Амал мерекесімен тұспа-тұс келген ораза айтымен құттықтады.

фото қайырымдылық 1

Содан соң мектеп директоры Жанар Жұмалиеваға Қайырымдылық күніне орай балалардың жазғы демалысын қамтамсыз ету мақсатында «QH Жаздық жолдама-2024» қайырымдылық жобасы бойынша алты жолдаманың сертификатын табыс етті.

Айта кетейік «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының тікелей тапсырмасымен 2022 жылдың қаңтар айында құрылған болатын. Екі жылда еліміздің барлық өңірінде денсаулық сақтау, әлеуметтік қолдау, білім беру және спорт салаларында 91 миллиард теңге көлемінде 80-нен астам қайырымдылық бағдарлама мен жобаны іске асырды.

 Білім беру саласында негізгі жобалар болып ауыл өңірлеріндегі тірек мектептердің әлеуетін арттыру сияқты жобалар бар. Оның ішінде «жаздық жолдама» жобасы да ерекше орын алып отыр.

қайырымдылық фото2

Былтыр «Қазақстан халқына» қорының қаржылық қолдауымен 19 754 оқушы толыққанды жаздық демалысқа қол жеткізіп, жаңа эмоцияларға бөленіп, білімге, тәжірибеге, дамушы ойындар мен саяхаттарға қол жеткізіп, жаңа достарға ие болды.

фото қайырымдылық 3

 Қор оқу-ағарту министрлігі, жергілікті әкімдіктердің қолдауымен биыл маусым айынан бастап 5-8 сыныбындағы 20 мың оқушыны жаздық демалыс лагерлерге жіберуді жоспарлап қойды. Біздің облысқа 829 жолдама бөлінсе, оның 47-сі Тасқала ауданына тиесілі. Биыл барлық ауылдық мектеп қамтылмақ.

Назерке Шайхоллақызы,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале