Биыл өңір басшысы Нариман Төреғалиевтің бастамасымен алғашқы рет «Қаладан ауылға» пилоттық жобасы жарияланып, оны іске асыруды тапсырған болатын. Аталмыш жобаның мақсаты ауыл түтінін сиретпей, соның ішінде жас отбасылардың сол жерге тамыр тартып, өмірден өз орнын табуға жағдай жасау және өзге де жеңілдіктердің тетігін қарастыру.
Осы орайда халық санының мың адамға жетпеуіне байланысты пилоттық жобаны іске асыру бойынша Меңдешев және Жаңажол ауылдық округтері таңдалған болатын. Ақпан айында Жаңақала ауданы әкімі Алпамыс Көшкінбаев, орынбасары Руслан Ғұмаров, аталмыш округ әкімдері Абзал Ахметов және Айбек Ишанов әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы, аз қамтылған отбасы мүшелеріне ақпараттық-кеңестік және ресурстық қолдау көрсетуге арналған жас отбасылардың әлеуетін нығайтуға септігін тигізетін облыстық «Отбасы» орталығында болып, бірнеше отбасы мүшелерімен жүздесіп қайтқан болатын. Нәтижесінде Меңдешев ауылдық округіне Круглоозерный кентінен жас отбасы көшіп келгенінен хабардар болып, Наурызнама мерекесінің онкүндігінд ауыл әкімі Абзал Ғайноллаұлымен бірге құтты қоныс болсын деген ниетпен ат басын бұрдық.
- Өзім Круглоозерный ауылында туып өстім. Жұбайым Гүлсая Байгубенова Шыңғырлау ауданының тумасы, отбасымда бір ұл, бір қызым бар. Бұл ауылда ешқандай туысымыз да, таныс адамымыз да жоқ, өзімнің мамандығым металл жонушы, жұбайым мұғалім. Оқу орнын үздік бітірсе де, қалада тұрақты жұмыс табылмады. Оның үстіне бір үйде 11 адам тұрдық. Өзім вахталық ауысымда жұмыс жасап жүрдім. Қалада балаларымызға мемлекеттік балабақшаның кезегін де бірнеше жыл күтуге тура келді. Осы ауданның атқамінер азаматтарымен облыстық «Отбасы» орталығында жүздесіп, ойлана келе алға қойған арман, мақсатымызды ауылдық жерден бастауға шешім қабылдадық. Ата-анам қарсы болған жоқ. Әрине «танымайтын шалғай ауылға қалай барасыңдар?» деген адамдар да болды. Дегенмен күш қуатымыз бен алға қойған мақсатымыз болғаннан кейін тәуекелге бел будық. Осы ауылдың әкімі Абзал Ғайноллаұлына да рахмет, көшпес бұрын келіп, ауылдың тыныс-тіршілігімен аз кем таныс болып кеткен болатынбыз. Көшіп келгенімізге екі аптадан аса уақыт өтті, айтылған уәде бойынша газы, суы, жарығымен қамтылған баспанаға қоныстандық. Жуырда интернет желісі де қосылмақ, үйдің алдында жазғы сарайы, құдығы, гаражы, мал қорасы, бар. Әрине, адам тұрмағаннан кейін жөндеу жұмысын қажет ететіні көрініп тұр ғой, дегенмен қол қусырып отырмай, шамамыз келгенше тазалап, жөндеп, әрекет етудеміз. Жинаған қаражатымыз болмаса да тұрмыстық техникалық заттарымызды ретін тауып, сатып алдық. Келгенімізге ешқандай өкінбейміз, жас мамандар мен отбасыларға арналған бағдарламалар бойынша да тиісті көмектерді уақыты келгенде алатынымызға сенімдіміз. Жұбайым ұстаздық еңбек жолын ауылдан бастауды қалады. Жастар тәжірибесі бойынша ауылдық орта мектепке жұмысқа орналасты. Жаңа оқу жылынан бастап тұрақты жұмысқа қабылдайды деген ойдамыз. Балаларымыз да балабақшаға қабылданатын болды. Өзіме де сәуір айынан бастап жұмысқа тұрмақпын. Отбасын құрғалы ата-анамызбен бірге тұрдық, енді бөлек кеткеннен кейін қызығы мен қиындығы болады. Бірақ бәрі жақсы болады деген үміттеміз, - дейді 24 жастағы отағасы Нариман Дәулетияров.
Сөз барысында ауыл әкімі мемлекеттік бағдарламалар аясында тиісті жеңілдіктердің қарастырылатынын, сонымен қатар жергілікті демеушілермен ақылдасып, жас отбасына бірлі жарым ірі қара және ұсақ малмен қамтамасыз ететіндігін айта отырды.
Көкірегінде еңбек жолымды ауылдан бастап, мақсатымызға жетеміз деген асыл арманы бар жігерлі жанұяның батыл қадамына сәттілік.
Зара Жәрдемова,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz