13.12.2025, 16:30
Оқылды: 6

Қалам мен қауым қадірлеген қаламгер

Бүгін аудандық мәдени-демалыс орталығында Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Жаңақала ауданының Құрметті азаматы, жерлес ақын, қаламгер Өмірзақ Тұрақбайұлы Ақбасовтың мерейлі 70 жасына орай «Еліне ардақты азамат» атты кездесу кеші өтті.

image-13-12-25-03-45-4

Ең әуелі жиынға жиналған қонақтарды мәдениет үйінің фойесінде «Ақ босаға» келіндер ансамблі қарсы алып, ақ пен бауырсақ ұсынды. Содан соң ақын шығармашылығына арналған «Өлеңі өмірінің сырласындай» атты аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің дайындаған кітап көрмесі таныстырылып, бір топ мектеп оқушылары ақынның өлеңдерін оқып, қолтаңбасын алды. Кеш сахна төрінде жалғасын тапты. Жаңақаланың төл перзенті Өмірзақ Тұрақбайұлының өмір жолынан бейнеролик көрсетіліп, аудан басшысы Алпамыс Жаңабайұлына сөз кезегі ұсынылды. Қаламымен ел рухын ұштаған арда азамат пен жары Бағила Какимқызы сахна төріне көтеріліп, аудан әкімі атынан алғысхат табыс етіліп, иығына шапан жауып, ат мінгізді.

image-13-12-25-03-45-2
Әрі қарай жиылған жұртшылық жазушының қаламынан туған бір ғұмырлық еңбек пен жүректің жемісін дәріптейтін «Мизам шуағы» атты жыр-кітабының тұсаукесер сәтіне куә болды. Лента қию рәсімі аудан басшысы Алпамыс Көшкінбаев пен «Мәдениет қайраткері», «Ерен еңбегі үшін» медальдарының иегері, «Орал өңірі» газеті мен «Жайық Пресс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде бірнеше жыл қызмет атқарған зейнеткер Есенжол Қыстаубаевқа ұсынылды. Иә, тарихты терең қозғап, шындықты жүрекпен жеткізген ақынның бұл туындысы – ұрпаққа аманат. Жыр-жинақ әлі талай жанның санасына сәуле шашып, рухани азық болары сөзсіз. Есенжол Қыстаубаев ақынға «Жайық Пресс» ЖШС-нің ұжымының «аманатын»ақшалай сыйлық пен құттықтаухатын жеткізді.
Содан соң кеш жүргізушісі Азамат Бақиев мерейтой иесінен ақындық өнері жайлы сұрады. Кейін Бірлік ауылдық мәдениет үйінің қызметкері Нұрдаулет Табылдиевтің орындауында шығармашыл тұлғаның сөзіне жазылған Ерлан Сатыбаевтың «Бірлігім – құтты қонысым» әні шырқалды. Аудандық кітапхана жанынан құрылған «Тыңда жүрек» үйірмесінің оқушылары сөз зергерінің жазбаларынан «Әке» поэзиясын тебіре оқып, көрермен жүрегіне жеткізді.
Әрі қарай, ҚР Жазушылар және Журналисттер одағының мүшесі, мәдениет саласының үздігі Закария Сисенғали бастаған, қаламгермен ақпарат майданында бірге тер төккен, аудандық «Жаңарған өңір» газет-редакциясында редакторлық қызмет еткен әріптестері өткені мен бүгінін еске алып, ақжарма лебіздерін жолдап, құрмет иесіне алғысхат пен сыйлықтарын тарту етті. Кеш қонақтары ақынның журналистика саласындағы еңбектеріне де тоқталып, өңірлік басылымдағы ұзақ жылғы қызметіне ризашылықтарын білдірді. Өмір жолында өзара сыр бөліскен замандас-құрдастары, сыныптастары да сахна төрінен табылып, құттықтау лебізін жеткізді. Сонымен қатар, өзге де себептермен шараға қатыса алмай қалған қонақтарымыз да алғысхаттары мен сыйлықтарын жіберіп, қуанышқа ортақтасқан болатын. Жерлес әнші Ербол Ақбасов жүрекжарды тілегін айтқан соң, әншінің жақында жарық көрген «Қоңырау шалдың ба?» әні көпшіліктің көңілінен шығып, қошеметке ие болды.
Сондай-ақ №3 жалпы орта білім беретін мектебінің Республикалық бірыңғай «Жасұлан» балалар мен жасөспірімдер өзін-өзі басқару ұйымының мүшелері мен «Ақын елдің арқауы – жыры бөлек жауһары» жобасының қатысушылары ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқыды.

image-13-12-25-03-45-1
Рухани әлемді байытқан бұл басқосудың соңғы нүктесін Өмірзақ Тұрақбайұлының өзі қойды:
- Бүгінгі маған көрсетілген құрмет артықтау дегім келеді. Отбасымды асырау жолында еліміздің дамуына азды-көпті үлесіміз болған шығар. Өзімнің қадір тұтатыным – сөз. Ана тілінің қадірін жете сезіндім. Төбем көкке жетіп отыр. Айтылған мадақ сөздерге шексіз ризамын. Бастысы, менің ұрпағым осы күнді көргеніне қуаныштымын. Өйткені, әкелері мен аталарының өз елінде осындай ізгі тұлға болып, құрметке бөленгенін көру – олар үшін бір бақыт деп білемін.
Журналистпін, мен жазушы емеспін,
Адаммын өзім жүрген белестің.
Жазу жаздым, жазу жаздым ерінбей,
Жазбадың деп кінәләмас мені ешкім...
33 жыл еңбек еттім газетте,
Мықтысың деп мақтап мені, мәз етпе.
Ақиқатты жазамын деп айғыртып,
Оқырманнан естігем жоқ аз өпке.
Ауылда өстім, шаң-шаң болып балағым,
Еңбек еттім, керегіне жарадым.
Анау қырда «Ақбасов» боп туып ем,
Өтті өмірім осы аудан жерінде,
Бір төбеңде «Ақбасов» боп қаламын. (өлең жолдары қысқартылған.)
Өлең өлкесінде өзіндік өрнегімен танылып, баспасөз бен әдебиетке қалтқысыз қызмет етіп келген Өмірзақ Ақбасовтың әдеби кеші ел есінде ерекше әсер қалдырды. Кеш өлең мен өмір үндескен, қаламгердің халық алдындағы абыройлы жолының жарқын көрінісі болды. Бір ғана адамның өмірі емес, бүтін бір дәуірдің шежіресіндей қалыптасқан еңбегі мен үлесі үшін алғыс білдіреміз.

Ақерке Мәлікқызы
Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале