Шыңғырлау ауданының көркемөнерпаздары Орал қаласы орталығындағы Қадыр Мырза Әлі өнер ордасы амфитеатрында заманының заңғар ақыны, қазақтай дана халықтың дарабоз ұлы Қадыр Мырза Әлінің туғанына 90 жыл толуына орай облыс көлемінде өтіп жатқан «Қадыр – қазына» жобасы аясында қала тұрғындарына концерттік бағдарлама ұсынды.
Бағдарламада Қадыр ақынның шығармашылық жолы, еңбектері мен өлеңдері басты тақырып етіп алынып, әннен шашу шашылды. Туған жер, ел, отаншылдық, қоғамдағы адами қарым-қатынас, күнделікті өмір туралы мол мұра қалдырған ақынның сөзіне жазылған әндер шырқалып, шыңғырлаулық шығармашыл жандардың ақын болмысына арналған жырлары оқылды.
Қала аспанын әнге толтырған кешке жұртшылық көп жиналып, аудан концертін аса жылы ықыласпен қабылдады. Бүгінде қала тұрғындарына айналған шыңғырлаулық жерлестер елден келген ән-керуені үшін алғыс айтып жатты.
Екі сағатқа жуық жалғасқан концерт соңы Қадыр Мырза Әлі атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығының құрылғанына тоғыз жыл толуына орай аудан әкімі Мұрат Өмірәлиевтің атынан құттықтау және ықылас гүлін ұсынумен түйінделді.
Қаршыға Асу
Шыңғырлау ауданы