Бөкей ордасы аудандық мәслихат хатшысы Лариса Қайырғалиеваның төрағалығымен тұрақты комиссия отырысы өтті.
Комиссия отырысына тиісті сала мамандары, ауылдық округ әкімдері онлайн қатысты.
Аудан көлемінде табиғи техногенді апаттарға және дала өрттерінің алдын алуға дайындықтың жағдайы туралы аудандық төтенше жағдайлар жөніндегі бөлімнің бастығы Ақылбек Сағитов баяндады.
- Аудан әкімі аппараты мен ауылдық округтер әкімдіктерінде 85 дана өрт сөндіргіш, 16 дана мотопомпа, 70 дана күрек, сапалақ 70 дана, жер жыртуға арналған 5 дана бұлық (плуг) құралдары бар. 2023 жылы өрт сөндіруге арналған тіркеме алынса, биыл аудандық бюджет қаражаты есебінен 1 950 мың теңгеге 7 ауылдық округ әкімдігіне 100 дана арнайы киім-кешек алынды. Өрт сөндіру гидранттарының жай күйін тексеру барысында Сайқын ауылдық округіндегі 95 гидранттың тоғызының көрсеткіш белгілері жоқ, 18-і жарамсыз болды. Ал Мұратсай ауфлында 16 гидранттың барлығында көрсеткіш белгілері жоқ, төртеуі жарамсыз күйде. Саралжында 3, Ұялы ауылында 2 гидрантта көрсеткіш белгілері жоқ, - дейді ол өз баяндамасында.
Содан соң аудандық білім беру бөлімінің басшысы Нұргүл Омарова жазғы лагерьлердің жұмысы туралы баяндады.
Оның айтуынша, 280 оқушы сегіз ауысым бойынша аудан орталығындағы “Арай” лагерінде демалады деп күтілуде, 1 маусымнан бастап барлық мектепте жазғы лагерь жұмысын бастайды. “Қазақстан халқына” Қоғамдық қоры “Жаздық жолдама - 2024” қайырымдылық жобасы аясында 42 жолдама берілген. Осы аталған жолдама арқылы оқушылар жаз мезгілінде республика немесе облыс бойынша демалыстарын өткізеді.
Мәслихат хатшысы Лариса Тельманқызы мектеп оқушыларының демалыс кезінде тиісті сала басшыларымен бірлесе отырып жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, төтенше жағдайлардың алдын алуды тапсырды.
Ақсәуле Әлжанова,
Бөкей ордасы ауданы
zhaikpress.kz