31.10.2024, 10:00
Оқылды: 177

«Қаладан – ауылға» – бақуатты өмірге бастайтын бағдарлама

Шыңғырлау ауданында «Қаладан – ауылға» бағдарламасы айтарлықтай жүзеге асып жатыр. Бұл бағдарлама Мемлекет басшысының ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында іске қосылған болатын.

Бағдарламаның мақсаты – қара шаңырақтың түтінін қайта жаңғырту, ауылдарымызды иесіз қалдырмау және туған өлкені гүлдендіру. Бұл дегеніңіз – үлкен мегаполистерде, шағын қалаларда жұмыс және пәтер жағынан қиындықтар көріп жүрген жандарды туған жерге қайтуға, екі қолға бір күрек тауып беруге жәрдемдесу. 2024 жылдың басынан бері жалпы біздің облысымыздың ауылдарына «Қаладан – ауылға» бағдарламасы бойынша 66 отбасы, яғни 322 адам көшіп те келген.

Осы бағдарлама аясында Шыңғырлау ауданындағы ауылдық округтердің ішінде Ақбұлақ ауылына да қоныс аударып келген жанұялар бар.

Әли Мұрзағалиев

Солардың бірі – Әли Мұрзағалиев. Бұған дейін жұбайы Бибінұрмен Ақсай қаласында тұрып келген. Тұрмыс жағынан да, жұмыс барысынан да аз-кем қиындықтарға кездесіп қалып жүргені шын еді. Осы орайда «Қаладан – ауылға» бағдарламасының мүмкіндігін естігенімен әлі де ой үстінде жүрген-тұғын. Әлиге ауылдық округ әкімшілігі тарапынан ұсыныс келіп түскенде көңілдегі аз-кем күмәнді артқа ысырып, бірден қабылдады. Тұрақты жұмыс, өз баспанаң болғанға не жетсін. Балаларымен ертеңгі күн үшін алаңдамай өмір сүру әр адамның арманы ғой. Осының бәрін екшелей келе «тәуекел!» деп Ақбұлақ ауылына жол тартқан-ды. Шағын ғана тірлігі, жарасымды жұртшылығы бар Ақбұлақ ауылы жатырқаған жоқ, бірден үйренісіп кетті.

Әсіресе, жанұясындағы екі ұл, екі қызының шаттығында шек жоқ. Келген соң ұядай жып-жылы, жөндеуінде кінәрат жоқ әсем пәтердің  кілтін «ErQanat Group» ЖШС қолдарына ұстатты.

Бибінұр да қол қусырып қарап отырғанды жөн көрмей қайтарымсыз грант алып сол қаржыға үш бас ірі қара мал сатып алды. Ауылдағы «Нұрсұлтан» (С.Кабаков) және «Акиев» (Н.Акиев) шаруа қожалықтарының басшылары қазіргі таңда ауласына шөбін де түсіріп берді. Ал Әли болса бүгінде ауылдағы мәдениет үйіне газ қондырғысының операторы болып жұмыс жасап жүр. Екі баласы ауылдағы еңселі мектепте оқып жүрсе, екі кішкентайы бөбекжайға орналасқан. Зайыбы Бибінұр де ауылға келгендеріне қуанулы.

«Ауылда тұрған соң аулаңда төрт-бес бас малың, тауық-қазың болғаны жөн ғой. Алған малымның берекетін көрсем деймін, сүт тартып, қаймақ айырып, балаларымның аузын аққа тигізсем», - дейді.

Ақбұлақ ауылын алдағы болашағымен байланыстырып келіп отырған Талапқали Тлюупов та өмірінің осылайша бағыт алғанына разы.

Талапқали Тюлупов

Өйткені адамға баспанасыз ертеңге күнге үлкен сеніммен қарау қиын. Қасиетті қара шаңырағы бар адам ғана қайғысыз қара суын ішіп, балаларын қамсыз бағып-қағып, өзі де алаңсыз жұмыс істей алмақ. Қаншама қазақтың қара баласы үй-жайсыз өмірлерінің мәні келіспегендіктен де тығырыққа тіреліп, түңіліп кетіп жатқандары шындық. Қайтсем жағдайымды түзеймін, отбасымды қалай баспанамен қамтамасыз етемін деген ойлар кез-келген адамды қажытары анық, ал Талапқали әркімге үлкен кепілдік беретін бұл мемлекеттік бағдарламаны суға кеткен тал қармайдының есебінде емес, ертеңгі күнге берілетін бақыт билеті ретінде қабылдай білді.

Сол себепті де Ақсайдан ауылға бет бұру – өз шаруашылығыңды дөңгелету, балаларды таза табиғи өніммен тамақтандыру, аулаңда төрт түлікті көбейтіп, өз бақшаңды жайқалту деп ұғынды. Отбасындағы қызғалдақтай желкілдеп өсіп келе жатқан үш қызының екеуі мектепте болса, зайыбы Алтын кішкентай қызымен үйде отбасының шоғын маздатып отыр.

«Қазіргі таңда Талапқали да бөбекжайға газ қондырғысының операторы болып жұмысқа орналасты. Алдағы уақытта да бұл отбасыға қарайласу мақсатында шаруа қожалықтарымен келіссөздер жүргізіліп, шарбағына екі-үш бас мал байлап берсек деп отырмыз. Жас балалары бар отбасыға ағарған, сүт-қаймағы қажет екендігі түсінікті. Жігері бар адам әрмен қарай өз шаруашылығын өзі де алып кетері түсінікті», - дейді ауыл әкімі Светлана Ешматқызы.

Ауылға қоныс аударған олар: «Қаладан – ауылға» бағдарламасы үшін алғыс айтамыз. Қалада жүргенімізде жұмыс бірден тапқанмен, пәтерақы қалтамызға сай келмей қиындық көрдік. Енді міне, осы бағдарламаның арқасында ауылға қоныс аударып, үйлі болдық. Президентімізге, жатсынбай жандарына тартқан ауыл халқына, бізге осындай жағдай жасап жатқан ауыл әкімшілігіне, біздерді үй-күй болып, өз шаруашылығын дөңгелетсін деп басымызға үй, алдымызға мал салып беріп отырған ақбұлақтық мәрт ағаларымызға рахмет», - дейді олар.

Ақбұлақ ауылдық округінің әкімі Светлана Бәйтенова «Қаладан – ауылға» бағдарламасы арқылы ауылға көшіп барамын деген азаматтарға аудан, ауыл әкімшіліктері тарапынан қолдау шаралары жалғасатынын айтады. «Ерінбеген етікші болар» дегендей отбасы иелері тіпті бүгінгі таңдағы ауыл шаруашылығы сынды саладағы аса қажет кәсіптік-техникалық мамандықтарға оқып алуға да мүмкіндіктері бар екенін де тілге тиек етеді.

Иә, халқымызда «дүиенің кеңдігінен не пайда, аяғыңа киген ақ киімің тар болса» даген дана сөз бар. Бұл еш жағдайы жоқ болса да қаладан ажырағасы келмейтін, бірақ не басында үйі жоқ, немесе тұрақты жұмысы жоқ жандарға қарата айтылған сөз. Шынында да, қолға ұстатпайтын елесті қуалап, қым-қуыт тірлігі үй-күйсіз жандарға мүлде қолайсыз, әйтсе де қаладан ауылға қоныс аударса көштен қалып қоятындай көретін жандар үшін бұл бағдарлама үлкен мүмкіндікті береді.

Сондықтан да ауылда тұрып та өзің қалаған тұрмысты жасап алуға болады, тек батыл шешім мен еңбекқорлық қажет-ақ.

Гүлшат Ботанова

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале